Еріктілік – ел үшін адал қызмет

0 52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» атты республикалық волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне қатысты.Мемлекет басшысы волонтерлік жобаларды үйлестіретін әрі қоғамдық мониторинг жасайтын және волонтерлікті бүкіл еліміз бойынша оқытып, насихаттайтын фронт-офистің жұмысымен та­ныс­ты. Сондай-ақ «Qazvolunteеr.kz» онлайн-платформасын көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Волонтер жылында көптеген ауқымды жобалар қолға алынатынын атап өтті.
– Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – көне заманнан келе жатқан дәстүр. Бұл дәстүрді міндетті түрде сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Халқымызда осындай береке-бірлікке шақыратын «Асар» дәстүрі бар. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету, – деді Мемлекет басшысы.
Президент қиын-қыстау уақытта Қазақстанға жер аударылып келген көптеген ұлт өкілдерін қазақ халқы бауырына басып, бір үзім нанымен бөліскенін атап өтті.
– Волонтерлік қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни, волонтерлер өздерінің іс-әрекетімен аса маңыз­ды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы біз озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлік идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал ететін болады, – деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлер алдында сөйлеген сөзінде белсенді ұйымдарды атап өтті. Атап айтқанда, ол қиын тұр­мыс­­­тық жағдайға тап болған адам­дарға көмек қолын созуға дайын мыңдаған белсенділері бар ұлт­тық еріктілер желісінің, «Lider.kz», «Best for kids», елордалық «28 петель» клубы мен «Қамқоршылар клубы­ның» жұмысына жоғары баға берді.
– Қазақстанда волонтерліктің бірте-бірте жалпыұлттық сипатқа  ие болып келе жатқанын көріп отыр­мыз. Бұл үдеріс Волонтер жылында атқарылатын іс-шаралардың арқасында азаматтарымыз­ды одан әрі біріктіре түсетініне сенімдімін. Игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды. Елімізде 200-ден астам волонтерлік ұйым бар. Онда 50 мыңнан астам еріктілер жұмыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарын жаһандық және ай­мақ­тық мәселелерді шешетін халық­аралық волонтерлік бастамаларға белсенді түрде тартуды ұсынды.
– Қазақстан 116 елдің 20 миллионнан астам еріктілерін біріктіретін Дүниежүзілік экологиялық «World Clean up day» науқанына қосылуға дайын. Отандастарымыздың
БҰҰ, ЮНИСЕФ, AIESEC ұйымдарының еріктілік бағдарламаларына және басқа да халықаралық бастамаларға атсалысуы әртүрлі мемлекеттердің тәжірибесімен танысуға және елімізге үздік волонтерлік тәжірибені тартуға мүмкіндік береді, – деді Президент.
– Волонтер жылы кезекті нау­қан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік – ел үшін, қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз қажет. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңыз­ды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Іс-шара соңында Қазақстан Президентіне «Birgemiz: Asyl mura», «Birgemiz: Bilim», «Birgemiz: Saýlyq», «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birgemiz: Taza Álem», «Birgemiz: Úmit» секілді жобалар таныстырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды