Еріктілер ескертіп жүр

0 17

Елордалық жастар тұрғындар арасында коронавирус дерті таралуының алдын алу және сақтық шараларын ескерту мақсатында шара өткізді.

Қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері мен қала әкімдігінің «Астана жастары» КММ және елордалық волонтерлер штабының жастары бірлесіп, Нұр-Сұлтан қаласының Орталық саябағына сенбі күні серуенге шыққан халыққа карантин режимінің сақталуы және қоғамдық орындарда маска тағу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және акцияның маңызын арттыру үшін полиция департаментінің қызметкерлері де жастармен бірге саябақты аралады. Жол бойы акция ұйымдастырушылары маскасы жоқ тұрғындарды көрсе тоқтатып, оларға тегін маска таратты және сақтық нормаларының маңыздылығын сол адамның есіне салды.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы өз Twitter-де: «Қалаларда карантиндік шаралар сақталмайды, бұл жұқтырғандар санының артуына әкеледі. Үкімет, облыстардың, қалалардың әкімдері жағдайды түзетуі тиіс. Көпшілік орындарда, қоғамдық көлікте маскалар кию міндетті болып табылады» деп жазған болатын. Сондықтан акцияның басты мақсаты – адамдарға сақтық шаралары туралы ескертіп, оларды сақтамаса тек өздерінің ғана емес, жақындарының өміріне де қауіп төндіретінін түсіндіру.
«Міне, қазір профилактикалық шара ретінде түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, бірақ айыппұл салып жатқан жоқпыз. Жай ғана ережелерді түсіндірудеміз. Мұндай жұмыстар бізде карантин басталғалы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Себебі карантин жеңілдетілгенмен ол әлі толық алып тасталған жоқ. Бүгін Орталық саябақтағы акцияға 20 шақты волонтер мен 4 полицей қызметкері қатысуда, біз бір-бір тәртіп сақшысын қасымызға алып, төртке бөлініп, демалыс саябағының барлық тұсын аралап шығуға тырысып жатырмыз» дейді қалалық волонтерлер штабының волонтері Анель Мансурова.
«Біразы сақтайды, бірақ көбісі үш адамнан артық топ болып немесе отбасымен жүргенде маска тағу режимін сақтау керектігін ұмытып кетеді. Ал жақындап барып, ескерту жасасаң, дереу қалталарынан маскаларын шығарып тағып жатады. Маска алып шығуды ұмытпағанмен, үнемі тағып жүруді қаламайтындар да көп. Міне, сондай адамдарға маска тағу режимінің маңызын түсіндіріп өтеміз» дейді полиция лейтенанты Алтынбек Рысбеков.
Осыдан кейін акция қатысушылары Ботаникалық баққа барып, дәл осындай жұмыстар жүргізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара еліміздің басқа аймақтарында да қолдау тауып отыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 3 =