ЕРІКТІ ЖАСТАРДЫҢ КӨМЕГІ ЕЛОРДАҒА КЕРЕК

0 115

жастар

Елордада жиі ұйымдастырылатын жаһандық шаралардың абыройлы өтуіне ерікті жастардың да еңбегі үлкен екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 2017 жылы еліміз ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізгелі отыр. Осыған байланысты еріктілер тобын іріктейтін «Команда-2017» жобасы қолға алынды. Мәселенің мән-жайын осы жұмыстың басы-қасында жүрген «Ел қанаты» қоғамдық қорының президенті Жақып Асламбектен білген едік.

– Астана қаласы Жастар ісі жөніндегі басқарманың қолдауымен қолға алынған «Команда-2017» жоба­сы­ның міндет-мақсаты жөнінде айтып берсеңіз?

– Астана – мемлекеттік маңызды шаралар өтетін еліміздің басты шаһары. Сон­дық­тан, елорда ерікті жастар­дың көмегіне көбірек мұқтаж деп ойлаймын. Жаңадан қолға алынып отырған «Команда-2017» жобасы ірі шаралар мен мерекелерді өткізуге ерікті түрде көмекке келетін жас­тар­дың басын қосады. Біз олардың қабілетін әрі қарай ұштап, үл­кен шаралар кезінде адаммен тіл табыса білуге, қажет кезінде дұрыс шешім қабылдай білуге баулитын боламыз. Осыған бай­ла­нысты команданың барлық мүше­ле­рімен арнайы тре­нинг­тер,­ семинарлар өткі­земіз. Осылайша, ЭКСПО кезін­де қонақ­тар­ды қарсы алу, оларға жөн сілтеу сынды ұйым­­дас­­тыру жұмыстарына қабі­­летті жастарды дайындап шығар­мақпыз.

– Сонда «Команда-2017» тобына қабыл­данатын жас­тар­дың бойы­нан қандай қасиет­ті көргілеріңіз келеді?

– Ең бастысы, командаға мүше болғысы келген адам еліне пайдалы болуды бірінші парызы санауы керек. Содан кейін қатысушылардың ашықтығына, адаммен әңгі­ме­лесе алу қабілетіне, тілдерді қаншалықты меңгер­ге­ніне басты назар аударамыз. Біздің жұртшылыққа көрсететін көме­гіміз тегін болғандықтан, еріктілер адами қасиеті жоғары азамат болуы тиіс. Мұндай бастама жастардың әрі қарай тұлға ретінде дамуына, кәсіби азамат ретінде қалыптасуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

– Түсінгенім, бұл жобаға қатысуға кез келген жас өті­ніш білдіре алады ғой?

– Әрине. Біз көшбасшылыққа ұмтылған жастарды ғана емес, қарапайым замандастарымызды да ортамызға тартқымыз келеді. Жастар алдымен өздері оқитын білім ордаларындағы Жастар ісі жөніндегі комитетке хабарласып, солардың іріктеуінен өтуі қажет.

– Енді алғашқы асар­ла­рыңызды неден бастағалы отырсыздар?

– Біз алғашқы көмегімізді Отан үшін от кешкен ата-әже­лерімізге көрсетпекпіз. 9-мамыр – Жеңіс күні қарсаңында «Команда-2017» тобы қарт­тар­дың ауласын, үйін тазалап, қолғабыс жасайтын болады. Сондай-ақ, мейрамға орай георгий лентасын табыстауға арналған акцияға да белсенді атсалысатын боламыз.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × two =