©2020 Астана Ақшамы
ЕРІКТІ ЖАСТАРДЫҢ КӨМЕГІ ЕЛОРДАҒА КЕРЕК
Елордада жиі ұйымдастырылатын жаһандық шаралардың абыройлы өтуіне ерікті жастардың да еңбегі үлкен екенін ешкім жоққа шығара алмайды. 2017 жылы еліміз ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізгелі отыр. Осыған байланысты еріктілер тобын іріктейтін «Команда-2017» жобасы қолға алынды. Мәселенің мән-жайын осы жұмыстың басы-қасында жүрген «Ел қанаты» қоғамдық қорының президенті Жақып Асламбектен білген едік.
– Астана қаласы Жастар ісі жөніндегі басқарманың қолдауымен қолға алынған «Команда-2017» жобасының міндет-мақсаты жөнінде айтып берсеңіз?
– Астана – мемлекеттік маңызды шаралар өтетін еліміздің басты шаһары. Сондықтан, елорда ерікті жастардың көмегіне көбірек мұқтаж деп ойлаймын. Жаңадан қолға алынып отырған «Команда-2017» жобасы ірі шаралар мен мерекелерді өткізуге ерікті түрде көмекке келетін жастардың басын қосады. Біз олардың қабілетін әрі қарай ұштап, үлкен шаралар кезінде адаммен тіл табыса білуге, қажет кезінде дұрыс шешім қабылдай білуге баулитын боламыз. Осыған байланысты команданың барлық мүшелерімен арнайы тренингтер, семинарлар өткіземіз. Осылайша, ЭКСПО кезінде қонақтарды қарсы алу, оларға жөн сілтеу сынды ұйымдастыру жұмыстарына қабілетті жастарды дайындап шығармақпыз.
– Сонда «Команда-2017» тобына қабылданатын жастардың бойынан қандай қасиетті көргілеріңіз келеді?
– Ең бастысы, командаға мүше болғысы келген адам еліне пайдалы болуды бірінші парызы санауы керек. Содан кейін қатысушылардың ашықтығына, адаммен әңгімелесе алу қабілетіне, тілдерді қаншалықты меңгергеніне басты назар аударамыз. Біздің жұртшылыққа көрсететін көмегіміз тегін болғандықтан, еріктілер адами қасиеті жоғары азамат болуы тиіс. Мұндай бастама жастардың әрі қарай тұлға ретінде дамуына, кәсіби азамат ретінде қалыптасуына септігін тигізеді деп ойлаймыз.
– Түсінгенім, бұл жобаға қатысуға кез келген жас өтініш білдіре алады ғой?
– Әрине. Біз көшбасшылыққа ұмтылған жастарды ғана емес, қарапайым замандастарымызды да ортамызға тартқымыз келеді. Жастар алдымен өздері оқитын білім ордаларындағы Жастар ісі жөніндегі комитетке хабарласып, солардың іріктеуінен өтуі қажет.
– Енді алғашқы асарларыңызды неден бастағалы отырсыздар?
– Біз алғашқы көмегімізді Отан үшін от кешкен ата-әжелерімізге көрсетпекпіз. 9-мамыр – Жеңіс күні қарсаңында «Команда-2017» тобы қарттардың ауласын, үйін тазалап, қолғабыс жасайтын болады. Сондай-ақ, мейрамға орай георгий лентасын табыстауға арналған акцияға да белсенді атсалысатын боламыз.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ