ЕРІК ТУРАЛЫ ЕРЕКШЕ ТОЛҒАНЫС

0 298

Ерик

1 қазан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, филология ғылы­мы­ның кандидаты Маржан Ершудың «Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбомының тұсаукесері өтеді.

Қазақстанның Халық әртісі Ерік Құрманғалиев Атырау облы­сының Жылыой ауданында дүниеге келген, сирек кездесетін дауысқа ие, тамаша талант иесі еді. Кезінде ол туралы Н.Дорлиак, А.Лаертский, Д.Бертман сияқты музыка әлеміне кеңінен танымал өнер қайраткерлері: «Оның даусында адамды сиқырлап, баурап алатын табиғат берген айрықша құдірет бар» деп жете бағалаған еді.

Міне, сол көзінің тірісінде талай қиыншылықтарға тап болып, өмірінің соңғы жылдары елден жырақ жалғыздық кешкен қазақ әншісі туралы автор тебіреністі ойларын жинақ етіп жарыққа шығарып отыр.

Фотосуреттермен көркемделген кітап-альбомда әлемдік музыка тарихында аты алтын әріптермен жазылып қалған Ерік Құрманғалиевтің отбасы, ата-анасы, туған жері, өскен ортасы, өнердегі жетістіктері мен өмірдегі  сәтсіздіктері туралы шынайы баяндалады.

«Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс болған Ерік Құрманғалиев – айрықша тағдыр кешкен әнші. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған, оның әншілігіне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы Отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралып кетті, атағы шартарапқа жайылды…

…Еріктің салған әні маған қатты әсер етті. Қайта-қайта тыңдай бердім. Еріктің әнімен таңым атып, күнім батқандай. Ерік тақы­рыбына мен осылай келдім» дейді Маржан ағынан жарылып.

Сағи ОРАЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + five =