Ерік бердім жан сырым жырға тағы

0 76

Қазақ баспасөзі талай таланттың бағын ашып, ақындық-жазушылық талантын қозғап, қоздатып, үлкен жолға салғанының мысалы көп. Бұл тағдыр Есләм Зікібаевтың да басынан өткен. Ол өзі туған өлкедегі облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде қаламын жаттықтырып, қазақ мәдениетінің алтын отауы, асыл ошағы Алматыға, ақындықтың жайлауына омырауын кең ашып жетті. Осы уақыттың ішінде онға жуық өлеңдер кітабы жарық көрді. Есептеп отырсақ, Есләмнің кітапқа жарияланған өлеңдері отыз мың жолдан асады екен.Ал кезінде жергілікті және республикалық газеттер мен журналдарда шыққан өлеңдері бұл есепке кірмейді. Демек, осының өзі қаншама көз майын тауысып, жүйке жұқартқан күлкісіз күндер мен ұйқысыз түндердің жемісі екенін түсіну қиын емес. Оған соңғы төрт-бес жылда мерзімді баспасөзде ғана жарияланып, жинаққа сұранып тұрған он екі мың жолдай өлеңдері мен он бес баспа табақтай очерк-эсселерін қосса, жанкештілікке пара-пар еңбекқорлықты байқаймыз. Осыларды аудара қарап, ақтара шолып шыққанда Есләм – ақын және табиғатынан тума ақын деген бір ғана тұжырымға тірелесің. Оның үстіне кейбіреулердей саусағын сорып отырмай, қара сөзде де, өлең сөзде де төгіліп, егіліп кететін ақын.
Өмірде мезгілсіз кететінін сезгендей, Есләм Зікібаев өзінің артындағы ұрпаққа жай ғана ескерткендей етіп:
Кім оянып, мәңгіге кім жатады,
Тоқтамайды күн шығып, күн батады…
Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын,
Ерік бердім жан сырым жырға тағы, – деп ағынан жарылған адал ақынның осы бір сөздері оның бүкіл шығармасының шынайылығын аңғартып, адамдық пен азаматтық, елдік сезім мен ерлік сенім, даладай кеңдік пен анадай мейірімділік шашады. Бабалардың өсиетіндей даналық жүгін арқалаған, баланың ниетіндей тазалығы мөлдір маржандай ақын деген сөздің бағасы қымбат. Ақын жүрегі – өз дәуірінің дүбірлі оқиғалары бұрқ-сарқ қайнап жататын тайқазан. Былайша айтқанда, заман құбылысы мен қоғам құрылысын саралап отыратын сана сүзгісі. Ақынның қыран жанарынан қалт еткен қимыл, жарқ еткен жаңалық қағыс қалмақ емес.
Өмірінің соңына қарай үлкен толғаныс үстінде қағазға түсірген «Арманым» деп аталатын толғауында қазақтың тегін, өзінің қасиетті ата-бабаларын, халқының аяулы азаматтарын мақтаныш ете отырып, тәуелсіз елдің ұлдарын пенделіктен сақтандырады, бірлікке, татулыққа шақырады.
Шын ақын не айтса да әділін айтып, алдаспандай орып түсуі шарт. Оған жалған айту, жалтақтық пен жағымпаздық атаулы жат. Философтардың қияннан қайырып, көп толғап қисындырар сырын, ой қорытындысын ақын оп-оңай құя салады.
Сөзің бітсе,
Айтатын ойың бітсе,
Жол қысқарып,
баратын тойың бітсе…
Ақынның да өлгені ел көзінде,
Бұқпантайлап дауылда бойын күтсе.
Ақындық өнердің өлшемі осы болса керек. Ой орамына, пікір-пайымына қарай бағалар болсақ, Есләм де ештеңеден тайынбайтын дәл осындай алғыр да арынды, айтқыр да қарымды ақын. Жыр бәйгесі атты ұлы дүбірде тізгінін сүзе тартып, қалың топтың кеуде тұсында келе жатқан жүйріктей оның қара үзіп шығып, көзге ерек түспей жүргені бізде тұлпар таланттардың көптігі ғана емес, барымызды бағалап, жұртқа таныта алмай жүрген әдеби сынымыздың әлсіздігінен. Ақын және жақсы ақын көп те, сыншы жоқ. Бірді-екілі сын сарбазы шыға қалса, «түйенің танығаны – жапырақ» дегендей, танымал тарландардың төңірегінен айналшықтап шықпай қояды. Сондықтан Есләм сияқты сан ақын әділ бағасын ала алмай, өлеңдегі лайықты орнын таба алмай жүр.
Есләмнің шынайы шабытынан туған жырларын оқығанда құлағыңа Есілдің бойындағы ен тоғайдың сыбдыры, қырдан асып, бұрқана тасып жатқан ерке өзеннің гүрілі келгендей, танауыңды, дала гүлі мен таба нанның иісі қытықтағандай, көз алдыңда манар таулардың маңғаз шыңдары манаурап, бұрала билеген бикештей ақбалтыр қайыңдар тұрғандай болады. Ал оның «Боранын» оқысам-ақ Арқаның ақтүтек алақұйын боранның талайын көрген өз басым арқамнан құмырсқа жорғалап өткендей, денем түршігіп, жылы үйде отырып жаурағандай сезінемін. Ақындықтың құдірет күші де осы болса керек. Әлбетте, Арқаның сәні – ақ бораны мен ақ жауыны, сайын белдері мен саумал көлдері ғой. Қазір сол көлдер тартылып, сол белдер тақырланып, тіпті қазақтың қос жанары сынды Арал мен Балқаш сарқылып бара жатқанда ақын жаны шырқырап, шағаладай шаңқылдап шарқ ұрмай қайтпек. Туған табиғаттың тірідей тоналып, кіндік кесіп, кір жуған жерінен жұрт амалсыздан ауа көшіп жатқанда, азаматтық үн көтермей қай ақын отыра алмақ. Есләмнің «Ата жұрттан айрылу қандай қиын…» деген тұралап жатқан туған жердің табиғатын сақтап қалуға шақырып, қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдаған жанайқайын анық естігендей боласың. Кезінде ядролық қаруды ашықтан-ашық сынаған Сарыарқаның сары даласының қазіргі кейпі шынында да жан шошырлық.
Тартылған өзен,
Сағымдай сарқылған көлдер.
Өртеніп отқа,
Жалынға шарпылған белдер.
Суырған құмды аңызақ аңқылдақ желдер,
Әзірейілдей алапат ант ұрған кендер…
Оның қазіргі халықты қарық қыла алмаған нарық заманындағы елдің жай-күйі туралы толғаулары өз алдына бір төбе. Ащы да болса шындықты ашып айтып, қалың бұқара тірелген тығырықтан жұртты қалай аман алып шығу жөнінде жүз ойланып, мың толғанған азамат тағдыры оңай да емес. Дүние атаулының бәрі қымбаттап, оны тірнектеп жинап, тер төгіп жасаған адам арзан тартып, аяқ асты болған кезеңде ашығын айтсаң ағайынға жақпайсың, ақиқатын айтсаң әкімдерге жақпайсың. Қу тіршілік үшін тырбанып басыңды тауға да, тасқа да ұрып жүргенің. Баяғы «бағлан сойып, сары қымызды сапырып, шалқытып, әнді ақ таңды көзбен атырып» жүрген күндер бұл-бұл ұшып, арманға айналды.
Арман ғой шіркін,
Арман ғой бәрі, арман ғой.
Өреміз төмен.
Көрсетіп жүрмін жалған бой.
Жақсылық күтіп
Емексуменен ертеңге,
Жол қарағандай көзіміз ұзақ талған ғой, – дейді ол бертінгі бір өлеңінде.
Есләм Зікібаевтың алғашқы өлең жинағы 1975 жылы «Ақ қайыңдар» деген атпен жарық көрді. Кейін Есләм қаламынан шыққан шығармалар шеруі «Ақ қайнарға», «Ақ айдынға» және «Аққу арманға» ұласты. Ақыры, өзі қайтыс болғаннан кейін «Жыр – тағдырым» деген атпен бұрын жарияланбаған бірталай өлеңдері мен очерктері, естеліктері жарық көрді.
Әбділдә Тәжібаевтың пікірінше, Есләм: «Кейде күтпеген қорытулар айтса, кейде мұңды ойларды юмор, әзілмен жадыратып отырады. Бұл жырлардың ұзына бойында шешендікті, сезімталдықты шебер, келісті ететін жерлер көп. Соның бәрі Есләмнің шабыт, көңіл, арман, үміт туралы жазылған жырлары екендігін, нағыз ақындық өнер деп таныдым». Бұл Есләм Зікібаевтың «Ақ қайнар» деген атпен жарық көрген тағы бір жинағы туралы пікір болатын.
Осындай пікірлер қадау-қадау ғана болса, көңіл аудармай өте бермек едік. Алайда қазақ көркем сөзінің екінші бір талғампаз тарланы, бұл өмірден көргені де, түйгені де көп шын мәніндегі қазақ ақсақалы Әлжаппар Әбішев Есләм ақынның шығармашылығы туралы айтқан аз сөзіне «Азаматтығын ұнатам» деп атамаса. Қашан да жолдастыққа берік, достыққа адал, өлеңде де өтірік сөйлей алмайтын пікірлес жақынына лебіз білдіріп, Есләмнің лирикалық кейіпкері атынан айтылатын мына шумақтарды мысалға келтірген қарт жазушының көкейін түсінуге болады:
Көңілімді сұрайтындар бар,
Сұрамайтындар бар,
Мен өлсем,
Жылайтындар бар, жыламайтындар бар.
Таңданба, өмірдің ол өз қайшылығы,
Маған да ұнайтындар бар,
Ұнамайтындар бар, – деп ұлына қарата өзі айтатындай, өмірдің қым-қиғаштықтарына тура қарайтын ақынның жүрегі адал. «Мықтылары сөз айтса, шыбындап бас изейтін» жалпақшешей-жалтақтығы жоқ, күні үшін көлбектеп-көлгірси алмайтындығы әркімдерге әрқалай көрінгенмен, маған ұнайды. Осы заманда екінің бірі алып жүре алмайтын ауырлық бұл да!». Әлжекеңнің бұл сөздері ақынның азаматтық келбетін аша түсетін сыншыл ағаның сыйластықты пікірі деп түсінеміз.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
Қазақстан Республикасының
еңбек сіңірген қайраткері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 8 =