Ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көп

0 15

Португалияда өткен пара жүзуден Еуропа чемпионатында елорда тұрғыны Сиязбек Далиев алтын медаль алды. Ол баттерфляй стилінде 50 м қашықтықта 35,7 секундта жүзіп шықты. Бұл қуанышты хабарды елорда әкімі Алтай Көлгінов өз Instagram парақшасында жазды.– Әр жеңіс күш-жігерді, тұрақты жаттығуды, дайындықты талап етеді. Спортшыларымыздың ерік-жігері жастарға үлгі болса, олардың жоғары жетістіктері елдің әлемдік аренасындағы беделінің нығаюына септігін тигізіп келеді. Өз тарапымыздан спортпен айналысу үшін әрі қарай қолдау көрсетіп, жағдай жасаймыз, – деп жазды әкім.
Сиязбек – пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2018 жылғы Азия ойындарының пара чемпионы, 2019 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатының финалына шыққан танымал спортшы. Қазір ол жасөспірімдер спорт мектебінде, ерекше қажеттілігі бар спортшыларға арналған спорт мектебінде еңбек етіп, өз тәжірибесімен бөлісіп жүр.
Сонымен қатар елордада оңалту орталықтары желісін кеңейту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен әкім тек өткен жылдың өзінде «Асыл мирас», «Ерекше балалар», «Орда», «Қамқорлық» сияқты ірі оңалту орталықтары ашылғанын жеткізді.
«Қалада халықаралық деңгейдегі мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығы жұмыс істейді. Ерекше қажеттілігі бар тұрғындар үшін ақысыз. Орталықта спорттың 17 түрі бойынша жаттығулар өткізіліп, 3,5 мың адамды басқаруға жағдай жасалды.
Барлық қатардағы ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін спорт кешенін саламыз. Онда келесі пәндерді іске асыруды жоспарлап отырмыз: көру қабілеті бұзылған балаларға арналған футбол, арбадағы баскетбол, арбадағы регби және т. б. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы жылдың бірінші жартысында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашамыз. Сарыарқа ауданында орналасқан бұл нысан 90 орынға есептелген» деп жазды А.Көлгінов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − one =