Ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмек

0 11

Елордада жобаларды талқылауға, түрлі бағыттар бойынша пікір алмасуға және бірлесіп жұмыс атқаруға праймеризге қатысушылар да тартылады.

Жуырда қала басшысы Алтай Көлгінов ерекше қажеттілігі бар тұрғындардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Ардақ Оторбаевты қабылдап, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
«Ерекше қажеттілігі бар тұрғындарымыздың қоғамдық бірлестігін басқаратын Ардақ Оторбаев менің кеңесшім болып тағайындалды. Ардақ ерекше қажеттілігі бар жандардың күнделікті өмірде қандай проблемаларға тап болатынын біледі. Кездесу барысында осы бағытта қандай жұмыстар атқаратынымыз талқыланды: нысандар мен ғимараттарды пандустармен қамту; ерекше қажеттілігі бар тұрғындарымызды медициналық аппараттармен жабдықтау, мәселен есту аппараттары және т.б. Сонымен бірге жұмысқа орналасу, білім алу, оңалту орталықтарының жұмысы сынды мәселелер талқыланды. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға кәсіби медициналық көмек қажет» деп жазды әкім Инстаграмдағы парақшасында.
Қала басшысы биыл оңалту орталықтарының желісін айтарлықтай кеңейгенін жазды. «Тек осы жылы ғана «Ерекше балалар», «Орда», «Мирас» сияқты бірқатар оңалту орталықтары ашылды. Мектептер мен медициналық мекемелер базасында инклюзия және оңалту кабинеттері ашылды. Мұның барлығы ДЦП, аутизм, Даун синдромы және т. б. ауруларға шалдыққан адамдарға медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді» деді А. Көлгінов. Сондай-ақ қалада инватакси саны екі есе артқанына тоқталды. «Ипподром базасында иппотерапиямен айналысу үшін жабық манеждің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Ардақ Оторбаев пен ерекше қажеттілігі бар адамдармен белсенді жұмыс істейтін басқа да бірлестік өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты жалғастырамыз. Оларға өмір сүру үшін кедергісіз орта қалыптастыру Мемлекет басшысының бақылауында» деді әкім.
Алтай Көлгінов бұл кездесулер праймеризде талқыланған бағдарламаларды іске асырудың бастамасы ғана екенін жеткізді. «Елбасы атап өткендей, праймериз – қаланың дамуына және өмір сүру жағдайын жақсартуға өз үлесін қосқысы келетін барлық қазақстандықтар үшін әлеуметтік лифт» деп сөзін түйіндеді қала басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 12 =