Ерекше балаларға – ерекше жабдықтар

0 22

«Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан ­қаласында ерекше балаларды сенсорлық интеграциялауға арналған жабдықтар өндірісі басталады.

Өндірісті қолға алған Kishkentai кәсіпорнының құрылтайшылары биыл 5 миллион теңге грант алды. Бұл қаражат балаларға өз денесін сезінуге, кеңістікте бағдарлауға және үйлестіруді жақсартуға көмектесетін өнімдер түрін кеңейтуге жұмсалады.
«Өнімдеріміз сенсорлық ақпаратты қиын қабылдайтын балаларға арналған. Мысалы, көшеде артта көліктің жүріп келе жатқанын біле аласыз. Бірақ мүмкіндігі шектеулі балада мұндай сезім болмауы мүмкін, өйткені ол ақпаратты қалыпты тәртіппен қабылдамайды. Тиісті жабдықты қолдана отырып сенсорлық интеграция әдісі бойынша жаттығу барлық сезім мүшелері арқылы түсетін сигналдарды реттеуге көмектеседі.Яғни, басты міндет – балаларға барлық сигналдардың дұрыс түсуін қамтамасыз ету, олардың кеңістікті барлап, денесін сезінуіне, тепе-теңдікті сақтауға үйренуі. Салыстырмалы түрде айтқанда, балалар өздерінің дене мүшелерінің қай жерде екенін және осы немесе басқа іс-әрекетке қаншалықты күш салу керегін біле алуы керек. Бала өз денесін сезбесе, бұл оның ақыл-ойы мен эмоционалды дамуына қатты әсер етеді. Ол мазасыздық пен гиперактивтілікті арттырады» дейді Kishkentai компаниясының құрылтайшысы Айгүл Мұстафина.
Сенсорлық гамактар мен шұлықтар, сондай-ақ салмақты жилеттер мен көрпелер балалардың сенсорлық қабылдауын жақсартуға көмектеседі. Кәсіпорын қазірдің өзінде бұл өнімді шығарып жатыр. Бірақ елде басқа өнімдерге деген қажеттілік бар.
«Біз бұл салада екі жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ата-­аналар бізбен байланыса бастады және бізде жоқ балалар сенсорлық жүйесін дамытуға арналған басқа жабдықтар сұрады. Біз нарықты зерттей бастадық, ең жақын өндіріс Ресейде, Украинада және т.с.с. Мұндай жабдықтар республиканың еш жерінде өндірілмейтіндігін және сұраныстың жоғары екендігін ескере отырып, біз өндіріс желісін кеңейту туралы шешім қабылдадық. Осылайша «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы бойынша гранттар конкурсына қатысуға өтініш бердік» деді компания құрылтайшысы.
Гранттың көмегімен кәсіпкер сенсорлық-динамикалық кешендер өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отыр, олар әртүрлі конфигурациядағы әткеншектерден, «құшақтайтын» машиналардан, сенсорлық тректерден, тепе-теңдік тақталарынан тұрады. Сонымен қатар, кәсіпорын мұнымен шектеліп қалмақ емес және жеке тапсырыс­тарды орындауға дайын.
Kishkentai өз өнімдерін еліміздің барлық аймақтарына, түзету орталықтарына да, ерекше балалардың ата-аналарына да жеткізетін болады.
Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Бизнестің жол картасы 2025» байқауының қорытындысы бойынша 57 грант иегері анықталды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + nine =