Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

0 13

Елордада ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған 15 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 10 мыңнан астам бала тіркелген. Ең алдымен, психология­лық-медициналық-педагогикалық кеңестің (ПМПК) ­қорытындысы әр баланы арнаулы ұйымдарға қабылдауға мүмкіндік береді. Қабылдау алдын ала жазылу арқылы ата-­аналар үшін ыңғайлы форматта, яғни тікелей жүгінген кезде, телефон арқылы, сонымен қатар биыл тамыздан бастап «egov.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Қашықтан жұмыс істеу форматы кезеңінде 1767 бала онлайн-тексеруден өтті, оның нәтижелері бойынша әрбір баланың жеке білім беру бағдары әзірленді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері (ППТК) мен оңалту орталықтарына келетін болсақ, бұл ұйым­дар дамуында ауытқуы бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу үшін кешенді қолдау көрсетеді. Қазіргі уақытта 1413 бала психологиялық-педагогикалық көмек алуда. Қашықтан оқытуға көшуге байланысты балаларды түзету-дамыту қызметімен қамту 10% артқаны байқалады.
Сондай-ақ, визуалды және эмоционалды байланыстың болмауынан, аутизм секторы бұзылған балалар мен көру қабілеті бұзылған балалар үшін қашықтан оқыту қиындықтар туғызды. Сол себептен олар штаттық оқытуға ауыстырылып, жеке сабақ кестесі жасалды. Ата-аналарға кеңес беру онлайн-режимде өтеді. Осындай мекемелердің бірі – «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті». Мұнда балалар үш айдан бір жылға дейін тексеріледі. Арнайы комиссиядан өткеннен кейін балалар арнайы мамандарға жіберіледі.
«Әр балаға карточка ашылған, онда барлық көрсеткіштер жазылады. Тез жақсарып кететін балалар бар, бірақ дені көп уақытты қажет етеді. Біздің қызметкерлер арнайы әдістемелерді қолданады» деді дефектолог мұғалім, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» КММ басшысы Бақыт Амрина. Бұдан бөлек, елордада №5 «Асыл Мирас» психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, жаңа 2 мектептің (№8, 89) базасында әрқайсысы 30 орындық инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 14 =