©2020 Астана Ақшамы
Ербол ТІЛЕШОВ, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы – ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары: ОНОМАСТИКАДАҒЫ ӘДІЛЕТСІЗДІКТЕН ҚҰТЫЛДЫҚ
Көше, нысан атаулары көп жағдайда бұрмаланып, «қолынан келген қонышынан баса кететіндер» әлі бары ақиқат. Осы бағытта өршіген шу да көп, дау да көп. Әр өңірдің белсенділері келмеске кеткен жақындары мен жамағайындарының ел білмейтін есімдерін жаңғыртып әлек болатын. Жуырда «Ономастика туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліпті» дегенді құлағымыз шалып, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы, ономастикалық комиссия төрағасының орынбасары Ербол Тілешовті әңгімеге тарттық.
– «Ономастика туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Енді атау берудегі сыпсың, айқай азаятын болар?.. Жаңа заң халыққа қаншалықты тиімді?
– Бұл өзгертулер мен толықтырулар көптен көтеріліп жүрген мәселе еді. Соңғы екі-үш жылдың бедерінде, өзіміз білетіндей, ономастикалық атауларды беруге мораторий жарияланған. Алайда, осы уақытта ұсыныстар өте көп түсті. Өзің айтқандай, халық арасында да әртүрлі пікірлер болды. Соңғы толықтырылған, өзгертілген заң сондағы көп сұрақтарға жауап береді. Біріншіден, бұрынғы заңда қарастырылмаған, кездеспейтін тетіктердің кейбіреулері айқындалды. Мәселен, соңғы кездері «атамның аты – ауылға, көкемнің аты – көшеге» деген принцип артып кеткен еді. Аудан орталықтарында, ауылдық елді мекендерде баласы бастық немесе кәсіпкер азаматтардың бабаларын көшелерге, нысандарға таңуы белең алған. Бірақ, белең алды деп айту да артық, десе де, осы жағдай әр өңірде ұшырасты. Оның жағымды себебі бар: Қазақстан тәуелсіздікке, ата-бабасына тағзым етуге шөлдеп қалған. Немесе әлгі азаматтардың бабалары расында батыр, шешен, ашаршылық жылдарында жетім-жесірлерге көмектескен атымтай жомарт атануы мүмкін. Бірақ, награда алмауы, Қазақ КСР-нің депутаты, обкомның хатшысы болмауы мүмкін. Ал, енді осындай ерлерге нысанның, көшенің атын беру – меніңше, әбестік емес. «Ол Ленин сыйлығын алып па екен, Орталық комитеттің хатшысы болып па екен, атын аспандатып па екен?» деп, кейде ресми кетіп қаламыз.
Бұлай дегенімізбен, жұртына пайдасы тимеген, тіпті, аймағына беймәлім ата-бабасының есімін ала жүгіретіндер де бар. Бұл – енді, әділетсіздік. Міне, осындай әділетсіздіктерге заң тиянақты тосқауыл қояды. Қалай? Бұрын ономастикалық атау берудің сатылы механизмі болмайтын. Мұнда бар. Яғни, аудан аумағындағы атауларды облыс береді. Ал, облыс аумағындағы атау беру мәселесін республикалық ономастикалық комиссия шешеді. Мұның пайдасы – елге белгісіз, еңбегі сіңбеген азаматтардың есімі енді берілмейді.
– Жаңа заңның тағы атап өтерлік қандай тұстары бар?
– Мәселен, енді бір тұлғаның аты мұрнынан тізгендей бір аймақта бірнеше рет қайталана кездесе бермейді. Бір өңірде Абай атындағы нысан үшеуден аспауы қажет. Алайда, осы жерге келгенде, қиындау: Қорғалжында Байтұрсынов атындағы мектеп бар екен, Ерейментауда Байтұрсынов көшесі бар екен, Бурабайда Байтұрсынов көшесі тағы бар екен делік. Енді Байтұрсынов атауы Сандықтауға берілмеу керек екен. Ертең біреу келеді ғой, «Шортандыда жетпіс мың халық бар, неге Байтұрсынов көшесі жоқ» деп. Міне, жаңа заңның өзінің осы тұсын жетілдіре түсу керек. Ол кезең де туады.
– Көрнекі жарнамаларда, ақпараттарда, көше, нысан атауларында қателіктер толастар емес. Заңның соңғы өзгертулері бұған не дейді?
– Алдымен мынаны айтайын: «Ономастика туралы» заңға өте көп ұсыныс түсті. Өйткені, «тілге де әркімнің бар таласы». Тұтынып отырған ортақ тіліміз болған соң. Ал, ономастика – сол тілдегі атау-лар, одан алшақ кете алмайды. Бұл заң Конституцияға сәйкес болғандықтан, қос Палата мақұлдады. Енді Мәдениет министрінің айтуынша, әкімшілік-аумақтық бөлініске өзгеріс енгізіледі, «Тіл туралы» заңға да өзгеріс енгізіледі. Жаңа талап, жаңа заң басқа заңдармен сәйкестендірілуі тиіс. Біз осыны пайдаланып, «Тіл туралы» заңымызды жетілдіріп алсақ, тамаша болар еді. Соңғы заң аясында көп атауларды қате жазудан құтыламыз. Себебі, министрлік құзырлы орындар сарапшыларының қатысуымен елді мекен атауларының тізімін жасауда. Мұны ел Үкіметі бекітетін болады. Ал, кешеге дейін мұндай құжат жоқ болатын да, қателіктер жиі кездесетін. Мәселен, біреу «Қараой» десе, біреу «Қарой» дейді. Біреу «Сарытау» десе, біреу «Сартау» дейді. Мұның қайсысын дұрыс емес дей аламыз? «Қызығы» сол, біз әлі Кеңес өкіметі кезінде бекітілген орфографиялық сөздікпен жүрміз. Енді осыны бекітіп алуымыз керек. Сонда көптеген жөнсіздіктен, қателіктен тағы арылатын едік.
– Тәуелсіздік жылдарында шыққан орфографиялық сөздік бар емес пе?
– Ол – Кеңес заманында бекітілген сөздік. Аз ғана өзгертулер қосылған. Одан талай сөз қолданысқа енгізілген жоқ па?.. Оларды қайда қоямыз?
– Елді мекендер тізілімі дайын болғанымен, қателіктен толық арыла аламыз ба?
– Бұрындары жергілікті атқарушы орган, мәселен, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасы жарнамадан қатені көріп тұрса да, оған тосқауыл қоя алмайтын. Тек кеңес беруші деңгейінде ғана едік. Егер адамгершілігі бар кәсіпкер болса, қатесін түзер, ал, біреу айтады: «Сенің қандай қақың бар? Кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланды ғой. Мен өзім білем» деп. Мәселен, біреу компаниясына «Комек» деп айдар таққан. «Комек» емес «Көмек». Сен қазақсың ғой» деп айта қалсақ, дегенінен қайтпайды. Ақыры, өзінікімен бекітіп әкетті. Өйткені, заң сол жағында. Енді өзгертулер мен толықтырулар енгізілген мына заңда көрнекі құралдарда бірінші рет қате жібергендер он айлық есептік көрсеткіш есебінде, екінші рет қайталағандар жиырма, үшінші мәрте тілді бұзғандар елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлмен жазаланады. Жергілікті уәкілетті органға, яғни, Тілдерді дамыту басқармасына сондай құқық берілді. Осы заң күшіне енген 1 қаңтардан бастап, ономастикалық атау беруге мораторий тоқтатылды.
Заңның тағы бір ашықтығы, көшеге, нысанға атау берілетінінен бұрын алдын ала жергілікті басылымға жарияланады. Мұндай мүмкіндіктердің алдыңғы заңда болмағанын атап айтқым келеді.
Асхат РАЙҚҰЛ