Ербол ҚИЯЛБЕКОВ,Астана қаласы бойынша Салық департаменті Арнайы салықтық режимдер басқармасының бастығы:

0 121

Бүгінде Астана қаласы бойынша Салық департаментінде жоспардан тыс салықтық тексерісжүргізетін мобильді топ құрылған. Арнайы салықтық бақылау тобы сенім телефонына түсіп жатқан салық заңнамаларын бұзу деректерін тексереді. Нәтижесі де жаман емес. Салықтық бақылау жүргізу жұмыстарының тиімділігі жайында Арнайы салықтық тәртіптемелер басқармасының бастығы Ербол Қиялбековпен әңгімелескен едік.

– Ербол Анарабекұлы, мобильді топтың негізгі мақсаты қандай?

– Биыл елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауымен жоғарыда аталған тексерістерді жедел түрде әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында әкімшілік автокөлік бөлінді. Мобильді топтың негізгі мақсаты – тіркелмеген салық төлеушілер мен салық салу объектілерін анықтау. Сонымен бірге бақылау-кассалық аппаратын, лицензия, патент, іс-әрекеттің жекелеген түрлері бойынша тіркеу карточкасының және кәсіпкерлік қызметті жүргізуге қажетті басқа да рұқсат құжаттарының болуын тексеру.

-Осы уақытқа дейін қанша тексеріс жүргізілді. Нәтижесі бар ма?

-Жыл басынан бері мобильді топ 349 тексеріс өткізді. Оның 328-інде тәртіп бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде салық төлеушілер 72 млн. теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке шақырылды. Бір айта кетерлігі, барлық тексерістер «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палата өкілдерінің қатысуымен өтеді.

– Қаламыздың кейбір дүкендері мен қызмет көрсету орындарында чек берілмей жататыны жасырын емес. Бұл мәселе қалай шешімін табады?

– Кейбір жеке кәсіпкерлер салық органдарына есеп берген кезде, табысын «бос», яғни нөлге тең деп көрсетеді. Әйтеуір, осымен салық міндеттемесін орындадық деп санайды. Ал тексеру барысында, кәсіпкердің табыс тауып жатқаны анықталады.
Мүмкіндікті пайдаланып, мұндай бұзушылықты әшкерелеу салық мамандарына қиынға соқпайтындығын түсіндіре отырып, кәсіпкерлерге осындайлармен әуес болмауды ұсынамыз. Себебі, соңында айыппұл мен өсімпұлдың соммасы төленуге тиіс болған салық соммасынан едәуір асып түседі. Бұл кәсіпкер үшін орны толмас шығын болып табылады.

Өзіңіз айтқандай, дәл қазіргі таңда қаламызда чек бермейтін және салық есептілігін нольдік көрсеткішпен тапсыратын кәсіпкерлерді анықтау бағытында жұмыстар басталды. Осы жұмыстың алғашқы нәтижесінде салық заңнамаларын бұзғандар әкімшілік жазаға тартылып, табыстарын 10 млн теңгеден асатын сомма көрсетіп өткен кезеңдерге қосымша салық есептіліктері тапсырылды. Сәйкесінше, салық соммалары өсімпұлмен қоса төленетін болады. Естеріңізге сала кетейін, бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін бұзған кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 208 және 215 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ол бойынша айыппұл 25 пен 15 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Астананың кез-келген тұрғыны салық заңнамасы талаптарын (чек бермеу, тіркелу, бақылау-кассалық машинаның және т.б. болмауы) бұзу жағдайына тап болған кезде салық органына жазбаша түрде немесе сенім телефондарына хабарласа алады.
Астана қ. салық органдарының байланыс мәліметтері:
– Астана қ. бойынша салық департаменті (Астана қ., Республики д-лы, 52), б.т. 77-31-06;
– Алматы ауданы бойынша салық басқармасы (Астана қ., Жұбанов к-сі, 16), б.т. 37-68-03;
– Сарыарқа ауданы бойынша салық басқармасы (Астана қ., Республики д-лы, 52), б.т. 77-31-79;
– Есіл ауданы бойынша салық басқармасы (Астана қ., Тұран к-сі, 19/1), б.т. 67-81-31.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 


Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 6 =