Ер болсаң, Ерландай бол

0 70

Көпшіліктің тәртіп сақшыларының қызметіне қатысты пікірі қақ жарылғанымен, полициясыз қоғамды көзге елес­тету қиын.Әсіресе, Нұр-Сұлтан сынды аумағы, халқының саны сәт санап өсіп келе жатқан мегаполисте «102» нөміріне дамыл болмайтыны анық. Оның үстіне қылмыскерлерді көп жағдайда уақытпен санаспайтынын ескерсек, тәртіп сақшылары да тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн режимімен қызмет жасауы керек-ақ. Шынында барша азаматтың қауіпсіздігі үшін күн сайын басын қатерге тігіп жүргендердің қызметі қандай да болсын құрметке лайықты. Ара-тұра полиция қызметкерлері қызметтік борышын өткеру кезінде жанын пида, басын құрбан еткендердің өнегесі де бұл саланың қоғам өміріндегі маңызынан хабар беріп тұрғандай.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің Сарыарқа аудандық полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқаратын полиция капитаны Ерлан Жаңабаевты әріптестерімен бірге қала тұрғындары да мақтан тұтады. Әсіресе, оған тие­сілі әкімшілік аумақтың тұрғындары Жаңабаевты бір жыл ішінде 3 рет ерлік жасап, талай жанның өміріне араша болғанын мақтанышпен айтып береді.
2020 жылдың ақпан айы. Өз кезекшілігін әдеттегідей аумақты аралаудан бастаған Жаңабаевтың назарына жатақханалардың біріндегі түтін ілікті. Дереу өрт сөндірушілерге хабар берген учаскелік полиция инспекторы уақыт оздырмай жалын шарпыған ғимаратқа қойып кетеді. Өзінің жанқиярлық ерлігінің арқасында Ерлан Жаңабаев 7 адамды өлімнен құтқарып қалады. Бір қызығы, өз әрекетін ерліктен бұрын қызметтік борышы деп қана білген тәртіп сақшысы әлгі оқиға жайында ешкімге айтпаған екен. Тек арада бір күн өткен соң оқыс оқиғадан аман қалғандар өз құтқарушысы жайында айта бастайды. Әріптестері содан кейін ғана барып Жаңабаевтың жасаған азаматтығынан хабардар болған.
Арада бірер айдай уақыт өткен соң, Ерлан тағы да бір жанды өлімнен арашалап алады. Мұнда да жатақханадағы бөлмелердің бірінен өрт шыққан. Тұрғындар жан ұшыра жақын маңдағы учаскелік полиция бөліміне жеткен. Онда кезекшілігін өткеріп отыр­ған Ерлан Жаңабаев мән-жаймен танысқан соң жатақханаға қарай тұра ұмтылады. Құтқарушылармен бірге 4-қабаттағы бөлмелердің бірінде қалып кеткен ер адамды таза ауаға алып шыққан полиция қызметкері оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Дер кезінде көрсетілген көмектен әлгі адам аман қалады. Өрт шыққан жатақханадағы 80 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
Былтыр дәл осындай жатақханалардың біріндегі өрт кезінде 3-қабаттағы пәтерлердің бірінде 2 баланың қамалып қалғаны белгілі болады. Олардың да анасы жанұшыра көмек сұрап, учаскелік полиция пунктіне қайырылған. Бұл жолы да көмекке алғашқылардың бірі болып келген Ерлан Жаңабаев 4-қабаттың терезесі арқылы 3-қабаттағы балалар қалып кеткен пәтерге түсіп, бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалды.
Бұл – Ерланның құқық қорғау органдары сапындағы 18 жылдық қыз­метінде қоғам назарына іліккен ерліктерінің бір парасы ғана. Адам өмірін құтқаруды, оларға көмекке көрсетуді жай ғана қызметтік борыш деп білетін Ерлан Жаңабаев сынды азаматтар – шынында қазақ полициясының жарқын бейнесі. Біз өз тарапымыздан өзгенің бас амандығы үшін, өзінің жанын пида етуге даяр полиция қыз­меткерлерінің көп болуына тілектеспіз!

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × four =