«Ер Баубек – Хан Кененің қолқанаты»

0 13

Жақында редакцияға жасы жетпісті алқымдап қалған бір ақсақал келді. Есімі – Қабиболла Шаяхметов. Кезінде мемлекеттік мекемелерде жауапты қызмет атқарған. Қазір зейнеткер. Ақсақал сөзді көп ұзатпай бірден әңгімеге көшті. Биыл бала жасынан Кенесарыға еріп, ханның қолқанаты болған Баубек батырдың туғанына 200 жыл толады екен. Соған орай ағамыз бір бума қағазды арқалай келіпті. Өзінің де бабасы алдындағы бір арманы бар екенін жасырмады. Бұл дерекке мен де елең ете қалдым. Өйткені елге бара жатқанда, Қимадан әрі асып Жарқайыңға шыққандағы күре жолдың бойында «Баубек батыр кесенесі» деген жазуды үнемі көремін. Бір рет көліктен түсіп, батырдың зираты қай жақта екен деп жан-жағымды шолып қарағанымда биік-биік қырлардан басқа көзіме ешнәрсе шалынбады. Сөйтсем, батыр кесенесі жолдан қиыстау, он шақырымдай жерде екен.
Жә, алдымен Баубек батыр кім, соған тоқталайық.ХАННЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Қазақы шежіреде Баубек батыр арғынның ішіндегі Қарауыл атасынан тарайды. 1820 жылы атамекені Көкше жерінде өмірге келген. Әкесі Бекмырза ауқатты адам болыпты. Бірақ тағдырдың төтеннен соққан дауылы оған оңай тимеді. Тоғыз жасында әке-шешесінен айырылып, жасынан намысқой, жүректі болып өскен өрен Кенесары қол жинап жатыр дегенді естіп соған барып, ханның бәйбішесі Күнімжанның қолында өкіл бала болып ержетеді. Өлкетанушы Тарғын Мақыжан деген кісі өз жазбасында: «Қырғыздың Отыншы деген алып батырын ұстап әкелгені үшін, қол астында жүрген жас жігіттің көзсіз ерлігіне сүйсінген Кенесары хан: «Ат пен жігіттің кішілігі болмайды, бүгіннен бастап атың бала Баубек болсын» деп бауырына басыпты» деген деректі келтіреді. Сонда батыр 16 жаста ғана екен.
Осы оқиғадан кейін батыр ханның сенімді серігіне айналып, әскери кеңесінің мүшесі болады. Бұл жайында тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында атты монографиясында нақты дәлелдер бар. Ғалым сол еңбегінде: «Кенесары шақырған кеңеске әртүрлі рулардың өкілдері: Қыпшақтың Бегімбет руынан – Иман батыр, Арғынның Төлек руынан – Жәуке батыр, Қарауыл руынан – Баубек, Керей руынан – Қошқарбай батыр, Төртқара руынан – Байгелді және Әйгер батырлар, Берді руынан – Сүгірбай батыр келді… Кеңесте Торғай мен Ырғыз ауданын тастап кету туралы шешім қабылданды» деп жазады.
Сондай-ақ жазушы Ілияс Есенберлин «Қаһар» романында Кенесары батырларын көркем сөзбен сомдағанда, Баубек батырдың тұлғасын айшықты бейнелейді.
Баубек батыр Хан Кене басқарған көтерілістің ақырына дейін қатысып, Кекілік-Сеңгір етегіндегі Майтөбе шайқасынан кейін қырғыздың тұтқынына түседі. Батырды тұтқыннан бір қырғыз құтқарады. Оның тарихы былай: ертедегі жаугершілік заманда қазақ пен қырғыз арасындағы барымтада қуғыншылардан қашқан қырғызды батырдың шешесі жасырып, аман алып қалады. Шұға анамыз әлгі жігітке «Өмірің енді гүлдеп келе жатқан бала екенсің, еліңді тауып ал» деп астына ат мінгізіп, жетегіне тағы бір ат байлап қоя береді.
Кейін осы адам қырғыздардың қолына түскен Кенесары батырларының ішінде Шұға ананың баласы Баубектің бар екенін естіп, бір күні батырды күзетіп отырғандарды көндіріп, оны босатып жібереді. Сонда ол батырға: «Анаңның істеген жақсылығына қолымнан келгені осы болды» деп астына ат мінгізіп жіберген.

ШЫНАШАҒЫН ШОРТ КЕСЕДІ

Батыр арып-ашып елге келгеннен кейін, ағайындарының басын қосып, Терісаққанның Есілге құятын сағасынан қоныс алады. Сол жерден үй салып, бейбіт өмір сүруді армандайды. Бірақ «ханға берген антым бар» деп орысқа қызмет етуден бас тартады. Қонысынан маңайына қарашекпенділерді жолатпайды. Батырдың бұл мінезі патшаға қызмет етіп жүрген атқамінерлерге ұнамайды. Әрі патша өкіметінің кешегі Кенесарыны қолдағандарға өшпенділігі өше қоймаған кез. Сол ыза-кектің бәрі жинала келіп, ел арасындағы барымташылыққа батырды кінәлап, ақыры оны тұтқындап, Ресейдің Түмен губерниясының Есіл уезіне 16 жылға жер аударады.
Айдалып бара жатқан жолда батыр қарауылшыдан сұрап алған қанжармен шынашағын шорт кесіп, қалтасындағы таспиғымен қоса қасынан қалмай еріп келе жатқан екі серігінің біріне ұстатып: «Енді маған туған жерімнен топырақ бұйырмас. Мыналарды Кішкене түбекке апарып көміп, балаларым басына бір белгі салсын» деген аманатын айтады. Батырдың бұл аманатын тұңғыш баласы Мағзұм орындайды. Мағзұм кейін әкесінің артынан іздеп барып, мал-мүлкі мен батырдың кіші әйелі Қалиды апарып береді.
Баубек батыр осы Түмен жерінде дүниеден озады. Оны сол жердегі қазақтар Ишим қаласының іргесінде Қызылтау деген қырдың басына жерлейді. Әкесі өмірден өткеннен кейін Мағзұм ата қонысы Бесобаға әкесінің шынашағы мен таспиығын көміп, тастан там көтереді. Бұл зират әлі күнге дейін сақталған.
Жалпы Мағзұм әке даңқына лайық ұл болып өскен. Ұзақ жылдар Бесоба болысын басқарып, елге әділдігімен, қайырымдылығымен аты шыққан. Мешіт салып, дін жолын ұстанады. 1913 жылы 63 жасында қажылыққа аттанып, Меккеде қайтыс болған. Кейін Мағзұмның баласы Құсайын да Бесоба болысында тоғыз жыл билік құрады. Еліміз егемендік алғаннан кейін, дәлірек айтқанда, 1993 жылы батыр ұрпақтары бабасына ас беріп, дулыға тәріздес үлкен кесене көтерді.БАТЫР ҰРПАҒЫНЫҢ АРМАНЫ

2015 жылы Қабиболла ақсақал бастаған батыр ұрпақтары бабасының бейітін іздеп, Түмендегі Ишим қаласына сапар шегеді. Алдымен сол жердегі тұрғындардан мұсылман бейітін сұрастырады. Біреулер оларға «Красногорка» деген жерде мұсылман зираты бар екендігін айтады. Бейітке келсе, қорым шетінде тұрған жалғыз үйді көреді. Бұл Қали қария деген кісінің үйі екен. Кезінде бұл қазақ ауылы болған. Содан бір үй ғана қалыпты. Қария батыр бейі­тінің шырақшысы секілді отырған көрінеді. Сол кісі өткен тарихты біраз баяндайды.
Екі жүз жылға жуық уақыт өткеннен кейін баба басына келіп тұрған ұрпақтары зиратты көріп қатты толқиды. Батыр әруағына құран оқып, ас беріп, белгі қойып, иықтарынан бір ауыр жүк түскендей күйді кешеді. Сол жердегі ағайын­дармен кездесіп, әңгімелеседі. Олар бертінге дейін батырдың басынан шырақ жанып тұрғандығын, ауырған адамдар зиратқа түнеп, сырқаттарынан айыққандығын айтады. Сонда жасы егде тартқан бір әже: «Баубек батыр туралы әке-шешеміз, елдің үлкендері тамсанып айтып отыратын. Әруақты адам болған. Жыл емес, екі ғасыр өткеннен ке­йін аталарыңды іздеп келдіңдер. Қарақтарым, бақытты болыңдар!» деп батасын беріпті.
Баубек батыр осында 1884 жылы дүниеден өткен. Жергілікті ағайындар өзінің айтуымен бір үлкен төбенің басына жерлеген. Кейін ол үлкен қорымға айналған. Бірақ батыр бейіті басқалардан бөлектеніп көрініп тұрады екен. Осы әңгімені әсерлеп жеткізген Қабиболла қарт жанын жегідей жеп жүрген ойымен бөлісті.
– Жақсы ауданындағы Баубек батырдың ауылы бұрын «Қызылту» деп аталды. Енді ол жерде қорым ғана қалды, ел жан-жаққа көшіп кетті. Енді ауылға адамдар қайтадан көшіп барады дей алмаймын. Осы Оңтүстік өңірде батырларды ардақтап, еңселі ескерткіштер қойып жатады. Соларды теледидардан көріп, сүйсініп отырамын. Біздің жақта бұл үрдіс қалыптаса қоймаған. Кенесары ханның батасын алған Баубек батырға осындай бір ескерткіш қойылса деп армандаймын. Ол ескерткіш қаладан емес, батырдың туған жері Қимадан шыға бергендегі Жақсы мен Жарқайыңға бұрылатын үлкен тас жолдың бойындағы қырдың төбесіне орнатылса қандай ғанибет?! Бұл жерде әрі-бері ағылған көлікте тыным жоқ. Сонда бара жатқан жолаушылар ескерткішті көріп, батыр­ды біліп, тәу етер еді. Осы мәселені көтеріп, көп адамдармен ақылдастым. Ақыры, бір жетінің ішінде 509 ел адамы қол қойған хат жазып, Ақмола облысының әкімдігіне жібердім. Облыс шамалы қолдау көрсетсе, өзіміз де аянып қалмас едік. Биыл бабамыздың туғанына 200 жыл толып отыр. Соған бір тамаша тарту болар еді. Қазір батыр ұрпақтарының ішіндегі үлкені – мен. Жасым жетпіске келді, кейін бұл істі қолға алатын адам бола ма, болмай ма, білмеймін. Қазіргі жастардың түсінігі басқа, – дейді Қабиболла ақсақал.

***
Айтпақшы, елорданың іргесіндегі Қосшы ауылынан Баубек батырға көше берілген. Кезінде батыр туралы белгілі журналист, марқұм Ахметжан Байжан ағамыз «Кенесары хан мен Бектауыл Баубек батыр» деген деректі хикаят жазды. Сонда батырдың бейнесі барынша шынайы бедерленген. Айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек батыр­ға арнаған өлеңінде: «Сарыарқа сары дария – жер жәннаты, Ер Баубек – хан Кененің қолқанаты» деп толғапты. Ендеше, қазақтың ұлан-байтақ жерін жаудан қорғап, сол жолда құрбан болған Баубек батырдың ескерткіші орнатылса дейміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды