Эпидемиологиялық ахуал қайта нашарлады

0 50

Елордада коронавирус пандемиясына қатысты эпидемиологиялық жағдай қайта нашарлап кетті. Осы күнге дейін қалада ауру жұқтырған 2951 адам тіркелді. Соңғы үш тәулікте орташа есеппен 150 адам ауру жұқтырғаны анықталса, соның тең жартысы – дерт белгісі жоқ науқастар. Қазір зертхана вирусологтары арасында да жұқтырып алушылар саны артып отыр. Жаңа жұқтырушылар осы қарқынмен көбейе берсе, дәрігерлер мен төсек орындар жеткіліксіздігі мәселесі туындауы мүмкін.

Апта сайын халыққа қаладағы коронавирустық ахуалды баяндап отыратын Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықованың кешегі брифингте берген мәліметтері қуанарлықтай емес.
– 17 маусымдағы жағдай бойынша елорданың ауруханаларында 1711 адам жатыр, бұл төсек орынның 90%-ын құрайды. Олардың 80-і – жан сақтау бөлімінде. Өкпені жасанды желдетуге қосылған пациенттер саны 4 есе өсті. Зертханаларға өте үлкен жүктеме түсуде. Тек симптомдары және нау­қаспен жақын байланысы бар адамдар ғана тест тапсыруы керек. Қажеттілігі болмаса да, дүрбелең орнатып, сау адамдардың жаппай тапсыра беруі тест жетіспеу­шілігіне әкелуі мүмкін, әрі жүктеменің көптігі талдау нәтижелерін жедел өңдеуге кедергі болады. Сондықтан елдің бәріне бірдей тест тапсырудың қажеті жоқ. Бұған дейін 170 мың тест жүргізілді. Қазір қалада 40 мың тест қоры бар. Ол өз уақытында сатып алынып, тағы толықтырылып отырады. Қаладағы 8 зертханада күніне ең көп дегенде 5000 тесттен жүргізілуде. Бүгінде зертханаларда 20-дан астам вирусолог індет жұқтырды. Олар күндіз-түні, тәулік бойы жұмыс істеген. Медицина мамандары да адам баласы, робот емес. Үш айдан бері олар үнемі вирус ошағында қызмет етіп келеді» деді ол.
Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында қауіпті инфекция жұқтырғандарды емдеуге 10 стационар жұмылдырылған. Оларда 3,5 мың дәрігер және 8 мың орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Санитарлық нормалардың сақталмауы салдарынан жаппай індет тараған жағдайда, бәріне дер кезінде көмек көрсетілмейді.
Тек коронавирусқа қатысты соңғы тәуліктегі жедел жәрдем шақыртулары 427-ге жетіп, 8 есе өскен. Халықтың шақыртулары бойынша 110-нан астам жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеді. Жаһандық дертке байланыс­ты қала тұрғындарымен кері байланысты күшейту үшін жедел жәрдем стансасына қосымша байланыс орталығы ашылды.
Басқарма басшысының айтуынша, коронавирусқа шалдығу қаупін күшейтетін пневмониямен жылдың басында орташа есеппен күніне 5 адам дәрігерлерге қаралса, маусым айынан бері ол көрсеткіш күніне 500 адамға жетіпті. Оның ішінде вирусты пневмониямен әрбір екіншісі түседі.
Бүгінге дейін қалалық стационарларда дерт жұқтыр­ған аналардан 17 сәби дүние­ге келді. Дәл қазір елордада коронавирус жұқтырған 112 жүкті әйел бар. Соның ішінде 79 әйел стационарларда жатыр. Осы жылы 12 маусымнан бастап кереует қорын қайта профильдеу бойынша кереует санын 300-ден 705-ке көбейту мүмкін болды. Осыған орай ауру жұқтырған жүкті әйелдерді босандыру үшін бөлек босандыру үйін немесе ковид перинаталды орталығын ашу көзделуде. Сонымен қатар бас әскери госпиталь провизорлық стационар ретінде ашылмақ.
С.Қисықова коронавирус пандемиясына көзқарасты өзгертіп, сақтық шараларын елемеуді тоқтату керектігін ескертті. Себебі әлі күнге елордалық тұрғындар арасында оның қаншалықты қауіпті екенін жете түсінбей жүргендер бар. Италияда емханаларда орын жетпей, науқастарды дәлізде емдеуге тура келгендігін, жасанды өкпе аппараттары мен мамандар жетіспей қалғанын еске салған ол италияндық осы сценарий біздің елімізде де қайталанбасын десек, айтқан сөзге құлақ түру керектігін жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − four =