Еңбектен бақытын тапқан

0 43

«…Қариялар азайып бара жатыр» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, дария көңілді қарияларымыз­дың бірі Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова өмірден өтті, деп хабарлайды Елорда ақпарат.Сағила Абдрахман­қызы 1942 жылдың 20 қарашасында Ақмола облысы Целиноград ауданы бұрынғы Киров атындағы ауылда (қазіргі «Көктал») қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс кезінде өмірге келген барлық балалар сияқты оның да еңбекке ерте араласуына тура келді. 13 жасынан бастап Целиноград ауданы Киров атындағы колхозда жұмыс істеді.
Ал 1957-1977 жылдар аралығында осы шаруа­шылықтың сауын­шысы болды. 1977 жылы зооветеринарлық техникумының мал шаруашылығы бөлімін сырттай аяқ­таған соң Киров атындағы сов­хозда сүтті-тауарлы фермасының бригадирі болып таға­йындалды.
Жұмыс кезінде ірі қара малды будандастыруға ерекше назар аударды. Әр ісіне мығым, жұмысына тиянақты болып, өзінің міндетін адалынан атқаруының арқасында Сағила Абдрахманқызы шаруашылықты одан әрі жандандыра түседі.
Қажырлы еңбегі ақталып, соның нәтижесінде марапаттан да кенде қалмайды. 1981 жылғы 19 ақпанындағы КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының Жарлығымен 1980 жылы социа­листік міндеттемелерін оныншы бес жылдықта жоспарлардан асыра орындау және қол жеткізу сияқты өзінің көрнекті жетістіктері үшін оған «Социалистік Еңбек Ері» атағы Ленин орденімен қоса тапсырылды.
Сондай-ақ Сағила Есенжолова «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, «Қазақ КСР еңбегі сіңген ауыл шаруашылық жұмыскері» атанған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясының XV съездінің делегаты болып сайланған.
Сонымен қатар 2006 жылдың 21 маусымында Ақмола облысы Целиноград ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін және ерекше еңбегі үшін Сағила Абдрахманқызына «Целиноград ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
«Өзім соғыс басталған жылда дүниеге келіп, одан кейінгі кезеңдерде көрген азды-көпті қиыншылықтарымыз бен еткен еңбегімізге қарай, өкімет біздерді соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер қатарына қосты. Ал еңбек жолымызды мал шаруашылығы саласында бастап, осы салада ұзақ жылдар істеп, зейнетке шыққандықтан, айран-сүт мәселесіне қатысты білетініміз аз емес. Ақиқатында да Кеңес заманында құрғақ сүтті тек жануарларға ғана беретінбіз. Әсіресе, бұзау мен шошқаның торайларына үлестірілетін. Өзім осы өңірдегі шаруашылықта ұзақ жылдар тер төктім. Тіпті, сауыншылардан бір тәулік ішін­де 12 тонна сүт қабылдап, оның жартысын қалаға әкеп тапсыратынбыз» деген Сағила Абдрахманқызы көзі тірісінде тілшілерге берген сұхбаттарының бірінде.
Бұрынғы бейнетінің зейнетін көріп, ғибратты ғұмыр кешіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, ұрпақ қызығына кенеліп отырған шағында да Сағила Абдрахманқызы өзі ұзақ жыл еңбек еткен саланың қазіргі өрісіне де бей-жай қарамай, елдегі мал шаруашылығының өсіп-өркендеп, кең қанат жайып дамуына тілектестік білдіріп, сала маман­дарына үнемі ақыл-кеңесін айтып отырушы еді.
«Жалпы, ел экономикасы көрсеткішінің бір қыры өрісте жүрген табын-табын малдарымызға тікелей байланысты екені сөзсіз. Өйткені ебін тапса, сол малымыз мінсең көлік, кисең, киім, жесең ас-ауқат екені бесенеден белгілі.
Әдемі қартая білген Сағила Абдрахманқызы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық шаралардан тыс қалмады. Саналы ғұмырында жинаған мол тәжірибесімен кейінгі буынға үлгі болып, білгенімен бөлісіп отыратын. Ардагерлер ұйымының белсенді мүшесі ретінде ресми жиындарда да үнемі төбе көрсетіп, өзінің пікір-пайымын білдіріп, салмақты әрі салиқалы сөзін жеткізіп жүретін.
Айта кетсек, өткен жылдың қазан айында қарттар күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Социалистік Еңбек Ері» Сағила Есенжолованың үйіне арнайы барып, қазыналы қартты мерекесімен құттықтаған болатын. Қала басшысының сый-құрметіне, жылы лебізіне риясыз ризашылығын білдірген Сағила Абдрахманқызы Алтай Сейдірұлына аналық ақ батасын берген.
«Үйренейік барында құрметтеуді» деп ақын Бауыржан Игілік айтқандай, көзі тірісінде еңбегі еленіп, лайықты құрметке ие болып, халықтың ыстық ықыласына бөленген Социалистік Еңбек Ері Сағила Есенжолова 78 жасқа қараған шағында қасиетті Құрбан айт қарсаңында келместің кемесіне мініп, бақилыққа аттанды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 9 =