Еңбекке жарамды адамдар жұмыспен қамтылады

0 20

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындаудың жаңа форматына қатысты жиын өткізді.– Биылдан бастап АӘК жүйесіне реформа жүргізіліп жатқаны бәрімізге мәлім. Өткен жылдың соңғы тоқсанында АӘК 315 мың отбасыға тағайындалса, 8 қаңтардағы жағдай бойынша 367 мың отбасы әлеуметтік көмектің барлық түрінен игіліктенген. Нақтырақ айтар болсам, көпбалалы отбасылардың әр баласына 10 мың теңгеден қосымша көмек көрсетіледі. АӘК-тің классикалық моделіне қайта оралдық, – деді вице-министр.
Ол АӘК-тің жаңа форматында отбасында жұмысқа жарамды мүшесі бар, бірақ жұмыс істеу­ден бас тартқандарға атаулы әлеуметтік көмек төленбейтінін ерекше атап өтті. «Учаскелік комиссия өтініш берген отбасының жағдайын сапалы түрде зерттеу үшін белгіленген мерзім 7 күнге ұзартылды. «Еңбек» бағдарламасының ауқымы кеңейтілді. Бұл бағдарлама бойынша қазір бүкіл бағытта жұмыс табуға болады. Жұртшылықтың шоғырлануын азайту үшін тиісті жұмыстар атқарылды, үйлерді аралау жұмыстары жүргізілді. Өзге өңірлермен салыстырғанда кезекке тұру проблемасы бас қаламыз­да жоқ. Кезек алфавит тәртібі бойынша жүргізіледі. Кепілді әлеуметтік пакет бойынша уақытында сапалы түрде қамтамасыз етуге арналған арнайы тізім бар» деді вице-министр.
Ерлан Әукенов азаматтарды жұмысқа орналастыру басты мақсаттардың бірі екенін ерекше атап өтті. «Оларға тұрақты түрде жалақы төлеу бойынша «Еңбек» бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұдан бөлек, АӘК-тің жаңа форматын түсіндіру жұмыстары арнайы мамандарға тапсырылды. Сол сияқты 1411 колл-орталығы жұмыс істейді» деді Ерлан Әукенов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды