«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Еңбекақының өскені – әл-ауқаттың өскені

0 171

Кеше «Ақмола вагон жөндеу зауыты» кәсіпорнында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ау­қатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық топтың мүшелері жұмысшылармен кездесті. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов, Астана қаласы стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұловтар сөз сөйлеп, Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Жолдауда жария етілген басымдықтар­дың бірі қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылатынын атап айтты. Осыған орай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының көлемі 28 280 теңгеден 42 426 теңгеге көбейеді. Бюджеттік мекемелер жұмысшыларының еңбекақысы шамамен 35 пайызға өседі, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді» деп түсіндірді басқарма басшысы. Ол сондай-ақ өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру биылғы Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі екеніне тоқталды. «Мемлекет басшысы әр адам үшін жайлылық дегеніміз, ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі екенін айтты. Осы мақсатта ағымдағы жылдың наурыз айында «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама шеңберінде алдағы 5 жылда 100 мыңнан аса азаматтар баспанаға қол жеткізеді. Бүгінге дейін екінші деңгейдегі банк­тер жалпы құны 10,6 млрд теңгені құрайтын несиелерді мақұлдады. Соның нәтижесінде 703 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі» деді Расул Оразғұлов.
Оның айтуынша, бағдарламаны одан әрі қолжетімді ету үшін, халықтың әлеуметтік ахуалы төмен санаттарына алғашқы жарнаға жәрдемақша бөлудің қосымша тетіктері қарастырылып жатыр. Астанада жыл соңына дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 млн теңгеден берілетін 100 сертификатты негізінен, мұғалімдер, дәрігер­лер, полиция қызметкерлері иеле­неді.
Кездесу барысында өңірлік деңгейде бизнес ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөлінетіні тілге тиек етілді. Жалпы алғанда, 2018 жылдың басынан бері елордадағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің саны 9,8 пайызға, 107,4 мың бірлікке ұлғайған. ШОБ субъектілерінен бюджетке түскен салық түсімдерінің көлемі шамамен 321,2 млрд теңгені (барлық салықтар мен төлемдердің 45 пайызы) құраған.
Осы күні елордадағы «Алай» базарында да Жолдаудың бағыттарын түсіндіруге арналған кездесу өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды