Еңбек жолы сын сағатта басталған

0 159

Еңбек жолын былтыр ғана №10 қалалық емханада бастаған дәрігер Назерке Мұратова – коронавирус­пен күресте аса ауыр халдегі науқастарды емдеуге жұмылдырылған жас маман. Шығыстан арман қуып елордаға келген қыздың Астана медицина университетінде 7 жыл оқыған еңбегі босқа кетпеді. Ол елде індет басталғанда өз еркімен қалалық Фтизиопульмонологиялық орталыққа ауысып, 6 наурыздан 24 тамыз­ға дейін – 5,5 ай бойына жағдайы ауыр жандардың жанын сақтап қалу үшін күресті.Жас маман елордада ауыр індетпен алғы шепте күресуге бел шеше кіріскенін алыстағы анасы мен туыстарының уайымдайтындарын біліп, үш айға дейін айтпады. Ал өзі елге вирус инфекциясы жетіп, індет тарағанда еш қорықпастан оқшауланған емдеу орнында жұмыс істеуге бірден келісімін берген. Себебі медицина қызметкерлері қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіліп, орталық ішінде сақтық шаралары толық сақталған еді.
– Мұнда жұмыс істеу оңай болды дей алмаймын. Өйткені біз ауыр және аса ауыр халдегі пациент­терді қабылдадық. Қаншама адам дертті жеңе алмай көз жұмды. 2 айдан кейін интенсивті терапияда жұмыс істей бастадым. Ондағы науқастардың жағдайы өте ауыр болды. Пациент­терде, әсіресе, психологиялық күйзеліс күшті, өліп қаламыз ба деген қорқынышпен бірден байбалам салатындар көп кездесті. Түскен сәтте олардан анализ алып, зертханалық инструменталды зерттеу жүргіздік. Күн сайын симптоматикалық ем тағайындап отырдық. Ауыр халдегі пациенттерде қосымша созылмалы аурулар болды. Оларға вибролангпен массаж жасауға болмайтын еді. Сондықтан науқастарға медбикелерден бөлек, өзіміз де дренажды массаж жасайтынбыз. 90-нан асқан шағында індетке іліккен кейбір ата-әжелердің өзі сауығып кетті. Емделіп шыққанда біздің ­қуанышымызда шек болмайтын, соны зор жетістік санап, төбеміз көкке жеткендей сезімде болдық, – дейді Назерке дәрігер.
Пациенттердің тағы бір қорқынышы – олар оксигенотерапияда жасанды дем алу аппараттарына қосылғандықтан, сол оттегіге тә­уелді болып қаламыз ба деп қауіптенуі еді. Дәрігерлер сондықтан күн сайын оттегі беруді аз-аздан, біртіндеп азайтып отырған. Сөйтіп психологиялық және физикалық тұрғыда олардың жайлап жасанды дем алуға тәуелділік деңгейін төмендеткен.
Жер шарына тосыннан келген қауіпті дертпен күрес дәрігерлер үшін әрі сынақ, әрі зор тәжірибе болды. Себебі өкпесінің басым бөлігі зақымданған науқастарды сондай қиын жағдайдан шығарып алу оңай емес еді. Бірақ бұл ақ халаттылардың қолынан келді. Оның үстіне Назерке сияқты аса ауыр халдегі науқастарды емдеген мамандар пациенттердің қант диабеті, артериалды гипертония сияқты қосалқы ауруларының да асқынбауы үшін бар күшін салды.
– Басында 2 апта тубдиспансерде тұрдық. Қатаң тәртіпті режимде жаттық, тіпті сырттан зат алып беріп жіберу қиын еді. Сосын бізді Hilton қонақүйіне көшірді. Жұмысқа апаратын арнайы автобустар бөлінді. Ол жерде тағы 2 ай тұрдық. Алғашқы карантин алынып тасталған соң Ramada Plaza қонақүйіне орналастырды. Онда 1 ай тұрғаннан кейін пандемия шарықтау шегіне жеткен кезде пациенттер көбейіп кетті. Бұл қонақүйді провизорлық орталық етіп ашты да, біз ҚР ДСМ рұқсатымен үйімізден қатынайтын болдық, – дейді дәрігер.
Қазір барлығымызды коронавирустың екінші толқыны туралы деректер қызықтырады. Сондықтан дәрігермен тілдессек, дереу соны сұраймыз. Емханада жұмыс істеген кездегі өз тәжірибесіне сүйене отырып жас дәрігердің айтқаны, әдетте күзде статистика бойынша балалар арасында тұмау көбейеді. Тұмау кейде пневмонияға ұласып жатады. Сол себепті де індеттің екінші толқыны балаларға қатыс­ты болуы мүмкін деген әзірге болжам ғана. Бұл ретте де дәрігерлер қорқынышқа бой алдырмай, профилактикалық шараларды күшейтуге көңіл бөлу керек дейді.
Назеркенің індетпен күресуіне оның стационарда жұмыс істеу­ге деген қызығушылығы да себеп болған. 5 жыл бакалавриат, 2 жыл интернатурада оқыды. 1 жыл жұмыс істеді. Биыл ол грантпен резидентураға тапсырды. Енді екі жыл оқып, соны бітірген соң болашақта отбасылық медицина бо­йынша стационарда жұмыс істегісі келеді. Сөйтіп мектеп қабырғасында 9-сыныпта жүргенде пайда болған бала арманын толықтай жүзеге асырмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 5 =