ЕҢБЕК САЯСАТЫНЫҢ ЖАҢА ҚЫРЫ

0 71

Бүгінде елорданың еңбек нарығындағы жай-күй тұрақты. 

2013 жылдың бірінші жартыжылдығында қалалық Жұмыспен қамту орталығына 6085 адам хабарласыпты.

Деректерге сенсек, 3447 адам (56,6%) әлеуметтік қорғауға алынған. Оның ішінде 1131 адам жұмысқа орналастырылған; 1408 адам қоғамдық жұмыспен қамтылып, 519 адам кәсіптік даярлаудан өтіпті. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысушы 256 адам әлеуметтік келісімшартқа отырды.

Жыл басынан бері экономиканың түрлі саласынан 9619 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның 6598 -і – шағын бизнес секторында.

Тұрақты өткізіліп тұратын бос орындар жәрмеңкесі жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылады. Жыл басынан бері ондай шара үш мәрте өткізілді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында туризм бойынша өткізілген бос орындар жәрмеңкесіне 700-ге тарта оқу орындарының студенттері мен мектеп түлектері қатысып, жұмыс іздеушілерге мыңнан астам бос жұмыс орындары ұсынылған болатын. Сонымен қатар, жәрмеңке аясында «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесіп, «Дұрыс таңдау жаса» акциясы ұйымдастырылды. Мектеп бітіруші түлектер қаладағы және оқу орындарындағы газдәнекерлеуші, электрик, кран машинисі, токарь, қонақ үй, мейрамхана және туристік қызмет көрсету мамандығына оқытылатыны жөнінде мағлұмат алды. Колледж өкілдері оқу орнының материалдық-техникалық базасын таныстыратын тағандар мен буклеттер дайындады. Теміржол вокзалы ауданында өткізілген жәрмеңке осы төңіректегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды (пәтерді жалға берушілер, такси жүргізушілері, жүк тасушылар және т.б.) жұмысқа тартуды мақсат етті.

Ғаламторда жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында құрылған www.job.astana.kz порталы жұмыс істейді. Енді жұмыс іздестірушілер өз түйіндемелерін жолдай отырып, бос жұмыс орындарымен таныса алады, ал жұмыс берушілер өз кезегінде, қажетті мамандарды табу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, биыл наурыз айынан «Елорданың еңбек нарығы» («Столичная биржа труда») газеті жарық көре бастады. Газет айына бір рет, қазақ және орыс тілдерінде 8 бет болып басылады. Негізгі мақсаты – жұмыссыздардың, оның ішінде жастардың арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, жұмыспен қамту, мамандық алу, уақытша жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде толыққанды ақпаратпен қамтамасыз ету.

Жұмыспен қамту саласындағы атқарылған жұмыстардың көрсеткіштері осындай.

Жұмыссыздық деңгейі
2012 жылы – 5,7%,
2013 жылдың 1 тоқсанында – 5,6%
2013 жылдың 1 тоқсанында елорданың экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 433,9 мың адамды, жұмыспен қамтылған халық саны 409,7 мың адамды, жұмыссыздар саны 24,2 мың адамды құрады.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × one =