Еңбек қауіпсіздігін ескертті

0 114

Кеше Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төраға­лы­ғымен еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздікті сақтау жөнінде жиын өтті.

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнін атап өту елорданың дәстүріне енгенін атап өткен Сергей Хорошун жиынның мақсаты өндіріс орындары мен онда жұмыс істейтін мамандарды еңбек қауіпсіздігін сақтауға шақыру, абайсызда болатын қайғылы жағдайдың алдын алу екендігін жеткізді. Қарапайым қағиданы сақтамаудың өзі кейде қайғылы оқиғаға апарып соғатынын ескерткен ол кейбір деректерді алға тартты.

Былтырғы сараптама бойынша, өндіріс орындарында 143 оқыс оқиға болып, 147 адам жарақат алған екен. Соның салдарынан 20 адам қайтыс болса, 80 жұмысшының денсаулығына ауыр зақым келген. «Еңбек қауіпсіздігін сақтау – бәрімізге ортақ мүдде. Сондықтан, адамдардың өміріне қауіп төндіріп, денсаулығына зиянын тигізетін мәселелердің алдын алу үшін бірлесе жұмыс атқаруымыз керек», – дейді Сергей Хорошун.

Жиында Еңбек инспекциясы басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қайрат Ысқақов елордадағы еңбекті қорғау мәселесінің жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, өндірісте жазатайым жарақаттану оқиғаларының көбі құрылыс нысандарында болады. Бұл жылдың басынан бері өндіріс орындарындағы жарақаттану деректері бойынша мемлекеттік инспекторлар 48 қылмыстық іс қозғаған екен. Ал, биыл бүгінге дейін жұмысшылардың өміріне қауіп төндіру дерегі бойынша 9 құрылыстың жұмысы тоқтатылып, іс бойынша құжаттар сотқа жіберілген.

Жалпы жазатайым жарақаттану оқиғасының әрбір үшіншісі жұмыс беруші тарапының кінәсінен болады екен. Сондықтан жұмыс­шы­лар­дың өмірін сақтау үшін еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлы қараған жұмыс берушілерге қолданылатын жазаларды қатайту, айыппұл көлемін ұлғайту мәселелері жиында сөз болды. Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың біліктілігін көтеру, олардың жұмысын үйлестіру мәселесі де кеңінен айтылды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − thirteen =