ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЕСКЕРІЛУІ КЕРЕК

0 139

Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының еңбек инспекциясы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері елордалық өндірісте 22 жазатайым оқиға болған. Онда 16 адам ауыр жарақат алып, 7 адам қаза тапқан.

Былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде 17 жазатайым оқиға тіркеліпті. Онда 15 кісі жарақаттанып, 4 кісі қайтыс болған. Өндірістік жарақаттардың бірнеше себебі бар. Атап айтсақ, қызметкерлердің жұмысты жүргізудің қауіпсіз тәсілдеріне оқытылмағандығы, бас мердігерлер мен қосалқы ұйымдардың жауапты лауазымды тұлғалары тарапынан бақылаудың болмауы, қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайының қамтамасыз етілмеуі (арнайы киімдерінің жеке және ұжымдық қорғау құралдарының болмауы) жоғарыдағыдай бақытсыздыққа ұшыратады. Сондай-ақ, құзыретті емес ұйымдармен және бригадалармен құрылыс-монтаждау жұмыстарын өндіру, жұмысты орындаған кезде сақтандыру белдігін қолданбау да – жарақат алуға итермелейтін жайттардың бірі.
Қылмыстық кодекстің 156-бабына сәйкес, денсаулыққа зиян келтіруге немесе қызметкердің қайтыс болуына әкеп соққан қауіпсіздік техникасы, өнеркәсіптік санитария қағидаларын немесе еңбекті қорғаудың өзге де қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережесін бұзғаны үшін тиісті жаза көрсетілген. Мәселен, былтыр өндіріске қатысты үш қылмыстық іс аяқталды. Соттың үкімімен кінәлі деп танылған адамдар екі жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + nineteen =