Еңбек қатынастары екшелді

0 83

Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаеваның төрағалық етуімен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Кеңесте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Еркін Рахымбергенов, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева, қалалық Кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев сөз сөйлеп, үш жақты комиссияның жұмыс жоспарларына сәйкес атқарылған іс-шараларға тоқталып өтті.

Елордада еңбекақы төлемеген 1000-нан астам заңды тұлға жауапкершілікке тартылған. Өткен жылы еңбек инспекциясы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау барысында 1219 кәсіпорынға тексеру жүргізіп, 1136 лауазымдық және заңды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке шақырған. Қолданыстағы заңдылыққа бағынбаған 20 кәсіпорынның басшысына айыппұл салынды. Жұмысшылардың жалақысын уақытында бермеген 8 басшыға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл ақпаратты комиссия отырысында департамент директоры Е.Рахымбергенов мәлім етті.

Бүгінгі таңда қаладағы еңбек қатынастарына байланысты барлық мәселені, оның ішінде, әсіресе еңбеккерлерге жалақыларының уақытында берілуін Астана қаласының прокуратурасы мен Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті жіті қадағалауға алып отыр. Мәселен, айтып өтер болсақ, аталмыш мекемелердің қабылдаған шаралары нәтижесінде 3500 жұмысшының жалақылары берілген.

Жалпыға мәнді әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған кеңес отырысын қорытындылаған Аида Балаева қаладағы кәсіпорындарда, шағын бизнестегі еңбек қатынастарында Еңбек кодексі ережелері мен нормаларының орындалуына басты назар аударды.

Жиналыс барысында құрылыс ұйымдарында өндірістік жарақаттану оқиғаларын азайту мақсатында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, ұжымдық шарттар жасасу, кәсіпорындарда еңбекақыны уақытылы төлеу жөнінде жұмыс берушілерге сұрақтар қойылып, орын алған мәселелердің шешу жолдары айқындалды. Сонымен қатар, үшжақты комиссия тараптарының белсенді жұмыс жүргізуі әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу ісінде ілкімді нәтиже беретіні аталып өтілді. Түптеп айтқанда, «жұмыла көтерген жүктің жеңіл» болатыны айтылды.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 1 =