ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДАҒЫ ЕПТIЛIК

0 112

Елордада «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын тиiмдi жүзеге асыру еңбек нарығындағы елдiң белсендiлiгiн арттырды. Халықтың әлеуметтiк проблемаларын шешуге бағытталған арнайы бағдарлама бүгiнде алғашқы нәтижесiн көрсетiп отыр.
Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асуда. Алдымен жұмыссыздар мен табысы аз адамдарды оқыту және оларды жұмысқа орналастыру қарас-тырылған. Кәсiптiк бiлiм беру – осының дәлелi. Бұл бойынша белгiлi мамандығы жоқ 150 адам, жаңа кәсiптi меңгеру үшiн қайта даярлау мақсатында – 163, кәсiби бiлiктiлiгiн жетiлдiру үшiн – 170 қатысушы қамтылады деп болжануда. Ақпарат халыққа таралған күннен берi, бұл бағдарламаның игiлiгiн көру ниетiмен 468 адам хабарласқан. Бүгiнде 416 қатысушының өтiнiшi қабылданды. Ал жыл басынан берi 164 азамат оқуларын бастап та кеттi.
Айта кеткен жөн, «Жастар тәжiрибесiн» ұйымдастыруға республикалық бюджеттен бөлiнген қаржы 300 адамды жұмысқа орналастыруға мүмкiндiк берiп отыр. 48 адам жолдама бойынша тәжiрибеден өтуде.
Жаңадан ашылған әлеуметтiк жұмыс орындарында 85 адам еңбекпен қам-тылса, алдағы уақытта 271 азаматты орналастыру көзделуде. Бұл мәселенi түбегейлi шешу үшiн республикалық бюджеттен ауқымды қаржы бөлiндi. Яғни, жұмыссыздықты ауыздықтаудың түрлi жолдары мен шешiмдерi нақтыланғанын байқауға болады. Ендiгi жерде бағдарламаны iске асыруда жергiлiктi атқарушы органдар, мемлекеттiк кәсiпорындар, үкiметтiк емес ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiн үйлестiре бiлген жөн.
«Осыған байланысты комиссияның бiрнеше отырысы жоспарланды. Оқу орындары жұмыс берушiмен тығыз байланыста болса, жұмысқа орналасу мәселесi оңтайлы шешiмiн табуы мүмкiн. Бағдарламаның қатысушыларын одан әрi жұмысқа тұрғызу мақсатында елордалық жұмыс берушiлермен ниет хаттамаларын жасасу қажет. Өткен жылы дербес есеп карточкасын толтыру, статистикалық есеп нысандарын жасау негiзiнде әлеуметтiк еңбек саласының бiрыңғай ақпараттық «Жұмыспен қамту» iшкi бағдарламасын әзiрлеушiлермен жұмыс жүргiзiлген. Биыл да осы бағыт бойынша жұмыс жалғасатын болады», – дейдi Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаева.
Өткен жылы кәсiптiк оқытуға жiберiлген жұмыссыз азаматтардың басым бөлiгi қаңтар айында оқуын аяқтаған. Оқуын бiтiрген 1848 азаматтың 366-сы жұмысқа орналастырылды. Олар құрылыс, бiлiм беру, денсаулық сақтау, сауда, экономика, қаржы, қызмет көрсету, көлiк және байланыс, коммуналдық шаруашылық салаларында тер төгiп жүр. Ал қалған азаматтар да биылғы бағдарлама шеңберiнде «екi қолға – бiр күрек» тапса, бұл – елдiң әлеуетiн арттырып, экономиканы әртараптандырудағы ұтымды қадамдардың бiрi болатын едi. Әлеуметке әр беретiн бастама тұрақты және нәтижелi жұмыспен қамту арқылы халықтың тұрмыс деңгейi мен табысын одан әрi жақсартатынына сенiм бiлдiрейiк.

Гүлмира Аймағанбет

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − one =