Еңбек идеологиясын насихаттау керек

0 37

Қазір төрт жыл оқыған дипломын сандыққа салып қойып, жанына жақын өзге кәсіпті қысқа мерзімде меңгеріп, нан тауып жүрген жастар көп. Таңнан кешке дейін жұмыстан бас көтермейтін сіз бен бізге қарағанда, кәсіпкерлердің уақыты да, табысы да жетерлік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында кәсіптік білім мен кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыруға басымдық берді. Осыған орай, кәсіби білім беру мәселесі туралы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, Жоғары көлік және коммуникациялар колледжінің директоры Зұлфұхар Ғайыповпен сұхбаттастық.

– Кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптас­тыруға бағыттағанымыз жөн бе?
– Әрине, сұранысқа ие білікті маман дайындау – басты мақсатымыз. Қазір кез келген оқу орнының білім деңгейі түлектерінің жұмысқа орналасуымен өлшенеді. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында кәсіптік-техникалық білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жастарға тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске асырыла бастаған еді. Қазіргі күнде бұл жоба қоғамдағы жастарды еңбекке баулуда. Елордада мемлекеттік және жекеменшік 33 орта білім беретін оқу орны бар. Колледждерде 27 мыңға жуық студент білім алуда. Соның ішінде 14 мыңнан астамы мемлекеттік тапсырыс арқылы оқиды. Жыл сайын біз еңбек нарығына көптеген мамандар дайындап шығарудамыз. Бірақ солардың бәрі нарыққа жарамды ма? Сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыру үшін Білім және ғылым министрлігі оқу орындарын мамандандыру керек деп отыр. Қазір біздің қоғамда «гуманитарлық-техникалық» деген сөзді жамылып жүрген, атына заты сай емес оқу орындары бар. Мамандандырудың басты мақсаты – оқу орындарын не бірыңғай гуманитарлық бағытқа, не техникалық бағытқа көшіру. Мысалы, біздің көлік және коммуникациялар колледжі тек техникалық бағыттағы мамандықтарды оқытады. Мамандандырылған оқу орындарының артықшылықтары көп. Оларға әлеуметтік серіктестермен байланыс орнату, келешекте түлектерін жұмысқа орналас­тыру, кәсіптік бағдар беру мәселелері қиындық тудырмайды. Кезінде Жапонияда білім беру сапасын көтеру үшін не істеу керек деген сұрақ туындаған екен. Сол кезде қоғам сала қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуден бастаған деген бір миф бар. Сол сияқты біздің елімізде де соңғы уақытта білім саласында көптеген жағымды өзгерістер жасалуда. Соның бірі де бірегейі былтыр педагогтардың тамыз конференциясына тарихымызда бірінші рет Президент қатысып, баяндама жасады. Сонда Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысын 25 пайыздан сатылап көтеруді тапсырды. Сонымен қатар «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң да қабылданды. Бұрын білім саласында жаңадан келген жас маманға тәлімгер болу мәселесі көтерілген еді. Көп жағдайда жас мамандар жұмысқа бейімделе алмай кетіп қалатын. Қазір білім беру орындарында жас мамандарға тәлімгерлік, әдістемелік жағынан көмек береміз. Нәтижесінде қазір мектептер мен колледждерде жастардың үлесі көбейіп жатыр.
– Қоғамдағы техникалық мамандықтың көбін өзге ұлт өкілдері меңгерген. Ал біздің қара домалақтар кәсіптік білім алудан неге қашады?
– Дұрыс айтасыз. Біздің жастар барлығына бірден қол жеткізе салсам екен дейді. Еңбектің қадірін түсінбейді. Бұрын біздің кезімізде қалай еді?! Мектепті 25 бала бітірсек, соның 80-90 пайызы техникалық білім алатын. Қазіргі ата-аналар балаларына «Неге заңгер болмайсың, неге милиция болмайсың? Оқуға түсіп ал, сосын бір жерге кірсең аштан өлмейсің» деп тәрбие береді. Өзге елдердің орта білім беретін мекемелерінде техникалық қызметкерлер жоқ. Олардың студенттері еденді өздері жуып, өздері тазалайды. Осылайша балаға кішкентай кезінен бастап еңбектің қадір-қасиетін ұғындырады. Ал біз арасында сенбілік өткізсек, балалар тап-таза болып киініп келіп, шіреніп тұрады. Баланы еңбекке баулу отбасынан басталуы керек. Білген адамға сантехник – жұмысшы мамандықтардың ішіндегі ең элитасы. Өйткені ол далада кірпіш қаламайды, жаңбырдың астында қалмайды. Жып-жылы үйде жұмыс істейді. Енді сол салада қазақтың балалары аз. Бізге еңбек идеологиясын насихаттау керек. Таңнан кешке дейін әртістерді көрсете берудің қажеті жоқ. Бұрын Кәмшат Дөненбаева деген Қостанайда тракторист апамыз, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған қойшы Жазылбек Қуанышбаев атамыз, Алматының бүкіл құрылысында ізі қалған атақты құрылысшы Шопанаевтың бригадасы болды. Сол кезде жастар сол кісілерге қарап бой түзейтін. Себебі еңбек адамдарын мемлекеттік деңгейде жарнамалады. Жастар техникалық мамандыққа келсін десек, сол сала мамандарын насихаттауымыз керек. Ел боламыз десек, жастардың бойындағы еңбекке деген құрметті арттырғанымыз жөн. Нарыққа керек мамандарды дайындауымыз керек. Ол үшін арнайы органдар бірігіп, болашақта қай мамандыққа қажеттілік туатынын анықтаса. Алғаш қар түскенде бәріміз машинамыздың дөңгелегін ауыстыруға барамыз. Сол кезде кілең қара көз кезекте тұрмыз. Жұмыс істеп жүргендер – басқа ұлт өкілдері. Солардың күндік табыстары кейбір кісілердің айлық табысынан жоғары.
– Грант үшін ғана оқитын жастар көбейіп кетті. Орта білім болсын, жоғары білім болсын бітіргеннен кейін мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сол жағы қалай? Техникалық мамандықтарды оқыған студенттеріңізге жұмыс ұсынушылар бар ма?
– Бізде он алты мамандық бар болса, соның алтауын дуаль­дық оқыту жүйесі бойынша әлеуметтік серіктестермен бірігіп оқытудамыз. Осыдан 2 жыл бұрын «Қамқор вагон» «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының құрамдас бөлігі 14 баланы оқытып беріңіздер деп арнайы сұрау салды. Сол студенттердің бәрін 100 пайыз оқыттық. Барлығы жұмысқа орналасты. Дәл сол сияқты басқа да серіктестерімізбен тығыз байланыстамыз. Білікті мамандар ешқашан жұмыссыз қалмайды. Біз оқу жоспарын жасағанда жұмыс беруші тараппен келісе отырып дайындаймыз. Сонда біздің оқу орынды бітіріп барған бала ертең мекемеде тұрған құрал-жабдықтарды қайта барып үйренбейді. Себебі ол оның барлығын практикалық түрде үйреніп, дайын күйде барды. Ал көп оқу орындарындағы оқу жү­йесінің бұлай ұйымдастырылмауына бір ғана кедергі – оқу базасындағы материалдық техниканың ескілігі. Баяғы кеңес заманынан қалған құрал-жабдықтар тұр. 2014 жылы энергияны қайта өңдейтін лаборатория аштық. Енді Ерейментаудағы жел энергиясын шығаратын зауытпен меморандум дайындап жатырмыз. Біздің түлектер болашақта сол зауытта жұмыс істейді деп ойлаймыз. Қазіргі оқу бағдарламасында 60 пайыз – практика, 40 пайыз – теория. Бұрын керісінше еді. Елбасының бастамасымен «Жас маман» жобасы аясында еліміздегі алдыңғы 180 колледждің базасын жақсарту қолға алынған болатын. Біздің колледж осы жобаны ұтып алып, керекті құрал-жабдықтың тізімін министрлікке өткізіп қойдық.
– Кәсіптік білім беруде жаңа технологиялар қаншалықты жиі қолданылуда? Нәтижесі қандай?
– Әрине, жаңашылдық кез келген салада болуы керек. Жаңашылдық болмаса, даму болмайды. Сол себепті кәсіптік-техникалық білім саласы да жаңа өзгерістермен, технологиялармен толығуда. Соның ішінде студенттік мобильділік бойынша біздің оқу орнымыздың жастары бір семестр Санкт-Петербург қаласындағы жол қатынастар университетіне қарасты теміржол техникумында білім алып жүр. Соңғы екі жыл қатарынан 10 студентімізді жібердік. Ол жақтың студенттері де біздің оқу орнымызға келіп оқыды. Оқытушыларымыз да дәл солай тәжірибе алмасты. Сонда бізге сол техникумның басшылары «Сіздердің оқытушыларыңыз бен студенттеріңіздің білім деңгейі өте жоғары екен» деген баға берді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.
– Қазіргі пандемия жағдайында студенттер қалай оқуда? Білім деңгейіне әсер етіп жатқан жоқ па?
– Қашықтан білім беруге көшпес бұрын біз оқу орнымызда арнайы штат құрып, дайындалдық. Оқытушылар мен студенттердің интернет пен техникаға қолжетімділігін тексердік. Ноутбугы мен компьютері жоқ студенттерге қолхатпен колледждікін пайдалануға бердік. Оқу процесі бұрынғыдай сабақ кестесі бойынша уақытылы жүріп жатыр. Қашықтан оқытудың бір артықшылығы студенттер өз бетімен ізденуді үйренсе, ата-аналар жауапкершілікті сезінді. Ал қыркүйек айында болатын практиканы қаңтар айына ауыстырып отырмыз. Жағдай тұрақталып, өнеркәсіп орындары жұмыс істеп жатса, студенттеріміз практикасынан өтеді.
– Еліміздегі орта білім беру орындарының 40 пайызы – жекеменшік. Биыл Білім және ғылым министрлігі мониторинг жүргізу барысында кейбір оқу орындарының лицензияларын қайтарып алды. Білім сапасын қалай жақсартамыз?
– Білім саласында бәсекелестік болса ғана жоғары сапа болады. Оқу орындары лицензиясынан айырылып жатса, оған үш себеп бар. Біріншісі – материалдық базасының аздығы. Екіншісі – сол оқу орындардағы жұмыс істейтін педагогтардың сапалық құрамының төмендігі және оқу орнының бағыты. Мысалы, кейбір техникалық колледждер гуманитарлық бағыттағы мамандықтарды дайындайды. Ал сол мамандарға сәйкесінше өз саласының білікті оқытушылары емес, техник педагогтар сабақ беріп жүруі әбден мүмкін ғой. Сосын техникалық оқу орнына гуманитарлық саланы таңдаған түлектер көп бармайды. Сол себепті мұндай аралас колледждерде топтағы студенттер саны аз. Қазіргі білім беру мекемелері арасында бәсекелестік жоқ десек те болады. Барлығы «Үкімет беру керек» деп отыр. Неге Үкімет оларға бәрін беруі керек? Оқу орындары әлеуметтік серіктестіктерді өздері іздеп тауып, бірігіп жұмыс істеуі тиіс. Мысалы, біздің жатақханамызға әлеуметтік серіктестеріміз «жақсы маман дайындағандарыңыз үшін» деп волейбол ойнайтын алаң жасап берді. Біздің колледжде «Түлектер қауымдастығы» құрылған. Биыл оқу ордамыздың 75 жылдығына орай «Түлектер қауымдастығы» арнайы аудиторияларды жабдықтады. Бәсекеге шыдамаған оқу орындары нарықтан кету керек. Бұл дұрыс.
– Президент Жолдауында кәсіпкерлердің жаңа буынын қалыптастыру туралы айтты. «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінің барлық оқу орындарында оқытылуы дұрыс па?
– «Кәсіпкерлік негіздері» пәні Атамекен КП ұсынысымен барлық оқу орындарына енгізілген. Біздің колледжде де оқытылып жатыр. Мысалы, пандемия салдарынан қаншама өндіріс орындары тоқтап қалды. Осындайда жас маманға кәсіпкерлік негіздері пәні көмектеседі. Жастар мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарға қатысып өз кәсібін аша алады. Менің ойымша, бұл – Үкімет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + thirteen =