ЕҢБЕК БӘРІН ЖЕҢБЕК

0 143

ZAH_9318

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ғимаратының алдында қалалық Еңбек форумы өтті.

Адам еңбегінің беделін арттырып, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға, өндіріс саласына жастарды тартуға және жұмысшы әулетіндегі көп жылдық дәстүрді нығайтуға бағытталған шараға Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар феде­рациясының төрағасы Әбіл­ғазы Құсайынов және қалалық мәслихат депутаттары, атқарушы және өкілетті органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың же­текшілері қатысты.

Форумға қатысушылар Қазақ­станның игілігі үшін табысты еңбек етіп жүрген әрбір елордалықтың азаматтық белсенділік танытып, қоғамдағы келісім мен бейбітшілікті қолдауға үндеді. Сонымен бірге, елорданың барлық мекемелерінде еңбекшілер әулетін, еңбек ардагер­лерін, тәлімгер-жетекшілер мен жас маман қызметкерлерді барынша қолдауға, оларға құрмет көрсетуге шақырды.

– Биыл алғаш рет, 28 қыркүйекте атап өткелі отырған Еңбек күні қарсаңында осындай шаралар әрбір еңбек ұжымында өтуі керек. Ал, еңбек адамы – еліміздің қуатын арттырып, жаңа техника мен технологияны енгізіп, меңгерудің негізгі буыны, азаматтық қоғамды жасаудың белсенді мүшесі болып табылады. Сол себепті барлық құрмет Еңбек адамына арналуы керек, – деді Астана қаласы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев.

Елорда экономикасының сан-саласында еңбек етіп жатқан үздік жұмыскерлерді марапаттаған бұқаралық шара Астана қаласы Көңілді тапқырлар театрының және мемлекеттік филармониясы әншілерінің концерті мен спорттық жарыстарына ұласты.

Айгүл УАЙСОВА

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − fifteen =