Ең үлкен қуаныш – қоныстой

0 82

Қазақстан халқының бірлігі күні Нұр-Сұлтан қаласында 417 отбасы үйлі болды. Жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімі Бақыт Сұлтанов өз қолымен тапсырды. Жұрт көңіліне шуақ, жүрегіне қуат сыйлаған шарада алдымен қала тұрғындарын мереке күнімен құттықтап, пәтер иелеріне құтты болсын айтқан қала басшысы «Бірлік пен берекені ту еткен елімізде әрдайым қуаныш көп болсын. Әр шаңырақтан сәбидің күлкісі үзілмесін» деп ақ тілеуін білдірді.

Нұр-Сұлтан шаһарында қала әкімдігінің тапсырысымен салынған А98 және Е496 көшелерінде көп қабатты тұрғын үй кешендері пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салу» және «Сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамту» жүйесі аясында тұрғызылған бұл тұрғын үй кешендеріндегі әр пәтердің шаршы метрі – 180 мың теңге. Бұл нарықтық бағадан әлдеқайда төмен.
Е496 көшесіндегі тұрғын үй кешенінен берілген 364 пәтердің 182-сі кезекте тұрған көпбалалы аналарға, мемлекеттік қызметкерлер мен бюд­жеттік ұйымдардың қызметкерлеріне бұйырды. Ал А98 көшесіндегі тұр­ғын үй кешенінен берілген 53 үйдің 10-ы көпбалалы аналарға бөлінді.
Әлеуметтік қолдау шаралары туралы тоқталған қала әкімі Б.Сұлтанов биыл жыл соңына де­йін әлеуметтік тұрмыс деңгейі тө­мен отбасыларға 1800-1900 пәтер бөлетінін және кезектің жылдам жылжитынын айтқан еді. Енді, міне, сол жоспардың алды орында­лып, баспанаға мұқтаж жандардың басты мәселесі шешіліп, мереке күні берекеге кенелген жұрт арқа-жарқа қуанып жатыр.
Кілт тапсырудан кейін қала басшысы жаңа тұрғын үйдің ауласында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Айта кетейік, биыл Нұр-Сұлтан қаласында жалпы ауданы 141,8 мың шаршы метрді құрайтын 1,9 мың пәтері бар жеті тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Бүгінгі таңда бас қаламызда 45748 адам үй кезегінде тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − eight =