Ең қорлық – жемқорлық!

0 121

Жемқорлық тақырыбы – қазіргі саяси жүйеде ең қызып тұрған тақырып. Керек десеңіз, билік партиясының беделі мен болашағы оның жемқорлықпен күресінің нәтижесіне тікелей қатысты болмақ.Сонымен бірге елдің экономикалық хал-жағдайының жақсаруы мен жақсармауы да жемқорлықпен байланысты. Өйткені Мемлекет басшысы жүз жерден жақсы экономикалық саясатты алға қойғанмен, оны атқарушы билік түбегейлі атқармай жолда қалдырса, жемқорлар халықтың қанын сүлікше сорып, қазынаны жегі құрттай жеп отырса, онда экономика бәрібір ілгерілемейді. Бұған қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап елім деген азаматтардың бәрінің көзі толық жетіп отыр. Сол үшін осы жемқорлықпен күресті неден бастауымыз керек, жемқорлықпен күресудің қандай жолдары бар деген көкейді күпті қылған сұрауға ел тағдырына елең еткен азаматтың бәрі ой жүгірту қажет деп ойлаймын.
Меніңше, жемқорлықпен күресіп, оны жою үшін алдымен «осы жемқорлықты қандай факторлар тудырып отыр?» деген сұрауға жауап іздеуден бастаған жөн. Сосын барып жемқорлықпен күресуді неден бастау керек екені айқындалып, қалай күресу керектігі немесе күресу жолдары менмұндалап шыға келеді. Жалаң көзге көрінген бірнеше жемқорды ұстап түрмеге тоғытудан жемқорлық тыйылмайды да жойылмайды. Ең жақсы әдіс –жемқорлықты тудырырып отырған себептің тамырына балта шабу. Мен еліміздегі жемқорлықты туындатып отырған басты себептерді мыналар деп қараймын:
Бірінші, жемқорлық – көне кеңестік коммунистік жүйеден қалған мұра. Бұл «мұраны» біз «әшекейлеп» сақтап келе жатырмыз. Олай дейтінім, коммунистік жүйенің басты ерекшелігі – бюрократизм, қағазбастылық, қызметтің жауапкершілігін өз мойнына алмау, басқаның қолымен от көсеу. Мұндай жүйенің ерекшелігі жемқорлықтың қалыпты өмір сүруі мен қаулап өсуіне тұнық су, құнарлы топырақ әзірлеп береді. Сондықтан ең алдымен осы коммунистік жүйеден қалған «мұраның» көзін жою қажет. Яғни біздің жүйедегі бюрократизм, қағазбастылық, жауапсыздық, басқаның қолымен от көсейтін дәстүрді тәуелсіздік ұрпақтарына және де «аманаттап» кетпеуіміз керек. Мемлекеттік қыз­меткердің халыққа қызмет етуші жай тұлға екенін халыққа да, қызметкерге де терең ұғындыру қажет. Мемқызметкердің бюрократтық істеуі, жауапсыздығы, қасақана қағазбастылық тудыруы заңмен шектеліп, оны әрбір адам біліп, өз құқығын өзі қорғай алатын болса, сонда жемқорлық деген «ғимарат» тағанынан айырылады. Тағанынан айырылған «ғимарат» ерте ме, кеш пе құлайды.
Екінші, командалық кадрлық жүйе, біздің мемлекеттік қызметкерлердің өз болашағына сенімсіздік тудырып, оларды жемқорлыққа итермелеп отыр. Қазір біздегі мемқызметкердің көбінің көз алды бұлыңғыр. Олар бейне тұманның ішінде жүргендей. Олар – ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ. Сондықтан олар бүгінгі жұмысының уақыттық екенін, ертеңгі күні және бір жаңа басшы келіп команда ауысқанда аяқ астынан жұмыстан шығып далада қалатынын ет жүрегімен сезінеді. Сол үшін қолда тұрғанда «қыс азығын жаз жиюға» дендеп кіріседі. Кейін жұмыстан шығып қаңғып қалғанда және де екінші жұмысқа орналасуға пара беруге пара алады не болмаса бизнес істеуге капитал топтайды. Олардың көңілінде тек «жеп алам да, не ізімді жасырам, не әрі кеткенде бірнеше жыл түрмеде отырам» деген жемқорлыққа тәуекел ғана бар. Міне, бұл – біздің қазіргі командалық кадрлық жүйеміздің ерекшелігі келтіріп шығарған зардап. Сондықтан осы командалық кадрлық жүйені заң арқылы тура, әділ ретке салу қажет. Мемлекеттік қызметкер тұманның арасында емес, ертеңгі болашағын көре алатын ашық аспанның астында жасаса, мемлекет оларды «қыс азығын жаз жыятын» ойдан түбегейлі арылтса, онда жемқорлық өз қосынынан айырылар еді.
Үшінші, қазіргі мемлекеттік қызметкерлердің айлығы шайлығына жетпеуі де оларды еріксіз жемқорлыққа жетелеп отыр. Мен жеке кәсіпкермін, кейде жұмыс барысымен мемлекеттік қызметкерлермен сырласып, әңгімелесеміз. Сонда олар айлығының аздығын айтып, мұңын шаққанда жаның ашиды. Мұндайда мемлекеттік қызметкер бірдеңе дәметпесе де, ұялғаныңнан шай-шалаң деп қолына ұстатқың келіп кетеді. Бұл – біздің жүйенің нарықтық экономиканың дамуына ілеспеуінің нәтижесі. Мына заманда 100 мың теңгенің ар жақ-бер жағындағы айлықпен отбасын асырау мүмкін бе? Сондықтан мемлекеттік қызметкердің айлығы нарыққа үнемі ілесе өсіп отыруға тиіс. Әр жылы тұтыну индексі қаншалық өссе, мемлекеттік қызметкердің айлығы да сонша өсіп отыруға қажет. Сонда ғана мемқызметкерге ұяты бар, халық үшін істесем дейтін иманды адамдар келеді. Олай болмағанда мұндай қара басын дұрыстап асырай алмайтын орынға ешкім бармайды.
Төртінші, мемлекеттік қызметтің жұмыс тәртібі тұнық мөлдір емес. Оны қарапайым халық тұрмақ, кейде мемқызметкердің өзі де түсінбейді. Мысалы, мемлекеттік қолдау, субсидиялау, тиімді несие беру, тендер, тағы басқалардың жұмыс тәртіптері жай адамдарға мүлдем түсініксіз. Оған қол жеткізу үшін оған арнаулы «мамандық» керек. Мұндай бұлыңғыр дүниенің түбіне жетуге «кәсіби мамандарды» іздейсің, болмағанда бұл жұмыс не аяқсыз қалады, не болмаса уақытың мен қажыр-қайратың осы үшін сарқылып болады. Сонымен жемқорлықтың қорасына еріксіз кіресіз де кетесіз. Мұның нәтижесі, тегінде, сізге тәуелді нанға және біреу немесе бірнешеу келіп ортақтасады. Мұндай түсініксіз жағдайда жемқорлық өз ойын тәртібімен көрнекі, көмескі түрде жүре береді. Сол үшін мемқызмет тәртібі тұнық мөлдір болуы қажет! Сонда ғана халық өз мүддесін қорғап, алдындағы асты оңайшылықта екінші біреуге жегізбейтін болады.
Бесінші, біздегі жемқорлыққа қарсы заңның тежеу қуаты өте әлсіз. Жемқорлығына байланысты «түрменің түбінде шіріді» дегенді өз басым әлі күнге дейін естіген жоқпын. Жемқорлар әрі кетсе бес-алты жыл отырып шыға береді. Сосын жай өз тірлігін әрі қарай жалғап кете береді. Мұндай да жемқор болып ұсталу адамдарды қорқынышқа әкелмейді. «түрмеге отырсам отыра салайын, ақша тапсам болды» деген оймен жей береді. Сол үшін жемқорлыққа қарсы заңды барынша қатайту керек. Мемқызметкерді заңнан сескенетін деңгейге жеткізу қажет.
Алтыншы, біздің қоғамда жемқорлық бір түрлі қоғамдық салт болып қалыптасып қалған. Пара беруден де, алудан да ұялмаймыз. Құр ауызбен айтамыз да қоямыз. Бейне сөзсіз солай болуға тиісті сияқты. Мұның себебі – тәрбиесіздік. «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі», пара беру мен алуды көріп өскен бала болашақта да сол жолмен жүреді. Сол үшін пара беру мен алудың намыс екенін жас ұрпақтың миына құйып отыру қажет. Сонда ғана бұл жемқорлықтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуынан сақтануға болады.
Жетінші, біздің қоғамдағы парақорлар ғана сыбайлас емес, пара берушілер де сыбайлас. Олардың өзара органикалық қатысы бар. Бұл қатынасты қалыптастыруға біздің қабылдаған заңдарымыз берік негіз болып отыр. Парақор параны адамдарды заңмен қорқытып жүріп алады. Заңға қайшылық жасағандарға салынатын айыппұлдардың саны ақылға үйлеспейтін деңгейде. Айыппұлдың саны келіп шыққан зиянға қарай емес, сезімге қарай белгіленген. Сонымен бірге заңда «пара беруші де, алушы да бірдей жазаға тартылады» деп көрсетілуі алушы мен берушіні бір одақ болуға итермелеп, «сен тимесең, мен тимеймін» деп пара алушы берушіге зор сенім білдіретін жағдайды келтіріп шығарып, парақор пара алудан еш жасқанбайды. Екеуара «сауда» жүре береді. «Сауда» қай кезде бұзылады? «Сауда» өзара сенімсіздік қалыптасқан кезде ғана бұзылады. Сол үшін заң жүзінде пара берушінің жауапкершілігі уақытша қаузалмайтын болса, пара алушы берушіге сенімсіздікпен қарайтын болады. Сонымен бұл «сауда» бұрынғыдан қиындай түседі. Атап айтқанда, беруші мен алушының ынтымағын бұзу қажет. Егер біз жоғарыдағы айтылғандарды ескерсек, жемқорлықтың жолы кесілер еді.

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ,
жеке кәсіпкер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 2 =