«Ең қиыны көзсiздiк емес…»

0 107

Дүниеде бiз бiлетiн теңдесiз жарық бар, ол – көз. Ата-ана iзiн жалғастырар ұрпағын «көзiмнiң қарашығы» дейдi. Астарлы сөз. Қарашық тiршiлiк атаулының бәрiн көредi, жан-жағына нұрын шашады. Кейде жарық өшiп, қайта жанғанда, қариялардың көзi ашылғыр деп ақтiлеулi ықылас-пейiл танытатыны сон¬дықтан. Тағдырдың жазуынан немесе қателiктен болған тасқараңғы түнек-жиекте қалған ескексiз қайықты ерiксiз еске түсiредi. Әйтеуiр, қармалап-сипалап, жанталасып ғұмыр кешесiң. Анасы нәрестесiнiң, ал баласы анасының бейнесiн көрмей өмiрден өткендерi қаншама?! Ендеше, сау көзден артық қандай жарық жұлдыз керек тiрi пендеге?
– Көру қабiлетiнен айырылған жетi жасар Шыңғыстың қадамын тұсаулаған дәрiгер, – дейдi анасы Меруерт. – Былтыр Қарағанды¬дағы көзi көрмейтiндерге арналған мектеп-интернатқа баламды оқытуға апарғанмын. Өзiн еркiн ұстай алмайды екен деп, керi қайтарды. Олардың тiзген талаптарының iшiнде шұлығын жуу да атап көрсетiлген. Сонда қалбалақтап жүрген балам бұл мiндеттi қалай орындайды?
Аянышты тағдыр. Бала қамы үшiн Меруерт¬тiң бармаған жерi жоқ. Елордада осындай бал¬ғындарды оқытатын бiлiм ошағы бол¬маған¬дықтан, күрмеулi мәселе өзектi күйiнде қалып отыр. Үкiлi үмiтiн арқалап, Ұлттық ака¬демиялық кiтапхана ұжымы өткiзген семи¬нарға келген жерiнде әлгi сөздi тебiренiспен айтып едi. Жиын соңында мұндағы қызметкер Камалиден Оспанов Брайль ойлап тапқан алты нүктелi әрiптi мүмкiндiгiнше үйретуге уәде еттi. Меруерт сол күнi тор көздiң астындағы ақ қағазға шағын бiзбен алғашқы әрiптi оңнан солға қарай жазып түсiрдi…
Аз сөйлеп, көп тыңдайтын Вероника Нико¬лаевнаның көзi нашар көредi. Сонысына қара¬мастан техника тiлiн жетiк меңгерген. Перне¬тақта¬дағы әрiптердi зағиптарға үйретiп жүр. «Қолы әбден жаттыққасын жазуға машық¬танады» дейдi ол. Әрiптiң орналасу тәртiбiн жаттап алуға тырысып жүрген мүмкiндiгi шек¬теулi жандардың кiтапханаға жиi бас сұға беруге мүмкiндiгi бола бермейдi. Түсiнiктi де. Тiршiлiктiң күйбең тiрлiгiнен тысқары қалуды жөн санамайды. Әлдерi келгенше тырбануда. Ал керiсiнше, денi сау, аяқ-қолы балғадай жап-жас азаматтарымыз күзетшi ретiнде мекеме маңын торуылдаудан әрi аса алмай жүр.
Камалиденнiң айтуынша, 1990-шы жылдарда зағиптарға арналған Алматыда баспахана болған. Ал сонымыз тоқырауда жабылып тынады. Қазiр мүмкiндiгi шектеулi азаматтарға арналған залдың сөресiнен Брайль бедерлi нүктесiмен жазылған қазақ тiлiндегi Абай шы¬ғар¬масын таба алмайсыз. Тек, шағын 38 беттiк М.Мақатаев өлеңi бар. Қалған дүниелер – орыс тiлiнде. Оларға қарағанда Анна Васильевна басқаратын кiтапхананың жөнi бөлектеу. Қазақ тiлiнде Брайль әрпiмен жазылып шыққан 5-6 кiтаптың нобайы бар. Жалпы, бұл жердегi оқыр¬мандар саны – 1215. Соның 204-i – мүлде көрмейтiндер.
– Жасыратыны жоқ, мұнда келетiн бiрдi-екiлi зағип қана қазақ тiлiндегi шығармаларды оқиды. Себебi, ұлт санында болып тұрған жоқ. Кеңестiк жүйеде көзi көрмейтiндер орысша бiлiм алды ғой, – дейдi А.Оверчук мән-жайды түсiндiрiп. Бiлуiмiзше, олар оқыған мектепте қазiр қазақ тiлi пәнi (қалғаны орыс тiлiнде) оқытылады. Соған шүкiршiлiк еттiк.
Әлгiнде бiз азын-аулақ кiтаптың бар екенiн назарға салдық. Бiлгiңiз келсе, ол дүниелердiң аты төмендегiше өрбидi. «Бозiнген» (хайуа¬наттар жайлы қазақ ертегiлерi, Алма-Ата. Типо¬графия ЦП КОС. 1986 г.), «Алтын сақа» (Қазақтың қиял-ғажайып ертегiлерi, 1986 г.), «Ақ дас¬тархан» (национальная кухня казахов, 1989 г.), «Қазақша-орысша сөздiк» (Алма-Ата. Типо¬графия ЦП КОС. 1988 г.), «Батырлар жыры. Көрұғлы» (Алматы, 1990 г.) Жасы сексенге кел¬генше, қиял-ғажайып ертегiлерiн оқып жүре берсiн дегенi ме, уысымыздағыны әбден қожыратып алған екенбiз.
Алты нүктелi Брайль әрпiмен жазылған орыс тiлiндегi кiтаптардың iшiнде Пушкиннен бастап Хемингуэйдi қамтыған бiрнеше авторлардың еңбектерi бар. Осы тiлде мәлiмет мол болғасын сұраныстың артып отырғаны түсiнiктi жәйт. Тағы да мән берiңiз, кiтапханадағы немiстiң «ВАUM» компаниясынан шығарылған заманауи құралға бүгiн жарияланған газетiңдi бүктеп салсаңыз, сiзге қажет болған ақпарды дауыстап оқып бередi. Әрине, орыс тiлiнде. Қазақ тiлiндегi газеттi шатпақтап оқи алмады. Көргенiмiз, көңiлге түйгенiмiз осындай.
Түйiн:
Анна Васильевна журналистер қауымына өкпелi. Бiр жерде төтенше жағдай орын алса, артынып-тартынып жетiп барады дейдi. Ал өткiзген iзгi шараларында тiлшiлер арагiдiк бой көрсеткен. Бiздiң келгенiмiздi пайдаланып, мына мәселенi ортаға салды. Осыдан бес жыл бұрын кiтапхана аумағына жаңа нысанның iргетасы қаланады. Сол сәтте құрылысшылар зағип жандарға арналған жолды (тротуар) iстен шығарған. Қазiр де көлiктер жүретiн жайдақ жолға айналып кетiптi.
Тәуелсiздiк шежiресiн, тарихымызды нүктелi әрiппен (Брайль үлгiсiнде) арнайы кiтап етiп басып шығарып, оқырмандарға тарту етсек артықтық етпес едi. Элен Келлердiң: «Ең қиыны көзсiздiк емес, көретiн адамдардың көрмейтiндерге қарым-қатынасы» дегенiне алып қосарымыз жоқ.

Әмiрхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =