Ең бастысы – жұмыс орындарын сақтау

0 40

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңесте «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қазіргі қызметі, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ кеңестің өткен отырысында берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.Отырысты ашқан Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қоры ел дамуында маңызы рөл атқаратынын атап өтті. «Биыл біз ауыр сынақтарға тап болдық. Коронавирус пандемиясы жаһандық экономикалық дағдарысқа әкеп соқты. Әлемдік экономика мен сауда өсімі тоқтады. Бұл факторлардың барлығы біздің экономикамызға кері әсерін тигізіп отыр. Осы орайда біз қалыптас­қан күрделі ахуалға тез бейімделуге және дағдарысты еңсеруге септігін тигізетін экономиканың негізгі драйверлерін айқындауға тиіспіз» деді Елбасы.
Тұңғыш Президент мемлекеттің экономикалық өсімді қалпына келтіру шараларын дер кезінде қабылдағанына және ма­ңыздылығына тоқталды. «Экономикамызды қалпына келтіруде және әрі қарай дамытуда ұлттық әл-ауқат қоры басты рөл атқарады. Қазақстанның барлық негізгі компаниялары осы қордың құрамына кіреді. Қор компания­ларының жиынтық активтері 28 трлн теңгені құрайды. Бұл – ЖІӨ-нің 40 пайызы. Мұнда 300 мың қызметкер жұмыс істейді» деді ­Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиын барысында ҚР Премьер-министрі А.Маминнің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Есімовтің, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Айдарбаевтың, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы С.Мыңбаевтың баяндамалары тыңдалды.
Елбасы қор компанияларының тиімділігін әрі қарай арттыру үшін нақты шаралар қабылдау­дың маңыздылығын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Елбасы «Самұрық-Қазына» басшылығының дағдарысқа қарсы қабылдаған шараларының нәтижесін атап өтіп, бұл тәжірибені басқа да құрылымдарда қолданудың маңыздылығына тоқталды. «Қабылданған шаралар арқылы қор өндірістік бағыттағы қызметкерлерді жаппай қысқартуға жол берген жоқ. Бұл өте маңызды. Дағдарысқа алғаш тап болып отырған жоқпыз ғой. Бұған дейін 1998 жылғы дағдарысты да, 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарысты да еңсердік. Мен бүкіл компаниялардан жұмыс орнын, адамдарды сақтап қалуды сұрадым. Тіпті қазір ақша төлемесек те, жұмыс орның сақталады десең, осының өзі – үлкен қолдау. Ол қайта оралып, компанияда жұмыс істейтінін біледі. Бұл мысалдар басқаларға да үлгі болуы тиіс. Осы тәсілді барлық жерде қолдану керек» деді Н.Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы қордың кейінгі 2 жылда сыртқы қарыз­дың 8 млрд теңгесін мерзімінен бұрын төлегенін тілге тиек етті. «Соңғы екі жыл көлемінде қор сыртқы қарызының 8 мил­лиард теңгесін мерзімінен бұрын төледі. Бұл валюта бағамының өзгеруіне байланысты жоғалуы мүмкін 1 триллион теңгені үнемдеуге көмектесті. Дағдарысқа қарамастан, жоғарыда аталған шаралар кешені Үкіметке 120 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеуге мүмкіндік берді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 10 есеге көп» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =