©2020 Астана Ақшамы
ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛ БІРЛІГІ
Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың, Ассамблея Төрағасының орынбасары, ҚР Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаковтың, Мәжіліс депутаты, Ассамблея кеңесінің мүшесі Надежда Нестерованың қатысуымен брифинг өтті.
«Өздеріңіз куә болғандай, «Қазақстан-2050: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыппен Қазақстан халқы ассамблеясының XXI сессиясы өтті.
Онда «Бүгінде біздің бірлігіміз – жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы» деп баса айтқан Елбасы қоғамдағы келісім мен бірлікті дамытудың басты бағыттары мен қағидаттарын айқындап берді.
Оның ішіндегі ең негізгісі, этностық, тілдік, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтардың тең құқылығы. Олар экономикамыздың дамуы, халықтың әл-ауқатының жақсаруы үшін ортақ жауапкершілік пен түрлі этнос мүшелерінің индустрияландыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, ғылымға, білім беруге, денсаулық сақтауға, спортқа бір кісідей атсалысатыны айтылды.
Келесі бір маңызды бағыты деп, мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мәртебесін айшықтады. Конфессияаралық тағаттылық мәселелері басымдық берілген бағыттардың бірі болып табылады.
«Ассамблея – бүкіл азаматтардың бүкілхалықтық өкілдері мүдделерінің инновациялық моделі және біздің жас демократияның табысты құралы» деп Елбасы оның ел бірлігін дамытудағы орны жайындағы ойын шегелеп айтып берді. Сонымен қатар, сессия жұмысында орталық органдар мен жергілікті жерлердегі ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы қызметін жүйелендіру мәселесі айтылды. Тағы бір атап өтерлігі – келесі жыл – «Қазақстан халқы ассамблеясы жылы» деп аталып, ҚХА 20 жылдық мерейтойын қарсаңында өтетін айтулы шаралар алдағы уақыта да жалғасын табатынындығы. Бұл – мәні мен маңызы жағынан алғанда үлкен жаңалық. Ел бірлігінен асқан ешқандай құндылық жоқ. Бірлігі бар елдің экономикалық, әлеуметтік мәселелері шешіледі» деді Ералы Тоғжанов.
ҚР Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков Ассамблея төрағасының орынбасары ретінде жоспарланған жұмыстармен таныстырып өтті.
Айгүл УАЙСОВА