Ең бастысы — әлеумет мүддесі

0 92

Алматы ауданының әкімі Сапар Ахметовтың кезекті есепті кездесуі Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында, ақ халатты жандар арасында өтті. Бүгінгі таңда осы ауданның 365 мың тұрғынына 14 аурухана және 7 емхана дәрігерлері медициналық көмек көрсетеді. 

«Біздің мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы. Бұл қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі» делінген Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында. С.Ахметов осы бағытта әлеуметтік деңгейі әртүрлі тұрғындарға көмек пен қолдау көрсету бойынша ұйымдастырылған шараларға тоқталып өтті. Алматы ауданы әкімінің аппараты жанында мүмкіндігі шектеулі балалар, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсететін бөлімшелер құрылған. Олардың басты міндеті – азаматтарға қажетті әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерді көрсету, медициналық кеңес беру және басқа да көмек түрлерін алуға жәрдемдесу.

Саламатты өмір салты да тұрғындар арасында кең насихатталуда. Тұрғындарды түрлі спорт мерекелеріне тартып, жарыстар ұйымдастырылады. Оқушылар арасында жаз мезгілінде жүзуден жарыстар өткізілсе, күн суытып, мұз қатқаннан бастап, қысқы спорт түрінен шаралар өткізіледі. Өткен жылдан бері 150-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, Ақбұлақ өзенінде мұз айдыны ашылып, 4 сырғанақ, 10 конькиді жалға беру және 4 тамақтану пункті тұрақты жұмыс істейді. Бұл мұз айдынында бір мезгілде 5 мыңға жуық адам сырғанай алады. Сонымен қатар, аудан мектептерінің аумағында және «Жерұйық» саябағында мұз айдыны құйылып, коньки жалға беру жұмысы жүйеге қойылған.

Бұл ретте аудандағы ардагерлер де әкімшілік тарапынан көрсетілетін қамқорлықтан шет қалмаған. Аудандағы 180 Ұлы Отан соғысы ардагері, 1715 тыл еңбеккері, 5 соғыс ардагерінің жалғызбасты жұбайлары бар.

Аудан әкімі келесі жылдың басты жоспарларына да тоқталып өтті.

Келесі жылы да ақжолтай жаңалықтар көп болғалы тұр. Бірнеше мектепке дейінгі білім беру мекемесі ашылып, мыңға тарта сәби жаңа балабақшаға баратын болады. Заманауи құралдармен жабдықталған мүмкіндігі шектеулі балалар мен жалғызбасты қарттарға арналған әлеуметтік оңалту орталығы ашылады.

– Ағымдағы жылы тұрғындардың әлеуметтік хал-ахуалдарын арттыру, инфрақұрылым және абаттандыру жүйелерін дамыту, тіршілік салаларының барлығында елордалық жоғары стандарттардың қалыптасуына баса назар аударылатын болады, – деді Сапар Ахметов.
Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты ұжымымен кездесуінен соң аудан әкімі «Қазгородок» тұрғын үй алабы мен Ақжол көшесінің тұрғындары алдында есеп берді.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 2 =