Ең басты құндылық – отбасы

0 104

Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді. Бүгін шаңырақ құрып, ертең ажырасып жатқан жұптарға қарап, отбасылық өмірдің қадір-қасиеті арзандап, тәрбиедегі құндылықтар құлдырып бара ма деп қорқатынымыз рас. Отбасы күні деп арнайы күнтізбеде белгіленуі де сол олқы тұстардың орнын толтырып, тәлім, тәрбие, өнегенің қадір-қасиетін арттырмақ. Осы орайда газет тілшісі мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоғам қайраткері Асылы Осман әңгіме өрбітті.– Алдымен Отбасы күні құтты болсын! Бір күн емес, отбасының берекелі болуына әр күнді арнасақ аздық етпес. Дегенмен отбасы құндылықтары туралы не айтар едіңіз?
– Дүниенің бәрі отбасынан басталады. Қазақ текке айтпаған ғой «Қора толған қой бер, бесік толған бала бер, ол балаға сана бер» деп. Ең бірінші саналы болуымыз керек, сол арқылы кісілік, кішілік қасиеттер келеді. Ал санасыздықтан, сабырсыздықтан, түсіністіктің болмағандығынан қанша отбасы шайқалды. Дана Абай соншалықты айтпап па еді, тазалықты, адамдықты, төзімді болуды. Ондай қасиеттерден адам боп барамыз. Әсіресе, карантин кезінде сорақы жағдайлардың болуы – адами қасиеттердің құлдырауынан. Біз ата-бабаларымыз тірі болуды армандады, тірі болуға атсалысты. Ал сол алыптардың бүгінгі ұрпағы мынадай бейбіт заманда тірі болмақ тұрмақ ірі болуға талпынуымыз керек. Ол үшін әрине, саналы тәрбиені сіңіру – парызымыз. Мен білім әлемдік болу керек, тәрбие ұлттық болу керек деп те мақала жазғанмын. Қазір тәрбие ұлттық болмай тұр. Бұрын үлкеннің алдын кесіп өтпеген, бағалаған, кішісін құрметтеп, қадірлеген. Сол тәрбие болмай тұр ғой. Мен ауылда қазақы тәрбиенің ортасында өсіп, осындай ұлағатты көрдім. Жаңа өзіңнің айтқаның рас, Гүлжан біз бірлік, түсіністік, бір-бірімізді сыйлау дегенді ұқпайынша құндылыққа бойлай алмаймыз. Неге Төле би айтқан «Бірігу – ата-баба өсиеті, ыдырау – заман қасіреті» деп. Кешегі карантин кезінде бір емес жүздеген отбасында бірін-бірі сыйламай, ырың-жырың боп өмір сүруі – түсінігіміздің жоқтығынан, сабырсыздығымыздан. «Ей мынау менің отбасым, ошақ қасым ғой» деп соның амандығын ойлау керек. Сонда ғана елдің амандығын, қоғамның тыныштығын сақтай аламыз. Біз әлі күнге дейін азаматтық қоғамды қалыптастыра алмай отырмыз. Азаматтық қоғам ол – азаматтардың бірлігі. Ал бірлік отбасынан өрбу керек. Аталарымыз бірлік бар жерде тірлік бар екенін дәлелдеп кеткен. Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас атады демей ме? Сондықтан ұлттық тәрбиеде көненің көзі мен өсиетті сөзін ұмытпаған абзал.
– Отбасы саясаты, құндылықтары жөнінде көп айтылып жүр, әсіресе жыл сайынғы Жолдауда осы мәселеге көп көңіл бөлінеді. Дегенмен өз шаңырақтарының шырағын сөндірмеу ер мен әйелдің парызы емес пе?
– Шындығында, әркім өзінің міндетін білу керек. Оттың ошағын, түтінін сөндірмейтін әйел ғой, жаным. Балаға тәрбие беретін, еркекті ер ететін де, жер ететін де әйел ғой. Ал ер адам өзінің ерлік мінезінен ажырамаса дейміз. Сондықтан еркек те сол әйелдің жайын біліп, оны анам, қызым, қарындасым деп сыйлау парыз ғой. Не себептен біз ананы жоғары қойып, тілімізді де ананың тілі деп атадық? Сондықтан ана өзінің миссиясын білу керек те, ал азамттар әйелі болса да, оны ана деп қадірлеп, қастерлеу керек. Ал қазір бәрі билік жасағысы келеді. Әйел өзін би санайды, еркек өзін қожа санайды. Жоқ, жандарым олай болмайды ғой. Келісіп пішкен тон келте болмайды емес пе? Жеміс ағашы неғұрлым жемісі көп болса, соғұрлым басын төмен иеді. Міне, сенің жағдайың қандай болса да, сыйластық деген нәзік жіптен аттамау керек. Неге ерлі-зайыптылар жап-жақсы қосылғаннан кейін, бірі әрі, бірі кері тартады? Бұл жерде отбасына үлкендердің өнегесі керек-ақ. Саясат дегеніміз – осы. Құндылық деген – ол тәрбие. Ізгі жолмен, ұлттық дәстүрмен сіңірілген тәрбие. Ең жақсы нәрсе кеңдік, ұқсастық, үйлесімділік, бір-біріне үйлесе білу керек. Елбасы Жолдауында осы құндылықтарға мән берді. Әркім табиғаттың заңына бағынғаны дұрыс. Алла әр пендеге өз міндетін жүктеді ғой.
– Асылы апай, отбасылық, туысқандық қарым-қатынас өте нәзік дүние. Елбасының Отбасы күнін белгілеуі де тегін емес қой?
– Әрбір отбасындағы тұрақтылық тыныштық қоғамның да гүлденуіне, рухани өркендеуіне ұласады. Ынтымақ болған жерде бірлік болады. Әрбір істі жүректің тазалығымен істей білген жөн. Мына ел менің елім, менің жерім, менің отаным, отбасым деп таза жүрекпен сүйгенде ғана нәтиже болады. Отан отбасынан басталады деген көп айтылса да, көңілге қонақтайтын сөз. Айналып келгенде, бәріміз бірлікті, берекені сақтауға атсалыссақ, қоғам сау болары сөзсіз. Мысалы, қазақтың атына кір келсе, бәрімізге кір келеді. Мен мақтанышпен айтамын, арамдықтан ада, қиянаттан шет, тумысынан таза, қаны да, жаны да таза, жеті атасын білетін, алысты жақындатып, жатты туыс қылатын қазақ елі деп. Міне, осындай ұлттың бойындағы адами қасиеттер жоғалмаса, онда шаңырақ шайқалмайды, отбасының бірлігі берік болады. Мен Елбасының Отбасы күні деп белгілегенін де қолдаймын, қазіргі президенттің халық үнін тыңдайтын мемлекет дегенін де қолдаймын. Осыларды қолдай отырып, ұлттық тәрбиені басты орынға қоямын. Өйткені ұлттық тәрбие – ұлттық құндылықтарды қалыптастырады. Ал ол қасиеттер, әрине, отбасында, әке мен ананың тәрбиесімен беріледі. Тәрбие тал бесіктен басталады, осыған келгенде аналардың рөлі, аналарға артылар жүк мол. Ерлер далада қалсын деп жатқан жоқпын. Әкенің де орны зор. Отбасы – әке, ана, бала деген үштағанның бірлігі. Еліміз аман, отбасымыз тыныш, бақты-берекелі болсын!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 3 =