©2020 Астана Ақшамы
Ең басты өлшем – сапа
Висенте Гонсалес Лоссерталес, Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы
Кеше елімізге Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес ресми сапарымен келді. Мақсат – Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру бойынша тіркеу құжаттамасын әзірлеу және көрменің тіркеу үрдісі мәселелерін талқылау. Осыған орай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов пен Висенте Лоссерталес Риксос қонақ үйінде баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында мәртебелі мейман журналистердің сұрағына жауап берді.
– Қазақстандық тарап тіркеу құжаттамасын, жобаның әрбір саласын: құрылыс, тақырып, жарнама, қаланың инфрақұрылымын дамыту, қаржыландыру, инвестициялар мен көрме нысандарын көрмеден кейін пайдалану және тағы басқа мәселелер бойынша бағдарламалар мен стратегиялары көрсетілген құжат әзірлеуі керек. Мемлекеттік корпорация, Ұйымдастыру комитетін және басқа да құрылымдар құру сияқты қабылданған шаралар саяси бақылауға бағытталып отыр және олар ХКБ ұйымының ережесіне және көрмені өткізу тәжірибесіне сай келеді. Одан кейін, бірінші кезекте, көрмені өткізудің барлық аспектілерін зерделеу керек.
– Қазақстанның көрмеге ұсынған тақырыбының ерекшелігі неде?
– Қазақстан көрмеге жаңа рух береді. EXPO табиғи ресурстарға бай жас елдің даму жолын көрсете отырып, өзге елдер алдында жауапкершілік жүктейді. Таңдалған тақырып мемлекттің жасыл экономиканы құруға деген талпынысын, өзге елдермен аталмыш салада ой алмасуға деген ынтасын көрсетеді. Бұл Қазақстанның өзіндік ерекшелігі. Президент Н.Назарбаев ұсынған тың бастамаларды қызу қолдаймын. Мен «Қазақстан-2050» стратегиясымен таныстым. Онда ЭКСПО көрмесі мен басқа да халықаралық шараларды елді өркендету мақсатында қолдану мүмкіндіктері жазылған. Меніңше, елдің даму бағыты дұрыс жолға қойылған.
– Көрмені ұйымдастырудың алғашқы қадамы неден басталмақ?
– ХКБ 2014 жылдың соңында «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушы елдермен алғашқы техникалық кездесу өткізбек. Қазақстан тарабы көрме өткізуге қатысты жайттардың барлығын егжей-тегжейлі әзірлегеннен кейін әртүрлі елдердің жеке сектор өкілдерін кездесуге шақыруға мүмкіндік болады. Олар ЭКСПО көрмесін өткізуге көмектеседі. Ол үшін Қазақстан көрмені өткізудің жоспары бүге-шігесінен дейін түзілген тіркеу құжатын ХКБ-ға жіберу тиіс. Тіркеу кезеңі өткеннен кейін, біз келесі жылдан бастап-ақ түрлі елдерді көрмеге қатысуға шақыратын боламыз.
– Сіздіңше, көрмеге қанша ел қатысады?
– Астанадағы көрмеге 100 шақты мемлекет қатысуы мүмкін. Көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы көптеген елдер үшін өте маңызды. Қазір көрменің әлеуетті қатысушыларына қатысты қандай да бір санды айту өте қиын. БҰҰ-на мүше елдердің саны 192 болғандықтан, қатысушылар саны да артуы мүмкін екендігін жоққа шығарған жоқ. Біз қатысушы елдердің саны бойынша рекорд жасаудан аулақпыз. Дайындалатын павильондардың сапасы лайықты деңгейде болуы үшін бәрін жасаймыз. Біз көрмеге келушілердің көңілінен шыққымыз келеді. Ең басты өлшем – сапа.
Айнұр Санабек