Энергия тиімділігі артты ма?

0 10

Елорда әкімдігінің қаулысымен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттырудың 2017-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген болатын. Қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдауларында мұның орындалуы туралы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлышев есеп берді.– Баламалы энергия көздеріне өту үшін басқармамыз қаланың 23 нысанында жаңартылған энергия көздерін орнату жұмысын жүргізді. Соның аясында екі көше мен бірнеше саябақ пен сквер, сорғы стансасы жарықтандырылды. «Жасыл» энергияны пайдаланатын мешіт салынды. Жаңартылған энергия көздері тұрғын үй кешендері құрылысында белсенді қолданылуда. Қазіргі таңда қалада осындай энергияны өндірудің көрсеткіші сағатына 700-ден астам киловатты құрайды. Содан жылына 20 миллион­нан аса теңге үнемделіп жатыр. 2011 жылдан бері «Өркен қала» ЖШС 52 көппәтерлі тұрғын үйде жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Сол арқылы жылу энергиясының 15-20 пайызы үнемделді, – деген Т.Құлышев көптеген басқармалар энергия үнемдеу шараларын орындамағанын жеткізді.
Оның айтуынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында көшелерді жарықтандырудың «ақылды» жүйесін құру мен пайдалануға қатысты құжат әзірленді. Соның шеңберінде инвестор есебінен көшелерде 3877 шам энергия үнемдегіш шамға ауыстырылады. Алда автоматтандырылған диспетчерлік пункт құрылады. Бұл нысан тәулік уақыты мен жарықтандыру деңгейіне қарай шамдарды автоматты түрде өшіріп, қосады. Сол арқылы энергия жыл сайын 30 пайызға үнемделмек.
– «Жасыл» экономикадан хабары бар, сол бағытта жұмыс істейтін мамандарды көбейту қажет секілді. Яғни барлық табиғи ресурстарды тиімді пайдалануды жүзеге асыратын коммуналдық жұмыс болуы керек. Бірлескен жұмыс кезінде нәтиже болады деп ойлаймын, – деген ұсыныс айтты қалалық мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов.
Депутат Нұрлан Көпешов Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев энергия тиімділігін арттыруға нақты тапсырма бергенін еске салды. Күні кеше ғана Президент осы тақырыпта жиын өткізгенін айта келе, қалада бұл жұмысты күшейту керектігін, басқармалармен жұмыс істеп, энергия үнемдеу олардың бюджетін үнемдейтінін түсіндіру қажеттігін жеткізді.
Оның әріптесі Бауыржан Жанқонақов №1 индустриалды парк аймағында жарықдиодты шамдар өндіріліп жатқанын, оның жылдық қуаты 12 млн дана екенін айтты.
– Бүгінге 185 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Мұндай көрсеткішке қанша уақытта қол жеткізілді? Қазірге дейін нақты қанша шам шығарылды? – деген сауалды қойды депутат.
Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина бұл сауалға жазбаша жауап беретіндерін жеткізді.
Б.Жанқонақов 2017 жылы елордада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен «ЭКСПО» халық­аралық көрмесі өткенін еске сала келе, оған 90-нан астам мемлекет пен 40-тан аса ірі ұйым қатысқанын айтып өтті. Бірақ бас қалада 2015-2020 жылдары энергия үнемдеу бойынша бір ғана жобаның жүзеге асырылғанын қалай түсінуге болатынын сұрады.
– Бұл жоба «Астана су арнасы» кәсіпорында іске асты. Бір жылда кемінде осындай төрт жобаны іске асыруға болады деп есептеймін, – деді депутат.
Жиынға төрағалық еткен депутат Батыр Котырев жылу энергиясында отын ретінде ма­зут әлі пайдаланылатынын, бұл қымбатқа түсіп жатқанын айтып, оны азайту бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрады. Жаңартылған энергияны қолдануды күшейту қажеттігін айтып өтті.
– Қазір қаланы газдандыру жүріп жатыр. Біз 19 әлеуметтік нысанды газға көшіруді жоспарлап отырмыз, – деді Т.Құлышев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen + eighteen =