ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫ ЖОСПАРЛЫ ТҮРДЕ ЖЕТІЛЕДІ

0 135

76592

Кеше қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты талқыланған бірталай мәселе депутаттар тарапынан қолдау тапты. Алдымен Астана қаласы әкімінің орынбасары Василий Крылов елорданың энергетика саласы мен коммуналдық қызметінің жай-күйі жөнінде баяндама жасады.

Баяндамашы энергетика саласы – қала экономикасын дамытатын маңызды сала екенін айта келе, бұл жүйенің жұмысын тиімді үйлестіру бағытындағы шаруалар екі бағытта жүзеге асып жатқанын жеткізді. Бірінші бағыты – энергия өндіруші және тасымалдаушы кәсіпорындар мен тұтынушылардың мүддесін ескере отырып, өзара тиімді тариф құру болса, екіншісі – заманауи технологияларды қолдана отырып, қала тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындар құрылғыларын қайта жаңғыртуға инвестиция тарту.

Елордадағы коммуналдық қызмет төлемдерінің тарифына тоқталған әкімнің орынбасары мұндағы бағам республикадағы өзге қалаларға қарағанда арзан екендігін жеткізді. Мысалы, Астана жылу энергиясы тарифының төмендігі жағынан рес­публика бойынша төртінші орында екен. Айталық, тұрғын үй қоры бойынша, коммуналдық төлемдердің бағасы жазғы мезгілде орта есеппен 6,5 мың теңгені құрайды. Электрмен қамтамасыз ету – 824 теңге болса, ыстық су – 805 теңге. Ал қыстың күні коммуналдық қызметтер төлемі орташа есеппен 12 390 теңге. Әр пәтердің тек жылу энергиясына төлейтін қаржысы орташа есеппен 5 мың теңгеден асады.

Астана қаласы халқының өсуіне байланысты кейде жарық, жылу желілеріне де салмақ түсіп жатады. Сондықтан қала билігі ЖЭО– 1, ЖЭО–2 қазандықтарын жөндеу, қосымша турбиналар орнату сынды шаруаларды қолға алыпты. Жаңадан іске қосылатын ЖЭО-3-тің өзінде су жылытатын 4 бірдей қазандық құрылысын жүргізу жоспарланып отыр екен.

Астанада энергияны үнемдеу мақсатында да кешенді шаралар жоспары жасалғанына тоқталған қала әкімінің орынбасары кәсіпорындарға 2020 жылға қарай электр қуатын тұтынуды – 20 пайызға, суды – 22 пайызға, жанар-жағар майды – 20 пайызға үнемдеу міндеті жүктелгенін жеткізді.

Василий Крыловтың баяндамасынан кейін қала әкімінің орынбасары Ерсайын Нағаспаев елорданың дамуына елеулі үлесі бар Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджанов және Қазіргі заман өнері мұражайының директоры Нелли Шивринаға «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі ұсынысын депутаттарға жеткізді. Олар бірауыздан келісімін берді.

Сессияда Астана көшелерінің біріне генерал-майор Иван Панфиловтың есімін беру мәселесі де қозғалып, бұл да депутаттар тарапынан қолдауға ие болды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fourteen − two =