Эндоскопияның болашағы зор

0 189

Әлемдік коронавирустық пандемия медицина саласының қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Адамның бақытты, уайымсыз өмір сүруінің бірден-бір кепілі – денсаулықтың қаншалықты қажет екенін бізге тағы бір мәрте ұқтырғандай болды.

гулмира_1

Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасы Сһеск-up бөлімшесі эндоскопиялық кабинетке барған болатынбыз. Бұл бөлімшені таңдауымыз да бекер емес. Экология, дұрыс тамақтанбау, зиянды әдеттер және тағы басқа факторлардан асқазан және ас қорыту жүйесінің аурулары асқынуда. Ал адам иммундық жүйесінің 70 пайызы дәл осы ас қорыту, ішек жолдарының дұрыс қызмет атқаруында екенін ескерсек, медицинадағы аталмыш саланың дәл қазір аса маңызды екенін атап өткіміз келеді. Эндоскопиялық тексеріс жоғары аталған ауруларды емдеуде және аса қауіпті келетін асқазан және тоқ ішек қатерлі ісігінің алдын алуда келтіретін пайдасы мол. Бөлімшеде бізді жоғары санатты эндоскопист дәрігер Гүлмира Құлыбекова қарсы алды. Гүлмира Еркебайқызы сәл күте тұрумызды сұрады. Өйткені дәл осы кезде бір науқас жалпы наркоз арқылы тексерістен өтіп болып, енді оянған сәті екен.

– Бұл – эндоскопия бөлімшесіндегі жаңа әдіс. Кей пациенттер тексеріс алдында қорқыныш сезімін сезеді. Сондықтан, анестезиолог дәрігердің қатысуымен науқасты наркозбен ұйықтату арқылы эндоскопиялық тексерістен өткіземіз. Бүгін түске дейін бірнеше адамды тексерістен өткіздік. Солардың қатарында кей азаматтар осы әдісті таңдады,– дейді Гүлмира Еркебайқызы.

Дәрігердің айтуынша, эндоскопиялық тексерістен қорқудың еш қажеті жоқ. Дамыған елдерде бұл әдіс кең қолданысқа ие. Әсіресе, қатерлі ісік ауруларын алдын алуда іш құрылысты уақытылы тексерістен өткізіп тұрғаны жөн. Нәтижесінде адам өз денсаулығы туралы нақты деректер алып, дені сау өмір сүруге мүмкіндік алады.

– Біздің дәрігер ретіндегі міндетіміз – науқастарға эндоскопиялық тексерістің пайдасын түсіндіру. Көп адамдар бұл тексеріс түрінен үрейленеді. Біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, тексеріс науқастың денсаулығына пайдалы екенін түсіндіреміз. Айтып өту керек, біздің Сһеск-up бөлімшеміз – ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы ауруханасының емханалық қызметінің құрамдас бөліктерінің бірі. Мұнда тіркелген контингентті кешенді профилактикалық тексеру және ақылы негізде пациенттерге Сһеск-up бағдарламасы бойынша организмнің кешенді диагностикасы жүргізіледі. Бөлімшеде дәрігерге дейінгі кабинеттер, терапевт, стоматолог, хирург, гинеколог, офтальмолог, уролог кабинеттері, қан алу кабинеті, ЭКГ кабинеті, УДЗ диагностика кабинеті және біздің ояну палатасы кіретін эндоскопиялық кабинет бар. Заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықталған. Эндоскопиялық жабдықтардың барлығы жоғары сапалы жапондық «OLYMPUS» фирмасына тиесілі. Біздің емханада ғана еліміздегі  жалғыз жабдық эхосонография аппараты бар. Оны меңгеру үшін дәрігерлеріміз шетелде арнайы оқудан өткен. Сондықтан, өзінің ас қорыту жүйесін тексеремін деген пациенттер үшін кең көлемді қызмет көрсету түрлері ұсынылған. Тіпті, коронавирус пандемиясы уақытында адамдардың демалу органдарын тексеруге арналған бронхоскопия яғни бронхтарды тексеруге арналған процедураларды өткіземіз, – дейді дәрігер.

Шетелде оқу демекші, жоғары санаттағы эндоскопист дәрігер Гүлмира Құлыбекова – Ресей, Литва және басқа да шет елдерден оқудан өтіп, өз мамандығы бойынша үлкен тәжірибе жинаған медицина ғылымдарының кандидаты. Алматы медициналық университетін аяқтаған, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында профессор Сәбихан Шынарбекұлы  Байжановтан тәлім алған. Аталмыш кафедрада өз мамандығы бойынша ұстаздық еткен. Медицина саласындағы тәжірибесі 25 жылдан асып жығылады. Соның 20 жылын жоғарыда аталған эндоскопия саласында халыққа қалтқысыз қызмет атқарып келеді. Эндоскопия бойынша бірқатар ғылыми мақалалардың авторы. «Ұлы дәрігер адамның тәнімен қатар, жанын да емдейтін дәрігер» дейді халық даналығы. Гүлмира Еркебайқызымен әңгімелесу барысында ескі дәстүр мен жаңа технологияны ұштастыра білген елорданың заманауи дәрігерлеріне тиесілі сипатты байқадық. Суық цифрлар мен қатып қалған статистиканы емес, нұрлы дидарынан дәрігерге тән жылулық, ертеңгі күнге деген сенімділік және науқастарға деген шынайы жанашырлық сезімін байқадық. Бұл – қауіпті індет пандемиясы өршіген, медицина саласына түскен жауапкершілік жүгінің қысымы кезінде ақ халаттыларға қажет қасиет. Бәлкім, бұл оның өмірлік ұстанымына байланысты шығар. Гүлмира Еркебайқызы – қызметінде құрметке ие маман, отбасында адал жар, аяулы ана. Өмірлік серігі Ержан Сұлтанәлиев те – әскери медицина саласының майталманы. Ақ халаттылар отбасы Абылай, Інжу, Әл-Хамит есімді үш бала тәрбиелеп өсірді. Немерелері өсіп келеді.

Кейіпкеріміз әже атанғанымен, белсенді өмірлік ұстанымында жастарға үлгі болады. Жыл сайынғы Астана марафонына қатысады. Ауа райы қолайлы кезінде елорданың сол жағалауындағы жұмысына велосипедпен барады. Ұжымның қоғамдық өміріне белсене қатысады. Ең бастысы, өз мамандығын шынайы жақсы көреді. Қызметіне ауыр жұмыс тұрғысынан емес, өмірлік миссиясы және сүйікті ісі ретінде қарайды.

Дарын СЕЙІТОВ,

Қазақстан Журналистер

 одағының мүшесі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + two =