Ендігі үміт – екпеде

0 14

Пандемия басталғалы коронавируспен әлемде 55 млн адам ауырды, оның 1,3 млн-ы көз жұмды. Соның ішінде 11,4 млн жағдай мен 252 мың өлім көрсеткіші АҚШ-та тіркелді. Ресей мен көптеген Еуропа мемлекеттерінде ауру рекорды жиі жаңарып, олар бірінен соң бірі карантиндік шектеулерін қайта енгізуге мәжбүр. Ал Қазақстанда дертті жұқтырғандардың жалпы саны 122335 адамға жетті. Осы аптада Үкімет жанындағы COVID-19 таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия карантинге қатысты жаңа шешімдер қабылдады.Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында алдымен қоғамдық көліктер жұмысын басқа қызмет түрлерімен үйлестіру туралы айтылды. Жасыл аймақтағы өңірлерде қоғамдық көліктер қозғалысы апта бойына кешкі сағат 23.00-ге дейін жалғасады. Елорда секілді сары аймақтағы өңірлерде, демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дәл сондай аралықта көліктер қатынайды. 21 қарашадан бастап келушілермен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істемейтін кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс уақытына шектеу қойылмайды. Олардың ішінде автоэкспресс – тағам жеткізу қызметі, автожуу, техникалық қызмет көрсету және автокөлік жөндеу, тігін шеберханалары, тұрмыстық техника, аяқ киім жөндеу нысандары, химиялық тазалау, жуу, телефон, сағат, компьютер жөндеу орындары бар. Жаңа шешімдер сондай-ақ COVID-19-ға қарсы отандық вакцина өндірісін тездетуге қатысты болды.
ШҚО, СҚО әкімдіктері екі өңірді қызыл аймақтан шығару үшін он күн ішінде эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауы керек. Денсау­лық сақтау саласында статистикалық деректердің айқындылығын қамтамасыз ету үшін бір апта ішінде коронавирусқа ПТР зерттеу жүргізетін зертханаларды біріктіру жұмыстарын аяқтау тапсырылды. 21 қарашаға дейін ауруханалардағы жан сақтау бөлімшелерін жабдықтау ісін тексеріп, қажет болған жағдайда оларды толық жабдықтау үшін шұғыл шаралар қабылдау керек. Осы уақыт ішінде дәрілер мен медициналық бұйымдардың қорын құру жөніндегі ахуал қатты бақыланады. Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша заң әзірлеуді тездетіп, оны осы сессияның соңына дейін Парламент Мәжілісіне енгізу реті қарастырылды. Сонымен қатар әскери госпитальдердегі кереует қорын жедел құруға толық дайындық жүргізіледі.

Pfizer мен Modernа: екі екпеге сенім мол

АҚШ-тың COVID-19-ға қатысты екі вакцинасы желтоқсан айында толық дайын болады. Жаңа жыл қарсаңында Pfizer вакцинасының 40 млн дозасы мен Modernа екпесінің 20 млн дозасын дайындау көзделуде. Екеуі де тиімділігі жоғары жаңа mRNA технологиясы негізінде жасалған. Оның мәні – адам ағзасында вирус ақуызына ұқсас ақуыздың көбірек бөлініп, иммундық «жауап» беруді күшейтетін жағдай жасау. Вирус жұқтырған адамдардың ішінде Modernа екпесін алғандардың бойында ауру жеңіл түрде өткен. Компания өкілдерінің айтуынша, препарат кәдімгі тоңазытқышта 30 күн бойына, ал -20 градус температурада жарты жылға дейін сақталып тұра береді. Немістің BioNTech компаниясымен бірге Pfizer вакцинасын жасаған америкалық компания келесі қыста жаһандық пандемия тоқтап, жер бетінде қалыпты тірлік орнайтынына сендіріп отыр. Би-би-си-ге берген сұхбатында BioNTech негізін қалаушы Угур Шахин осы вакцинаның арқасында ауру жұқтыру саны бірден азаяды деп сендірді. Алайда бұл өзгеріс алдағы жазда ғана болады. Басқа барлық сарапшылар сияқты Шахин де келе жатқан қыс адамзатқа оңай тимесін болжайды. «Қыс ауыр тигелі тұр. Бұл уақытта біздің вакцина ауру жұқтыру динамикасына әсер ете қоймайды. Бәрі осылай жақсы жалғаса берсе, екпені биыл жыл соңында немесе алдағы жыл басында қолдануға шығара бастаймыз» деді ол.
Америкалық Modernа компания­сының вакцинасын қабылдаған бір волонтер алған әсерімен бөлісті. Вашингтондық Нил Браунинг – басқа зерттеулердегідей жануарларға емес, бірден адамға салынған бұл вакцинаны алушы екінші адам. Браунинг вакцина салғанда әдеттегі тұмауға қарсы екпе салғандағыдай қолы сәл ғана ауырғанын айтты. «Жаңа вакцинаны сынақтан өткізуге қатысушы болғандықтан оның алғашқы дозасын салғаннан кейін дәрігерлер теріс әсері жоқтығына көз жеткізуі үшін тағы бір сағат қалуымды сұрады. Екінші дозасын 4 аптадан кейін алдым. Екеуінде де еш жерім ауырған жоқ» дейді Браунинг. Бұл вакцина үшінші кезеңінде жоғары тиімділік көрсеткені белгілі. Компанияның баспасөз мәлімдемесінде жаңа екпені сынақтан өткізуге 30 мыңға жуық адам қатысқаны жазылды. Соның нәтижесінде вакцинаның тиімділігі 94,5 пайыз дәлелденген. Бұл Pfizer вакцинасынан кейінгі АҚШ-тағы екінші, ал әлем бойынша сынақтары сәтті аяқталған және күткен нәтижеге қол жеткізілген үшінші екпе болып саналады.

Қытай мен Ресей жаппай екпені бастайды

Қытай мен Ресей азаматтарына өз вакцинасын жаппай салуды алдағы апталарда бастайтынын мәлімдеді. Ресейлік Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология орталығының «Спутник-V» вакцинасы ел ішінде қолдануға лицензияны биыл тамызда-ақ алған. 11 қарашада екпені өндірушілер оның тиімділігі 92% дәлелденгенін жариялады. ДДҰ мәліметтері бойынша қазір әлемде үшінші сынақ мерзімінен өтіп жатқан 10 түрлі вакцина бар. Одан бөлек 1, 2-кезеңдерінде сыналып жатқан ондаған екпелер де жоқ емес.
Коронавирусқа қарсы вакцинамен әлемнің барлық елдерін теңдей әділ қамтуды мақсат ететін COVAX халықаралық механизміне бүгінге дейін 184 мемлекет қосылды. Соның ішінде оған жақында ғана қосылған Қытай да бар. Қытайдың бұл қадамы туралы әлемдік БАҚ-та оң пікірлер жиі жазылуда. Бүгінде бұл елде барлығы 13 вакцина клиникалық сынақтардан өткізіліп жатса, соның ішінде 4 вакцина – үшінші сынақ кезеңінде. Осылайша әлемдегі ең озық 10 вакцинаның жартысы Қытайдың үлесіне келіп тұр. Бұған дейін елде жалпы саны 60 мыңдай адам вакцина салдырды. Олардың ешқайсысына екпенің кері әсері болмады. Халықаралық қауымдастық Қытай вакцинасының қауіпсіздігі мен жоғары деңгейіне қатысты оң баға беріп отыр.

Байден маска тағуға шақырды

Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауында жеңіске жеткен Джо Байден коронавирус жағдайына байланысты халқына үндеу жолдады. Онда елдің жаңа басшысы құрамы 13 ғалымнан тұратын консультативтік топ құрғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол америкалықтарды өздері мен жақындарын қорғау үшін масканы тастамай тағып жүруге шақырды. Осылайша АҚШ-та маска тағу немесе одан бас тарту саяси сипат алды. Байденнің айтуынша, америкалықтар толық сенім білдіруі үшін вакцина жасау процесі айқын болуы керек. Ол екпені толық қолдануға әлі бірнеше ай керектігін ескертті. «Біздің алдымызда әлі де шешуін күткен өткір мәселелер бар. Басқару билігін толық қолға алмасам да, мен осы ахуалды реттеу үшін қандай жоспарларым бар екенін айтып жүрмін. Оларды мен ант қабылдағанға дейін жүзеге асыру мүмкін болады деп сенемін» деді ол.

Коронавирус қызылшаны қалай асқындырады?

Денсаулық сақтау саласындағы мамандар COVID-19 пандемиясынан кейін қызылша ауруы белең алуы мүмкін деп алаңдаулы. Xinhuanet дереккөздеріне сенсек, халықаралық деңгейдегі сарапшылар биыл көптеген балалар қызылшаға қарсы екпені уақытылы салдырмағанын, сол себепті алдағы уақытта қызылша ауруы өршуі мүмкін екенін айтқан. Осылайша олар қызылша эпидемиясының алдын алуда шұғыл шаралар қабылдау керек деп санайды. ДДҰ мәліметтеріне сәйкес, кейінге қалдырылып келген қызылшаға қарсы вакцинациялау 2020 жылы қазан айының соңындағы жағдай бойынша әлемнің 26 елінде 94 млн баланың қызылшадан жоспарлы екпені алмауына әкелді. Сонымен қатар әлемдік ұйым былтыр дүние жүзінде 9,8 млн адам аталған дертпен тіркеліп, содан 207 мың адам өлгенін мәлімдеді. Бұл соңғы 20 жылдағы ең үлкен көрсеткіш екен. Ғалымдардың айтуынша, бұл мәселе коронавирус инфекциясының экономикалық салдарының кесірінен де тереңдей түсті. Профессор Ким Малхолландтың айтуынша, осы факторлардың барлығы келесі жылы қызылша ауруының асқынуына әкелуі мүмкін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × five =