Емі де, ережесі де – вакцина

0 40

Сонымен коронавирустың тұмау сияқты адамзатпен бірге мәңгі жасай беретініне дәрігерлер сендірді. Бұған дейін алапат індеттерді тек иммундау арқылы ғана ауыздықтаған болсақ, бұл жаңа аурудың да асқынуына екпе салдыру арқылы ғана жол бермейміз. Вакцина дертті ағзамыздан бірден жойып жібермейді, тек өршіп кетпеуіне немесе ауруды жеңіл өткеруге көмектеседі. Сондықтан әлемде қазір барлық ел «Ұжымдық иммунитет қалыптастыруға» күш салып жатыр.

Вакцинацияға қарсылық білместік пе?

 Ресейлік екпемен жаппай егуді бастап, өз екпесін жақында іске қосқан Қазақстанда бүгінге дейін вакцина алғандар саны 1 400 000 адамға жетті.
19 млн-ға жуық халықтың 325 500-і ауру жұқтырды. Соның ішінде 3717 адам дертті жеңе алмай көз жұмды. Қалғандары емделіп шықты және қазір ем қабылдауда. Бүгінде ДДҰ тіркеуінде екі жүзден астам вакцина бар. Соның ішінде өте аз ғана вакцина үшінші сатыдан өтіп жатыр. Солардың бірі былтырдан бері 15 айда 56 ғалымның күшімен жасалып шыққан отандық QazVac екпесінің тиімділігіне зерттеудің екі кезеңінде және үшінші кезеңі жартылай біткенде көз жеткізілді. Белгілі журналист Нартай Аралбайұлының ютуб каналына сұхбат берген БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ бас директоры ­Күнсұлу Закарьяның айтуынша, қазір әлемде коронавирусқа қарсы салдыруға рұқсат етілген вакциналардың бәрі де үшінші кезеңінен толық өтпеген.
«Әлемдегі вакциналардың көш басында тұрған Спутник-V екпесінің де соңғы зерттеу кезеңі осы мамырдың аяғында аяқталады. Соған қарамастан үшінші кезеңге аяқ басқан екпелермен егуге рұқсат етілді. Себебі бүгінгі әлемдегі асқынған ахуал екпенің толық кезеңі өткенше күтіп отырмайды. Олай етер болсақ, жер бетіндегі халық қырылып қалуы мүмкін. Бұған қазіргі Үндістандағы жағдай да дәлел бола алады. Сондықтан жақсы көрсеткішке жеткен вакциналарды адамдарға тез арада егуіміз керек. Өзін және айналасындағы жақындарын ойлаған адамдардың бәрі де екпе салдыруда. Ал вакцинаға қарсы болып, қарсыласып отырғандардың ісі нағыз надандық дер едім. Себебі олар анау былай деді, мынау бүй деп айтты, екпенің қаупі зор екен деп қана қорқып отыр. Оларды биология ғылымының нәтижелерін білмейтін, білгісі келмейтін адамдар деп есептеймін. Меніңше, оқыған, көзі ашық, өз ойы бар адам жан-жағына жалтақтамай, өз бетінше шешім қабылдайды. Біздің екпеміз шыққан кезде әзірбайжандықтар: «Түркітілдес елдер жарады, әлемдік көштен қалмай екпе жасап, түркітілдес елдердің атағын шығаруда» деп алақайлап қуаныпты. Ал бізде қалай болды? Біз өзіміз осы жетістігімізге қуана алдық па? Өкінішке қарай, мұны игі іс деп ризашылық білдіргендер аз болды дейді ол.

Елімізде вирусологтар кем

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ бас директоры Күнсұлу Закарьяның айтуынша, Қазақстанда соңғы 20 жылдан бері оқу орындарында вирусолог мамандығы оқытылмайды. Яғни, осыдан біраз жыл бұрын бұл мамандық қажеті жоқ деп оқыту жүйесінен алынып тасталған екен. Енді, міне, былтыр қауіпті індет дүниені шарпып, оқыс дерт маңдайға сарт етіп тигенде барып, вирусологтар қажет болып қалды.
– Биылдан бастап білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолдауымен ҚазҰУ мен осы институттан екі консорциум шығарылып, біздің институт базасында диссертациялық кеңес ашылды. Мұнда енді вирусология саласы бойынша магистрлер мен докторларды дайындаймыз. Бұл – қазіргі таңда Қазақстанда ең қажетті мамандық. Жалпы вирусолог мамандарын дайындау қажеттігін бұған дейін де дабыл қағып айтып келеміз. Бірақ оны жандандыруға тек мына індет келгесін барып жол ашылып отыр, – дейді ғалым.
Әзірге осындай жолмен болса да, тездетіп салаға қажетті мамандар дайындамаса, енді он жылдан кейін аталған институттағы ғалымдар да жасы жетіп, олардың орнын басатын кадрлар болмай қалатын түрі бар. Себебі бұл ғалымдардың ең кішісінің өзі қазір 45-50-ге таяп қалды. Ал олардың ізін басып келе жатқан, оқытылып жатқан кадрлар жоқ. Сондықтан аталған диссертациялық кеңесті осы институт базасында ашудың мәні – мұнда келіп ғылыми еңбегін 3 жылдай жүріп қорғаған жастарды осы жерде әрі қарай жұмыс істеуге қалдыру.
К.Закарьяның айтуынша, қазіргі таңда институт айына ең көп дегенде 500 мың доза ғана екпе шығаруға қауқарлы. Бұл екпе салу жоспарын толық орындау­ға аздық етеді. Сондықтан маманның айтуынша, басқа елдердің де екпесін салдыру қажет. Бұл ретте елімізде былтыр құрылысы басталған екпе шығаратын зауыт іске қосылса, оның жылдық екпе өндірісі 60 млн дозаға дейін жететін болады. Бірақ бұл өте маңызды, әрі биологиялық өнім шығаратын нысан болғандықтан, оның сапалы салынуы үшін біраз уақыт керек.

Ғалымдар еңбегі ерен

Отандық екпені рекордтық мерзімде жасап шығарған ғалымдардың бұл ісі үлкен ерлік десе де болады. Қазір ол – ДДҰ-ның озық екпелер тізіміндегі үшінші зерттеу кезеңіне өткен аз вакциналардың бірі және 14-ші болып тіркелген екпе. К.Закарьяның айтуынша, Қазақстанда дертті жұқтырған ең алғашқы адамның ағзасынан былтыр 23 наурызда патологиялық материал алынғаннан кейін екпе жасау жұмыстары басталып кеткен. Клиникалық зерттеуге дейінгі кезеңде вакцина 500-ден астам жануарға салынып, сыналған. Бұл мақұлықтардың 370-і – аталған институт базасындағы жануарлар. Екпенің қауіпсіздігіне көз жеткізілген соң, шілде айында клиникалық зерттеуге дейінгі мерзім аяқталған бойда әлі клиникалық зерттеуге шықпаған екпені аталған зерттеу институтының ғалымдары алдымен өздеріне салған. Сөйтіп бүгінде зерттеу мекемесіндегі ғалымдар мен басқа да қосалқы көмекші мамандық иелерін қосқанда ұжымның 200-ден астам қызметкері отандық екпені өзі еріктерімен салдырған. Бірінші кезеңінде – 44, екінші кезеңінде – 200, ал үшінші кезеңінде 3000 еріктіге екпе салынған. Зерттеуге қатысқан барлық еріктіге 200 мың теңгеден берілген. Қазір коронавирусқа қарсы тағы 4 екпе осы институт базасында әзірленіп жатыр. Өткен жылы институт ғалымдары бұған қоса елімізде шыққан түйе обасы және құс тұмауына қарсы да екпе жасаумен қатар айналысқан. Институт қызметкерлерінің жағдайы қазір ерекше жасалып жатыр. Орташа жалақысы 340 мың теңге және оларды баспанамен қамтамасыз ету үшін үйлер де салынуда.

Әлем қалай күресуде?

Былтыр көктемде дүние­ні жаңа қауіпті індет оты шарпып, бірқатар дамыған елдердің өзінде денсаулық сақтау жүйелері дертпен күреске шамалары келмей қалған кезден бастап бұл аурудың бетін тек вакцина қайтаратыны түсінікті болды. Өткен жылдың күзіндегі пандемияның екінші толқынынан кейін әлем халқы өте қысқа, рекордтық мерзімде екпе өндіріп шығаруға мәжбүр болды. Сөйтіп жұқтырған адамдар бойындағы вирус штамдарын алып, екпенің клиникалық зерттеуге дейінгі сынағын жүргізу басталып кетті. Бүгінде солардың ішінде зерттеулердің барлық маңызды кезеңдерінен тиімділігін дәлелдеп өткен немістің BioNTech компаниясы, америкалық Pfizer және Moderna және ресейлік «Спутник V» мен шведтік-британдық AstraZeneca екпелері көш бастап тұр. Кейбір елдердің үкіметтері егілгендер арасында тромбоздардың пайда болуына байланысты AstraZeneca екпесін қолдануды тоқтатты. Былтырдан бері әлемде 151 млн-нан астам вирусты жұқтырып, 3,1 млн-нан көп адам қайтыс болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =