Емханалар қалай жұмыс істейді?

0 14

Елордадағы емханалар әдеттегідей тәртіппен жұмыс істеуде. Терапевт, бейінді мамандардан кеңес алу үшін немесе диагностикалық тексеруден өту қажет болса бұрынғыдай алдын ала жазылу керек. Ал жүкті әйелдерді, балалар және шұғыл медициналық көмекке мұқтаж науқастарды дәрігерлер кезексіз қабылдайды. Емханаларды жабу және кепілдендірілген медициналық қызмет, әсіресе, жедел медициналық көмек көрсетуден бас тарту туралы әңгіме болған емес. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты біз елорда тұрғындарын аса қажет болмаса негізсіз емханаға бармауға кеңес береміз. Мүмкіндігінше, учаскелік дәрігерге қоңырау шалып, мәселені үйде отырып шешкен жөн.Ал диагностикалық тексеру қажет болған жағдайда, дәрігер уақытты белгілеп, сырқаттанған адамды өзі шақырады. Сонымен қатар, дәрі-дәрмек үшін емханаға келудің қажеті жоқ. Әрбір емхана созылмалы және қатерлі ауруларға шалдыққан науқастарға тиісті дәрілерді үйге жеткізіп береді. Мұндай науқастарға дәрі-дәрмекпен қатар медициналық маскалар да тегін таратылады. Сондай-ақ жүкті әйелдерге де жеңілдік жасалған, емханаларда оларға маска беріледі. Қазір дәрігерлер медициналық базаларды қайта қарап жатыр. Мамандар диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға қоңырау шалып, дәрі-дәрмектің бар-жоғын анықтауда. Азаматтардың өздері де 109 нөміріне хабарласып, керек препараттарға тапсырыс бере алады. Жағдайы ауыр науқастар дәрігерді үйге шақыртуға құқылы немесе емханадағы реттеу бөлмесіне жүгінуге болады.

Айжан ИСА,
Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық
сақтау басқармасының баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 19 =