«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Емханаға кезек қысқарады

0 151

Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшы­сының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жол­дауын түсіндіру мақсатында республикалық ақ­параттық топ мүшелерінің оқу орындары мен еңбек ұжым­дарымен, зиялы қауым өкілдерімен және қа­ла­лық мәслихат депутаттарымен кездесуі өтті.

Жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Қаржы министрлігінің Ішкі аудит коми­тетінің төрағасы Азамат Ахметов, Сырт­қы істер министрлігі Халықаралық ақ­парат комитетінің төрағасы Талғат Жұма­ғұлов, Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев, «Жайна, Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Еркетаев қатысты. Алғашқы болып сөз алған Ермек Аманшаев Жолдаудың Астана қаласына қандай өзгерістер мен жаңалықтар әкелетінін атап өтті.
– Алдағы бес жылда 37 жаңа мектеп пен 10 қосалқы құрылыс аяқталатын болады. Соның ішінде 4 нысан осы жыл­дың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал келер жылдың аяғына дейін тағы да 14 нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл мектептер қазіргідей 1200 орындық емес, 2500-3000 балаға арналған, кеңейтілген стандарттармен салынады. Осының нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны да барынша азаяды. Астанада бірінші рет білім беруді жаңаландыру орталығының базасы шеңберінде мемлекеттік және жекеменшік бала­бақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, методикалық көмек көрсету жұмыстары басталды. Бұл жұ­мыстарға қала бюджетінен 350 миллион теңгеден артық қаражат бөлінді. Қазірдің өзінде 1500-ден аса тәрбиеші осындай біліктілігін арттыру курстарынан өт­кізіл­ді. Ал кадрларды сапалы дайындау мақсатында биыл 13 жоғары оқу орнына мыңнан аса грант бөлінді, – деген ол медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында жыл соңына дейін медицина саласында толықтай қағазсыз жұмыс істеу әдісіне көшетінін, келер жылы тағы да 5 емхананың салынатынын атап өтті. – Бұл емханалар кезекті азайтады. Нақтырақ айтқанда, бір дәрігерге қаралатындардың санын 1700-1800 адамға дейін қысқартады. Ал бүгінгі таңда бұл сан 2200-ді құрап отыр. Сонымен қатар, осы жылдың аяғына дейін тағы да 48 учаске ашу жоспарда бар. Сондай-ақ жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы шаралар туралы да сөз болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды