Емханаға электронды кезек арқылы тіркейді

0 259

Еліміздің денсаулық сақтау саласында үлкен өзгерістер басталды. Ол міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне байланысты болып отыр. Алайда қоғамда аталған бас­таманы қолдаушылар да, қарсылар да баршылық. Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров сақтандыру жүйесінің пайдасы зор екенін айтады. Өйткені ММСЖ арқасында елорда ғана емес, еліміздің емханаларындағы күрмеуі қиын мәселелер шешімін табады.

4 ЖЫЛДА 4 ЕМХАНА АШЫЛДЫ

Бүгінде Астанада халықтың саны күн өткен сайын көбейіп келе жатыр. Өйткені елордада табиғи өсім жоғары әрі мұнда жан-жақтан келушілердің саны көп. Мәселен, бүгінде астаналық ретінде тіркеуге тұрған халықтың жалпы саны 1 миллионнан асты. Бұл, әрине, көңілге қуа­ныш ұялататын жағымды жаңалық. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты бұл мәселенің «әттеген-ай» дейтін тұстары баршылық. Камалжан Надыровтың айтуынша, емханаларда алғашқы медициналық-әлеу­меттік көмек алу кезінде дәрігерлерге шамадан тыс жүк артылып жатыр.

– Осы мәселені шешу үшін соңғы 4 жылда қаламызда қосымша 4 емхана ашылды. Жалпы, елордада 20 амбулаториялық емхана жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Астанада «Шипагер», «Шапағат» және «Ниет» атты үш бірдей отбасылық-денсаулық орталығы құрылды. Бұдан бөлек, 250 адамға арналған «Достық» отбасылық-денсаулық орталығы пайдалануға берілді. Бұларға қосымша ретінде же­ке­меншік 9 медициналық емхана мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетуде. Яғни, аталған жұмыс мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асып отыр. Сонымен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігін 20 минутта қамтамасыз етуге арналған «Үй дәрігері» жобасы іске қосылды, – дейді ол.

Иә, елордада жыл өткен са­йын жаңадан медициналық нысандар пайдалануға берілуде. Оның үстіне рес­публикалық деңгейдегі ірі клиникаларға еліміздің әр аймағынан келіп, күрделі ота жасауға мүмкіндік туды. Алайда соған қарамастан, бас қаланың денсау­лық сақтау саласында бас қаты­ратын мәселелер жетерлік.

ДӘРІГЕРЛЕРДІ ҚАЛАЙ КӨБЕЙТЕМІЗ?

Нақтырақ айтсақ, елордалық емханаларда кейбір салалар бойынша білікті дәрігерлер жетіспейді. Мәселен, мемлекеттік мекемелерде педиатр, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, невропатолог, эндокринолог сынды дәрігерлер тапшы. Себебі аталған маман иелері мемлекеттік емханалардың жалақысы аз болғаннан кейін жекеменшік клиникаларға барады. Камалжан Тал­ғатұлы мұны тоқтатудың бірден-бір жолы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі екенін айтады.

– Шілденің 1-інен бастап жұмыс жасай бастаған міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен үлкен үміт күтіп отырмыз. Өйткені аталған жүйенің арқасында денсаулық сақтау саласында бұған дейін шешімін таппай келген мә­селелер шешілетін болады. Мәселен, жалақыдан бөлек, дәрігерлердің мойнына жүктеліп отырған жұмыс азаяды. Бұл өз кезегінде емханаларда сағаттап кезекте тұратын азаматтардың шағымын кемітеді. Жалпы, дәрігерлердің жетіспеуі бұрынғыдай күрделі мәселе болып отырған жоқ.

Мәселен, тамыздан бастап медициналық ЖОО аяқтаған мамандар емханаға жұмысқа орналаса бастады. Алайда педиатр, анес­тезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, невропато­лог, эндокринолог сынды дәрігерлер қиындық тудырып тұр. Алайда республикалық және жергілікті бюджеттен жыл сайын сұраныстағы маман­дық­тарға студенттердің назарын аудару мақсатында қар­жы­ландыру жүргізілуде. Сонымен қатар, болашақ дәрі­герлерді ынталандыру мақ­сатында баспанамен қамта­масыз ету қарастыры­лып отыр, – дейді басқарма басшысы.

Шыны керек, қат мамандықтардың аздығына баспананың жоқтығы мен жалақының мардымсыз болуы себеп болып отыр. Сондықтан да тәжірибелі мамандар еңбек­ақысы жоғары жекеменшік немесе республикалық клиникаларға кетіп қалады. Ал осындай күрмеуі қиын мәселені міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы шешуге бола ма? Оны алдағы уақытта білетін боламыз.

УАҚЫТТЫ БОСҚА ӨТКІЗБЕҢІЗ

Жасыратыны жоқ, бүгінде емханада көрсетілетін медициналық қызметке көңілі толмайтын азаматтар жетерлік. Көпшіліктің ең бірінші айтатыны емханадағы сарылып күтетін кезек болып отыр. Алайда қазіргі таңда электронды кезек жүйесі арқылы емханаға тіркелуге мүмкіндік бар.

– Қарапайым халық емханадағы кезек пен кейбір қат дәрігердің қабылдауына кірудің қиын екендігін айтып, үнемі шағымданып жатады. Осы мәселені шешу үшін тіркеу бөлімінің базасында анықтамалық және диспетчерлік қызметтерін ұйымдастырдық. Сонымен қатар, жүкті келіншектерге арналған «жасыл дәліздер» және де бірқатар емханалар электрондық кезек жүйесін енгіздік.

Көпшілік Қазақстан Рес­-пуб­ликасының электрон­-дық үкіметі – (http://egov.kz/cms/ru) Еgov арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға болатынын білмейтін тәрізді. Сондай-ақ, көпшіліктің өтініштерін тіркеп отыратын «Бірыңғайақпараттық медициналық Call-орталығы» жобасы іске қосылды.

Себебі дәрігерлердің қабылдауына жазылудың күрделі екендігі туралы жұрт жиі шағымданады. Әйтсе де көпшілік Қазақстан Республикасының электрондық үкіметі – (http://egov.kz/cms/ru) еgov арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға болатынын білмейтін тәрізді. Сондай-ақ, көпшіліктің өтініштерін тіркеп отыратын «Бірыңғай ақпараттық медициналық Call-орталығы» жобасы іске қосылды. Аталған жоба арқылы емханаларға электронды тіркелуге әрі дәрігердің қабылдауына онлайн жазылуға болады, – дейді басқарма басшысы.

Бүгінде адамдар босқа уақыт өткізіп, дәрігердің қабылдауын сарылып күткісі келмейді. Өйткені астаналықтардың көпшілігі жұмыс басты болып алған. Ал жұмыс басты адамға электронды кезек жүйесі – таптырмас мүмкіндік. Алайда осы бір мүмкіндікті сіздер мен біздер тиімді пайдаланып жүрміз бе? Емханаға электронды кезек жүйесі арқылы тіркеліп, оның қалай жұмыс жасайтынын сынап көріңіз.

Серік
Жолдасбай

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

sixteen + nine =