ЕМХАНА ЖҰМЫСЫ ЖЕҢІЛДЕЙДІ

0 117

8 поликлиника

Халыққа қол жетімді амбулаториялық-емханалық көмек көрсету мақсатында 10 қазанда қаламыздағы «Демеу» отбасы оқу-тәжірибелік медициналық көмек көрсету орталығының филиалы ашылады. Осыған орай, Денсаулық сақтау басқармасы №8 қалалық емханада тіркелген 20 мың халықты сол орталықтың филиалына беруді жоспарлап отыр.

Тәуелсіздік көшесі №11/1 мекенжайында орналасатын бұл орталыққа Жастар шағын ауданындағы, «Ақбұлақ» кенті мен «Энергетик» кентіндегі үйлер, яғни, №2 жалпы тәжірибедегі дәрігер бөлімінің 89-дан 96-ға дейінгі және №30 және №5 учаскелері қарайтын болды. Аталмыш шағын аудандар «Демеу» отбасы оқу-тәжірибелік медициналық көмек көрсету орталығының филиалына жақын орналасқан әрі оған жету үшін шағын аудан тұрғындары автобустан автобусқа ауысып сарылмайды.

Өздеріңізге белгілі, Астанадағы №8 қалалық емхана қаланың тұрғындары көп шоғырланған көне бөлігінде орналасқан. Мекемеде жоспарланған 50-60 мың тұрғынның орнына, тіркеуде тұрған 87 203 тұрғынға қызмет көрсетуге мәжбүр. Толастамайтын ұзақ-сонар кезектің туындауы, сайып келгенде, медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен көлеміне әсер етеді.

Қазіргі уақытта емхана қызмет көрсететін аумақтың 40 пайызы жеке секторға жатады, яғни жер үйлер мен Целиноград кезінен келе жатқан ескі «хрушевкалар». Оларды сырғаннан кейін орнына тұрғызылған жаңа көп қабатты ғимараттар есебінен емханаға қарайтын тұрғындар саны да көбейе түсуде. Сондықтан, мамандар бұл өзгерістер медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеріп емделушілерді қабылдауды жеңілдету үшін жасалғанын түсіністікпен қабылдауды өтінеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + 1 =