Емдеу шаралары жүйелі жүріп жатыр

0 14

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова жаһандық пандемия бойынша елордадағы соңғы ахуал туралы ақпарат берді.Бүгінде ел астанасында вирус жұқтырғандар саны 222 адамға жетті. Оның ішінде 46 пайызы – ер-азаматтар, 54 пайызы – әйел адамдар және 43 пайызы – 30-49 жас аралығындағы азаматтар, 27 пайызы – 18-ден 29 жасқа дейінгі азаматтар. 17 пайызы – 50-59 жас аралығында, 9 пайызы – 60-69 жас, 1 пайызы – 70-тен жоғары жастағылар. 3 пайызы – 18 жасқа толмаған балалар. Жазылып шыққандардың саны – 28 адам, бұл 13 пайызға жетті.
– Бүгінгі таңда ауруханаларда 493 науқас ем алып жатыр. Оның 203-і коронавирустан емделушілер, соның ішінде 10 науқас – Ақмола облысының тұрғындары. Сонымен қатар, 5 науқастың жағдайы ауыр. Оның үшеуі жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Басқа науқастардың жағдайы бірқалыпты. Нұр-Сұлтан қаласында 28 қаңтардан бастап 6315 адам бақылаудан және емдеуден өтті, оның 202-сі – 18-ге толмаған балалар, – деді басқарма басшысы.
222 науқаспен байланыста болған 2167 адам анықталды. Сонда орташа есеппен коронавирус жұқтырудың бір жағдайына 10 байланыста болған адамнан келіп тұр. Байланыста болғандардың бәрі де дер кезінде госпитальға жатқызылып, оқшауландырылған және инфекцияның бар-жоғына тексеруден өткізілген.
– Соңғы үш күнде елордада вирус жұқтырудың бірлі-жарым фактісі ғана тіркелді. Бұл эпидемияға қарсы шаралардың толықтай жү­йелі жасалуының арқасында деуге болады, – деді басқарма басшысы.
Елордаға кіреберістердегі 7 блокпостқа 52 орта медицина қызметкері бекітілген. Қаладағы барлық медицина ұйымдарындағы қызметкерлер жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Соған қарамастан Нұр-Сұлтан қаласында бүгінде 31 медицина қызметкері вирусты жұқтырған. С.Қисықова олардың жағдайы қанағаттанарлық деп мәлімдеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + 19 =