ЕМДЕЛУШІЛЕРГЕ ЕСІК АШЫҚ

0 128

Басы ауырып, балтыры сыздаған ағайын алдымен ауданындағы ауруханаға бас сұғады. Алайда жетіп барып, жүгінген дәрігерлердің алды қашанда шұбатылған кезек. Онсыз да күйі болмай тұрған жұртты бұл одан сайын қажытып жібереді. Дауа іздегендерге дер кезінде көмек көрсету үшін сенбі күні қалалық №2 аурухананың есігі айқара ашық болды. Алғаш рет ұйымдастырылған шарада дәрігерлер денсаулығын тексергісі келген тұрғындардың бәрін тегін қабылдады.

????????????????????????????????????

Шара шетелде «check-up» деп аталады

Қала іргесінде орналасқан ауруханаға қарай ағылған адамдар автобустың ішінде-ақ байқалды. Жөн сұрасқан жұртпен бірге діттеген жерге біз де бардық. Мейірбикелер келушілерді кіре­берістен жылыұшырай қарсы алып, дәрігерлердің есігіне дейін жетелеп жүрді. Мұнда 19 дәрігер науқастардың хал-жағдайын сұрап, бәйек болды.
Тұрғындардың тілегі орын­далған осындай игі істің басы-қасында жүрген №2 аурухананың бас дәрігері Иван Лиді сөзге тартқанымызда, бірден қаланың әр түкпірінен келіп жатқан көпшілікті көргеніне қуанышты екенін жеткізді.
– Біздің аурухананың тарихында Ашық есік күні бірінші рет өткізілуде. Іс-шара негізінен халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына бағытталған. Біз 150-ге жуық адамды қараймыз деп ойладық. Бірақ мына жұрттың қарасы одан да көп. Келушілердің барлығына диагностикалық тексеру жүргізіп, кеңес береміз. Елордалықтардың жұмыс күндері ауруханаға барып, дәрігерге көрінуге уақыттары бола бермейді. Уақыт тапқан күннің өзінде ұзын-сонар кезекке тап болады. Ал біздің осы шарамыз қала жұртшылығы үшін жақсы мүмкіндік. Мұндайды қазіргі заманның тілімен айтсақ, шетелдерде «check-up» деп атайды. Осы күнге дейін хабар­ландыру беріп, көпшілікті құлақ­тандырдық. Соның нәтиже­сінде қазір ауруханамызға қаншама адам жүгінуде, – дейді ол.

????????????????????????????????????

Сонымен қатар, бас дәрігер жақында Қарттар күні өткенін, соған орай аудандағы қарттардың жағдайын біліп, әлеуметтік көмек көрсетіп, сый-сияпат жасағандарын айтты.

Жүрек дәрігерлеріне жүгінгендер жетерлік

Ауруханаға бас сұққан адам­дардың көбі кардиолог дәрігердің қабылдауынан шы­ғып жатыр.
Кардиологтардың кабине­тінде төрт дәрігер жұмыс істеді. Көппен бірге біз де кіріп, қан қысымымызды бір тексертіп көрдік. Жүрек дәрігері Айжан Еркінбекова жағдайымызды қалыпты деді. Ол таңертеңнен бері келгендердің арасында қан қысымы тым көтеріліп кеткен бір адам келгенін айтты. Бірақ ол кісі ауруханаға жатқысы кел­мейтінін айтып, ат-тонын ала қашыпты. Енді оған қандай дәрі қабылдауы және үйде қалай күтінуі жөнінде кеңес беріліпті.
– Көп науқастың жергілікті емханаға көрінуге мүмкіндігі болмайды. Бас дәрігердің бастамасымен өтіп жатқан шарамыз қала емханаларындағы кезекті сәл болса да азайтуға септігін тигізеді. Біздің кабинетте кардиологтар қызмет көрсетіп жатыр. Мен бір жарым сағатта жеті адамды қарадым, – дейді Жедел кардиохирургия және кардио­логия орталығының басшысы Сейіл Мұхаметқалиев.
Бәдуан Имашұлы есімді қала тұрғыны осындай акция өтетінін естіп, аяғының қантамырларын тексертейін деп келіпті. Өзінің айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын аяғына операция жасалыпты. Зейнеткер қазір жағдайы тұрақты болса да, мұндай мүм­кіндік туып тұрғанда дәрігер­дің алдынан бір рет өткеннің артықтығы жоқ екенін айтады.

Қан тапсырып та үлгерді

Ғимараттың екінші қаба­тын­дағы әр есік – әр дертке бір дауа. Өйткені мұнда аурухананың тәжірибелі, білікті мамандары қызмет көрсетті. Келушілердің диагностикалық жағынан ғана қарап қоймай, зертханалық тексеру жүргізілді.

kbb_9770
– Кеуде патологиясымен келген адамдарды қабылдап жатырмын. Өзім хирургпын. Таңертеңнен бері қабылдағандардың ішінде бір адамға ерекше ем қажет. Диагнозының қандай екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ ол кісінің жағдайын жақсылап қадағалау керек. Біз ем жүргізуді қалай жалғастыру керектігі жөнінде кеңесімізді айттық. Осындай акцияның арқасында қаншама адам дертінің дерегін біліп қалады, – дейді дәрігер Ғалымжан Жанмұғамбет.
Дәрігерлердің сөзіне құлақ түргендердің біразы емшара кабинетіне қарай аяңдады. Бұл жаққа да кезегін күткендер көп.
Емшара кабинетінде жұмыс істеп жатқан Тоқтагүл Әбиева есімді мейірбике екі сағаттың ішінде 20-дан аса адамның қан тапсырғанын, анализ нәтижесі 40 минуттан соң белгілі болатынын айтты.

Осында қан тапсырған Рымбала Бисембаева атты зейнет жасындағы қала тұрғыны мұндай шараға алғаш рет келіп отырғанын, УЗИ-ден өткенін, дәрігердің жақсы қарағанын айтты. Сондай-ақ, әжей өз ауданындағы дәрігердің дұрыс қызмет көрсетпейтінін де жеткізіп, назын білдірді. Көпшілік ризашылық білдірген акция таңертең ерте басталып, түскі сағат 13.00-ге дейін жал­ғасты. Бұл күні аурухана барлығы 174 пациентті қарады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × four =