ЕМ ДОМЫ ЕРЕК ЕЛОРДА

0 101

Тұрғындарының ғұмыр жасы ұзарып келеді

Астана қаласының денсаулық саласында ілгерушілік бар. Елордада бұрын-соңды болмаған денсаулық сақтау нысандары іске қосылып, олар ірі медициналық кластерді құрап отыр. Емдеу мекемелерінің бәрі заманауи құрылғылармен жабдықталды. Осы саланың жетістіктерін сандармен айшықтап көрейік.

Елордалықтардың өмір жасы ұзарды

Адамның тұрмыс және денсаулық сапасының артқаны оның өмір сүру ұзақтығынан және туу көрсеткішінен де білінеді. Осыдан 15 жыл бұрын астаналықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 67 жас болса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 73 жарым жасқа жетті. Мамандар астаналықтардың ғұмыр жас ұзақтығы алдағы үш жылда 74,5 жасқа дейін жетеді деп болжап отыр.

Ал, елорда тұрғындарының табиғи өсімі бүгінгі уақытқа дейін 6 есеге артты. Егер 2009 жылы Астанада 12 710 бала дүниеге келсе, 2012 жылы 21 266 сәби дүниеге есігін ашты. Соңғы төрт жыл ішінде Астанада 70 мың бала туды. Нақты санмен айтсақ, 1998 жылы 4191 нәресте дүниеге келсе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 5 есеге көбейіп, 21266 болды.

Ал, биылғы алты айдың ішінде туған нәрестенің саны – 10788

Медициналық ұйымдардың әлеуеті

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, қала бойынша барлық емдеу мекемелері қайта жарақтандырылған және жаппай жөндеуден өткізілген. Соңғы үш жылда Астанада 8 аурухана мен емхана іске қосылды.

2013 жылдың соңғы алты айындағы мәлімет бойынша, қалада 32 медициналық ұйым жұмыс істейді. Соның ішінде 14-і – аурухана, 9-ы – емхана, 1-еуі – қалалық жедел жәрдем стансасы, 2-еуі – медициналық білім мекемесі болса, 6-уы басқа да емдеу нысаны.

Бұдан өзге, елордада республикалық деңгейдегі 9 аурухана және 7 ведомстволық ұйым, 2 жекеменшік аурухана мекемесі, 8 жекеменшік амбулаторлық-емханалық кешен бар.

2013 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша, стационарлық көмек көрсететін ұйымның саны 35-ке жеткен.

Қазір қалада жүргізіліп жатқан 7 құрылыс нысанның үшеуі емхана мекемелері болып отыр. Екі нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Бұдан өзге, Қабанбай батыр даңғылы мен №30 көше қиылысында 250 орындық қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, 250 орындық дәрігерлік-әлеуметтік оңалту орталығы, 150 адамды бір мезетте қабылдайтын емхана, амбулаторлық-емханалық кешеннің (яғни, бір кезекте 350 келушіні қабылдайтын ересектер және 150 келушіні қабылдайтын балалар емханасы) жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың қыркүйек айында «Железнодорожный» кентінде Туберкулезге қарсы диспансер құрылысы басталды.

Сол жағалауда бой көтеретін амбулаторлық-емханалық кешеннің жобасы бекітіліп болған. Енді мемлекеттік сараптамалық анықтамасы әзірленуде.
2017 жылға дейінгі жоспар бойынша барлығы 15 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде ауысымына 750 адамды қабылдай алатын 5 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 1000 келушіні қабылдауға мүмкіндігі бар 5 амбулаторлық-емхана кешені және 1000 орындық 4 стационар іске қосылмақ. Сондай-ақ, 2017 жылы табиғи балама дәрі-дәрмек өндіретін фармацевтикалық фабрика пайдалануға берілмекші.

Білікті кадр – сапалы қызмет

Биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, қалаға қарасты 32 медициналық ұйымда 2839 дәрігер мен 4759 медбике жұмыс істейді. Соның 7 мыңы –әйелдер. Демек, елорданың денсаулық сақтау саласын дамытуға нәзік жандылардың үлесі мол.

Кадр жетіспеушілігі – бас шаһардың медицина саласына да қатысты мәселе. Тиісті мекеме өкілдері қол қусырып отырған жоқ. Түйткілді мәселенің түйінін шешу үшін көптеген жұмыс қолға алынған. Басқарма медициналық жоғары оқу орындарында өткізілетін бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне тұрақты түрде қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы емханалар мен ауруханаларға қажет мамандар туралы мәлімет беріп отырады.

Астана адамдарының амандығын басты мақсат еткен ақ халаттылар білікті кадр – елге сапалы қызмет көрсетудің бір көрсеткіші деп санайды. Сол себепті кадрлардың біліктілігін жетілдіруді ерекше назарға алған.

2013 жылы осы мақсатқа және денсаулық сақтау саласын біртіндеп халықаралық стандартқа жүйелі түрде көшіруге республикалық және жергілікті бюджеттен 165 444 800 теңге бөлінген екен. Осы қаражат есебінен 2013 жылдың алғашқы 5 айында 973 маман алыс-жақын шет мемлекеттерде біліктілікті жетілдіру курсынан өтіп келген. Оның 62,6 пайызы Ресей, Израиль, Корея, Франция, Италияға барып, тәжірибе алмасқан. Медбикелік жұмысты дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің тобы өз салаларына қатысты тақырып бойынша Финляндияда біліктілігін жетілдірген. Енді олар тәжірибелерін елордадағы амбулаторлық-емханалық қызметтер жүйесіне енгізбекші.

Сондай-ақ, биыл Сеул, Литва, Корея және Ресей медициналық жоғары оқу орындарымен өзара әріптестік туралы меморандумдарға қол қойылды. Болашақта астаналық дәрігерлер мен медбикелер осы елдің мамандарымен бірлесе жұмыс істейтін болады.

Биыл шетелдің айтулы мамандары жүргізген шеберлік-кластары мен көшпелі циклдік жиналыстарына 230 тыңдаушы қатысқан. Шеберлік-кластар негізінде астаналық ақ халаттылар шетел мамандарымен бірлесіп, инновациялық әдістемелерді қолдана отырып, хирургиялық оталар жасады. Сөз орайында айта кетейік, бүгінде елорданың ауруханаларда операциялар заманауи технологиямен жасалып жүр. Жыл өткен сайын оның саны арта түскен. Айталық, заманауи әдіспен 2011 жылы 1132 ота жасалса, былтыр оның саны 1738-ге көбейген. Ал осы жылдың соңына дейін 1902 ота жасалмақшы.

Елордаға білікті дәрігерлер мен медбикелерді тарту үшін олардың әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында да бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, қалалық әкімдік медициналық қызметкерлерге арналған отбасылық жатақхана салуды көздеп отыр.

Алайда, тиісті мекеме кадр жетіспеушілігін шешудің жолдарын қарастырса да, Астанада бұл мәселенің түбегейлі шешімін табу қиын. Оның бір себебі, ақ халаттылар ақшасы аз қалалық аурухана мен емханалардан гөрі жалақысы көп республикалық және жекеменшік медициналық ұйымдарды жағалағанды жөн көреді.

Республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, биыл Астана қаласының медициналық қызметкерлермен қамтылу деңгейі

10 мың адамға шаққанда мынадай көрсеткішке ие:
Дәрігерлермен қамтамасыз етілуі – 37,35 пайыз, медбикелер – 63,64 пайыз.
Яғни, бүгінде елордада 2481 медициналық қызметкер жетіспейді, соның 1064-і – дәрігерлер.

Әзірлеген: Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 1 =