©2020 Астана Ақшамы
Елжанды Ернат
Астаналық журналист «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елорданың 20 жылдығына арналған «Алаштың Астанасынан – Алаштың Ақтоғайына» атты велошеру өткізуді жоспарлады.
Биыл елордамыздың 20 жылдығы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайұлы сияқты Алаш арыстары, Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова сияқты қазақтың бұлбұлдары туған киелі топырақ – Ақтоғай ауданының 90 жылдығын тойлаймыз. Астаналық журналист, Алаштың айтөбел ақыны, журналистика жампозы Жеңіс Қашқыновтың артында қалған тұяғы Ернат Қашқынов ел өміріндегі айтулы екі мерейтойға өз үлесін қосып, 500 шақырымдық велошеру өткізуге дайындық жасап жатқанын хабарлады.
«Өзім Ақтоғайда туғандықтан және қазір Астана қаласында тұратындықтан, осы қос үлкен мерейтой аясында арнайы велошеру өткізуге ниет еттім. Бұл идеяның басыма келгеніне біраз жыл болды. Велосипедті тақымдағаныма биыл 4 жылға аяқ басып барады. 2015 жылдың сәуір-мамырынан қыркүйек-қазан айына дейін жұмысыма және түрлі шаруаларға осы жүйрік көлігіммен қатынаймын. Астана маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Қояндыға велосипедпен барып-қайттым. Күніне кем дегенде 20 шақырым жүруге әдеттендім. Еш алқынбай, терге малшынбай, ентікпей, бабымен, тоқтаусыз жүріп отырсам, 1 сағатта 20 шақырымды оп-оңай еңсере аламын. Сондықтан 500 шақырымдық велошеруге дайынмын деп сенемін. Арасында аялдап, тынығып, асықпай аталған қашықтықты бірнеше күнде жүріп өтуге болады. Алла жазса, бұл өзім үшін үлкен тәжірибе және бір мақсаттың орындалғаны болып саналады» деп жазды Ернат өзінің Фейсбуктегі парақшасында.
Ол аталған велошерудің де негізгі мақсаттарын да ашық көрсетіпті.
«Алаштың Астанасынан – Алаштың Ақтоғайына» велошеруінің мақсаттары:
1. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жалпыұлттық, стратегиялық мақаласының аясында «Туған жер» бағдарламасынасәйкес
елордамыз Астананың 20 жылдығын және туған жерім – Ақтоғай ауданының 90 жылдығын кеңінен насихаттауға үлес қосу. Өзімнің және өзгенің патриоттық сезімін шыңдау. Тарихын, елін, жерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, текті тұлғалардың өнегелі істерін тану және таныту. Ата-бабамыз арғымақпен аралаған аумақты екі аяқтың күшін, шыдамдылықты, табандылықты қажет ететін велосипедпен жүріп өткім келеді.
2. Спортпен кәсіби түрде айналыспайтын тұрғындар мен жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеу, физикалық дамуға, денсаулығын жетілдіруге, жалпы өмір тәртібін реттеуге бел шешіп кірісе алмай жүрген адамдарға шабыт беру, ұлт саулығын өзінен және жақындарынан бастауға назар аударту, денсаулықты құртатын зиянды әдеттерден жирендіру, ерік-жігерді кемелдендіру.
3. Табиғат пен қоршаған ортаның тазалығын аялау. «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде көтерілген бастамаларды науқаншылдықпен емес, баянды қылу тұрғысынан қазақ өміріне енгізу.
Ернаттың айтуынша, «Алаштың Астанасынан – Алаштың Ақтоғайына» атты велошерудің негізгі бағдары мынадай: Астана – Осакаров – Қарағанды – Ақсу-Аюлы – Ақтоғай. Велошеруді өткізетін қолайлы уақыт белгіленеді. Велошеруге дейін ұзақ қашықтықтарға жүріп, бірнеше дайындық сапарын жасаймын» дейді әріптесіміз. Ернаттың тамаша бастамасын қолдап, велошеруге қатысамын дейтін жандар табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Төлен ТІЛЕУБАЙ