ЕЛТАҢБАҒА ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ

0 572

ERA_9049

Бұрнағы күні Астана қаласы әкімдігі жанын­дағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Қала әкімінің орынбасары Аида Балаева төрағалық еткен жиында Мемлекеттік Елтаңбаны пайдаланудың стандартын сақтау мәселесі талқыланды.

Басқосуды ашып, жүргізіп отырған А.Ғалымқызы бұл мәселенің бұған дейін де бірнеше мәрте көтерілгенін айтты. «Мемлекеттік рәміздерді басып шығаратын лицензиясы бар мекемелер ұлт нышандарының бастапқы нұсқасының бұзылуына жол берген. Осының салдарынан елімізде Тудың, Елтаңбаның бастапқы стандарттан ауытқыған нұсқалары пайда болды. Сондықтан аталған мәселе жоғары құзырлы органдар тарапынан қаралып, түсіндіріліп, жаңа стандарт бекітілді» деді комиссия төрайымы. Аида Балаеваның айтуынша, Мем­лекеттік Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттары 2015 жылдың

1 шілдесі мен 2017 жылдың 1 шілдесі аралығында күшіне енеді. Осы уақыт аралығында өндірушілер өз өнім­дерін өзгертіп, барлық мекемелер Елтаңбаны пайдаланудың жаңа стандарттарына көшуге тиіс.

Отырыс барысында Қазақстан стандарттау институты дирек­торы­ның орынбасары Нұртас Өтешев сөз сөйледі. «Уақыт өте кез келген мем­­лекеттік таңбаның өзгеріп, ес­кіруі – заңдылық. Елтаңба да сон­дай. Бұл стандарттарды енгізу жұ­мысы 2010 жылы қолға алынған бо­латын. Нәтижесінде, негізгі алты өзгеріс енгізілді. Олар Ел­таңбаның түрі, түсі, пішініне байланысты. Сондай-ақ, үш жыл кепілдік мерзімі де бекітілді» деді ол.

Жиында Мемлекеттік Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков өз қо­лынан шыққан рәміздің құнды­лық­тарын әңгімеледі. «Елтаңбада жетпіс екі уық бар. Оның біреуі кем болса, стандартты сақтамаған болып есептеледі. Мүйіздердің жеті сақинасы бар. Бұл әр ұрпақтың жеті атасын білу дәстүріне саяды. Керегелердің де орналасу тәсілдері бар. Ол қазақтың ұғымында үлкен мәнге ие. Оның босағасы бар, босағасында тұрған қиықтары бар, қошқар мүйіздер бар. Солардың бар­лығы Елтаңбамыздың қуатты және қасиетті екендігін біл­діретін белгілер» деді сәулетші.

Елтаңба қазақ халқына жиырма жылдан бері қызмет етіп келеді. Жаңа стандартқа сәйкес ол алтын түстес, ал, астары аспан түстес болуы керек. Сонымен қатар Елтаңбаның бөліктерінің қырыққа жуық атауы бар.

Басқосу соңында мемлекеттік рәміз өндірушілерімен жеке семинар өткізу тапсырылды. Бұл – өнімді кең таралымға шығармас бұрын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қаржыны үнемді пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кету керек, елімізде мемлекеттік рәміздерді шығаратын қырық шақты мекеме тіркелген.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =