Елорданың тазалық емтиханы

0 135

Шаһарды сергіткен сенбілік  

20 cәуірде Астанада жал­пы­қалалық сенбілік өтті. Оған жалпы саны сексен мыңға жуық адам қатысты, үш жүзге тарта техника жұмылдырылды 

10 сәуірден 10 мамырға дейін жарияланған экологиялық айлықтың алғашқы бұқаралық акциясы 20 сәуірге әдейі орайластырылғанын айта кетейік әуелі. Өйткені, екі күннен кейін, яғни, 22 сәуірде бүкіл әлем бойынша Жер күні аталып өтілді. Сонау 1970 жылы Гейлорд Нельсон дейтін америкалық сенатордың табиғатты күтіп-баптауға үндеген оң ниетті бастамасын белсенді студенттер, қараша халық іліп әкетіпті-мыс. Соның арқасында АҚШ-та қоршаған ортаны қорғауға қатысты бірталай заңнамалық акті қабылданып қалған. Алайда, БҰҰ барша адамзатқа ортақ осынау Жер-ана мерекесін ресми түрде халықаралық деп күні кеше ғана, яғни 2009 жылы жариялады. Егер тарихи әділеттілікке жүгінсек, дәл осы күні бүкіл он бес одақтас республикада жүретін Лениндік сенбіліктің дәстүрге айналу тарихы бұдан да әрі де жатыр еді ғой. Бірақ, ол дәуір тарихтың еншісінде кеткен. Одан қалған сенбілік дейтін жақсы дәстүрдің мәртебесі бүгін жаһандық деңгейге көтерілсе де, бұқаралық сипаты сол қалпы бұзылмай келеді. Осылайша кешегі сенбілікке, бүгінгі Жер күніне 51°11′00″ солтүстік ендік, 71°24′00″ шығыс бойлықта жатқан Астана жұрты да жаппай атсалысты.

Ырымалды шара ботаникалық бақтан басталды

Сенбіліктің ырымалды, ырыс басы шарасы Есілдің сол жағасында, Қабанбай батыр даңғылының бойындағы стадиондарға қарама-қарсы орын тебетін болашақ ботаникалық бақтан бастау алды. Мұндағы қара-құра халық, негізінен, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері екенін тек әр жерге қадаған тақтайша жазуларынан ғана оқып білуге болады. Өйткені, бәрі сықиған кеңсе киімін тастап, жау киімін киіп, жұмыла жұмысқа кіріскен.

Президент әкімшілігі, «Нұр Отан» ХДП-ның аппараты, бірнеше министрлік, Астана қаласының әкімдігі мен Мәслихат аппараты түгелдей осында жиналыпты. Қолдарында кетпен, күрек. Қара топырақтан зембілге көсіп салып, алдын ала әкелініп қойған тал-дарақтардың түбіне жаймалап төгіп, суарып жатыр. Жұртшылықпен бірге жаңа саябаққа көкөрім тал-дарақты қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек те отырғызды.

Президент әкімшілігінің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов: «Елбасы Астанамызды көшірерде саябақ, жасыл желек көп болады деп еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын оң жағалауда осылай ағаш еккеніміз есімізде. Қазір олар жапырақ жайып кетті, енді, міне, Сол жағалауға терек отырғызып, үлесімізді қосып жатырмыз, – деп тілегін білдірсе, Астана қалалық Ревизиялық комиссиясының бас ревизоры Рымбек Әбділманов:

– Ұжымымыздан отыз бір адам түгелдей келдік. Таңертеңнен бері өзімізге бөлініп берілген жиырма шақты теректі отырғыздық. Осы жер ертең жайқалған баққа айналғанда, бала-шағамызбен келіп саясында демалғымыз келеді, – дейді.

Расында, бүгін алғашқы шыбығы қадалған ботаникалық бақ астаналықтардың сейілдеуге жиналатын ерекше демалыс орны болмақ. О баста қаланың Бас жоспарын жасаған жапон сәулетшісі Кише Курокаваның жобалауы бойынша қала табиғатпен етене, ғылым тілімен айтсақ, симбиоздық үйлесім табуы тиіс. Қазірдің өзінде елордада «Астаналық», «Арай», «Жерұйық» сынды желегі майысқан бақтар бар, ал аумағы 100 га болатын Мемлекеттік ботаникалық бақ Expo-2017 көрмесіне дейін салынып бітпек.

– Әуелі ҚР Білім және ғылым министрлігінің ботаника және фитоинтродукция институты осы өңірді жерсінетін өсімдіктер мен ағаштардың ғылыми негізделген тізбесін жасады. Оған Қазақстанда өсетін, Арқаның климаттық жағдайына тән 46 түрлі өсімдік кірді. Саябақтың 64 гектары жасыл желекке, 4,5 гектары ғимараттарға, 5 гектары тоғандар мен субұрқақтарға бөлініп отыр. Мұнда баламалы қуат көздері қолданылатын болады. Биіктігі 25 метрдей, диаметрі 75 метрлік күмбез тәріздес жабық тәлімбақтарда тропикалық өсімдіктер күтіп бапталады, – дейді жобамен таныстырған қала әкімінің орынбасары Василий Крылов.

Қала бойынша 2500 түп ағаш отырғызылды

Бір аңғарғанымыз, ағаштардың дені қаланың сыртына таман егіліп жатыр. Егер Астананың ішіндегі ақшұнақ аяз жылдан жылға сынып, шаһар ішінде айрықша микроклимат қалыптасып келе жатса, осындай жұмыла еккен тал-теректің қалқасының арқасында екені рас. Мысалы, Алматы ауданына қарасты аумақтарда тал-теректер Александр Пушкин көшесімен Алаш Тас жолын біріктіретін магистралды айналма жолдың бойына егілді. Мұнда, аудан әкімдігімен бірге «Нұр Отан» ХДП-ның Астана қалалық бөлімшесі және бірнеше оқу орнының жастары еңбектеніп жүр. Қалалық партия филиалы төрағасының орынбасары Сапар Ахметов:

– Бұқаралық сенбілік – қаламыздағы жыл сайын ұйымдастырылатын өте маңызды шара. Соған біздің «Нұр Отан» партиясының Астана қаласының филиалы, бастауыш партия ұйымдары тайлы-таяғымыз қалмай, қаламызды көркейтуге аз да болса үлесімізді қосайық, күнделікті кеңсе жұмысынан сәл де болса бой жазайық деп шықтық, – дейді. Ал Еуразия гуманитарлық колледжінің жастар ісі комитетінің төрайымы Нұрзат Дүйсекованың айтуынша, оқу орнынан сенбілікке 25 студент келді. Қыздар-жігіттер мерекелік көңіл ауанымен азаннан бері отызға тарта терек егіп тастады.

Әскерге шақырылушылар мен шетелдіктер қатысты

Сарыарқа ауданының тұрғындары да бұл күні сенбілікке белсенді қатысты. Әсіресе, оған өз ықыластарымен осы көктем әскерге шақырылатын бозбалалар мен шетелдік компания өкілдері үлес қосқанын атап өткіміз келеді.

– 23 сәуір күні әскерге шақырылғандарды аттандыруға орай салтанатты шара өтеді. Сол күннің қарсаңында, бір жағынан патриоттық тәрбие болсын, екінші жағынан ертең әскерден келгенше жайқалған баққа айналсын деген ниетпен әне-міне отан алдындағы борышын өтеуге шақырылатын, тіркеуге алынған бозбалаларды арнайы осында әкелдік. Бұл жерді әскерилер аллеясы деп атамақ ойымыз бар, – дейді Астана қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Бақтияр Пернебеков.

Genaral Electric Kazakhtan компаниясының директоры Дэвид Зикарди:

– Астана қаласына жұмыс бабымен оқтын-оқтын келіп-кетемін. Соңғы келгеннен бері Астанада тұрып жатқаныма 200 күндей болып қалды. Сондықтан, бауыр басып қалған қаланың тазалық шарасына қатыспай отыра алмадым. Өзім туып-өскен Пенсильвания штатында да мұндай игі шара жиі ұйымдастырылып тұрады. Көрші-көлеммен бірігіп үй айналасын тазалау бізде де дәстүрге айналған, – дейді.

Сол күні қаладан 509 текшеметр қоқыс шығарылды. Қала әкімінің орынбасары Василий Крыловтың айтуынша, Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті 152 ластанған жерді алдын ала анықтап, коммуналдық қызмет мекемелерінің күшімен қоқыстың негізгі бөлігі шығарылып тасталған. Ал, халықты жаппай сенбілікке шығару тұрғындар өзінің тұрмыс ортасына таза, ұқыпты қарасын деген ниеттен туып отыр. Әрі бір қуанатыны, жылдан жылға өз еріктерімен көшеге шығып, көптеп-көлемдеп қаланы қоқыстан тазалап, абаттандыруға атсалысушылар саны артып келеді.

Әділбек ЖАПАҚ

«Арай» бағын абаттандырды

Жалпықалалық сенбілікке Астана қаласы Жастар саясаты басқармасы белсене атсалысты. Басқарма ұжымы Есілдің сол жағалауындағы «Арай» саябағын қоқыстан тазартып, абаттандырды.

Күн арқан бойы көтерілгеннен шаруаға кіріскен мекеменің алпыс­тан аса қызметкері сая­бақ­тың өздеріне тиесілі аумағын тырма­лап,­ артық шөп-шаламнан арылт­ты. Қыс бойғы қоқыстарын жи­нап,­ арықтарын ретке келтірді.

Жастарды бастап, жұмысқа ұйымдастырып жүрген жастармен жұмыс бөлімінің бастығы Абат Мақановты аз-кем әңгімеге тартқанбыз. «Астананың тұрғын­да­рының көбісі жастар ғой. Яғни, бас қаланың тірегі де жастар болмақ. «Жас келсе іске…» деген тағы бар. Міне, бәрі де елорданың көркеюі үшін жандарын аямауда.

Астананың жастары «Араймен» ғана шектеліп қалған жоқ. Басқа да көше бойларын, саябақ­тар­ды, аулаларды абаттандыруда. Қаланың әсемдігі арта беретініне сенемін» дейді Абат Лепесұлы.

Жастар саясаты басқар­ма­сы­ның ұжымы осы сенбі­лік­те саябақтан 2,5 тонна қоқыс шығарды.

Асхат РАЙҚҰЛ

Дәрігерлер ұйымшылдық танытты

Сенбі күні елордалық денсаулық сақтау мекемесінің 600 қызметкері қала көшелеріне шығып, жалпы­қа­лалық сенбілікке қатысса, 5000-ға жуық дәрігер өзде­рін­е қарасты аурухана, емхана аумағын тазала­ды.­

Бұл күні ақ халатты абзал жандар Мәскеу көше­сін,­ Бейбітшілік көшесін, Республика және Бөгенбай даңғылы аумағын күл-қоқыстан тазарт­ты. Қалалық перзентхана қызметкерлері түнгі жұмыс ауысымынан шыққанына қара­мас­тан, көтеріңкі көңіл-күймен ағаштарды әктеп, көшелерді сыпырып шықты. Ал бас қала­ның жедел жәрдем стансасынан сенбілікке 97 адам қатысты. «Біз әр сенбі сайын өз ғима­ра­ты­мыз­дың айналасын жинап, тазалауды дәстүрге айнал­дыр­ғанбыз. Бүгін төрт көшенің келбетіне көрік беруге атсалыстық. Ұжымның барлық қызметкерлері ұйымшылдық таныта білді» дейді стансаның бас дәрігері Жанат Исмаилова. №2 емхана қызметкерлері де қарап қалмады. Олар күрделі аумақты жинауға кірісіп кетті. Дүкенұлы көшесін және Лесозауыттағы 2 емхана филиалы аумағын, Молдағұлова көшесін тазалады. Қоқыс қалдықтары көп жиналып қалған бұл аумақ сала мамандарының көмегімен ретке келтірілді.

Гүлмира Шарханқызы

Жұмыла көтерген жүк

Қайнаған еңбек күні Абай және Республика даңғылдарын тазалауды  Тілдерді дамыту басқармасы мықтап қолға алды. 

Жұмыла көтерген еңбек өнімді болатыны белгілі. Дәстүрге айналған жалпықалалық сенбілікте басқар­ма­ның отызға жуық қызметкері, инновациялық «Зерде» тілдерді дамыту орталығы мен «Руханият» орталығының ұжымы өздеріне тиесілі аумаққа тазалық жұмыстарын жүргізді. – Қала тазалығын сақтау кез келген Астана тұрғыны үшін маңызды. Мен мұндай еңбектің БАҚ өкілдері тарапынан қолдау тауып, кеңінен насихатталып жатқанына қуанамын. Кейде қарбалас қызу тірлікке салынып, әріптесіңнен хал сұрауға да мүмкіндік болмай жатады. Ал, сенбілік жұмыстан тыс уақытта жағдай сұрасып, бір-біріне көңіл бөлуге де мүмкіндік береді, – дейді Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Ербол Тілешов.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Қомақты үлес қосты

Өткен сенбіде Астана жұртшылығы жалпықалалық сенбілікке шықты. Жыл сайын ұйымдастырылатын тазалық күнінде қаланы күл-қоқыстан тазартып, көшет отырғызу дәстүрге айнал­ған. Осы жолғы игі шараға да еңбектеген баладан, еңкей­ген­ қарияға дейін өз үлесін қосты. Қала тұрғындарымен қатар, Астананы абаттандыруға Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасы мен ведомствоға қарасты меке­ме­лердің қызметкерлері де атсалысты.  

Аталмыш мекеменің ұжымы «еңбек мерекесіне» ерекше дай­ын­­­дық­пен келіпті. Олар Иманбаева мен Отырар көшелерінің шектесетін аумақтарын және Ғаб­­дул­­­лин көшесін тазалады. Көше бойындағы қоқыстарды жинады. Қолдарына күрек алып, ағаш­тар отырғызды. Жинал­ған­дар­­дың бар­лы­ғы бұл шарадан шет қал­май қызу қимылдап қалуға тырыс­ты. Шараға

Астана қаласының Қарттар мен мүгедектерге арналған медици­на­лық-әлеуметтік мекемесінен жұмыс­шылар және мемлекет қам­қор­лығына алынғандардан – 130 адам, Астана қаласының Бала­лар психоневрологиялық медици­на­лық-әлеуметтік мекеме­сі­нен – 90 адам, Астана қаласы­ның Психоневрологиялық медици­на­лық-әлеуметтік мекемесінен – 85 адам, Қарттар мен мүгедек және мүгедек балаларға арналған оңалу орталығынан – 30 адам, Жұмыспен қамту орталығынан – 45 адам, Астана қаласының Белгілі тұрағы жоқ тұлғаларға арналған әлеу­меттік бейімдеу орталығынан 35 адам қатысты.

– Жыл санап сенбілікке шығу­шы­лар қа­ра­сы көбейіп келеді. Мұн­ың тәрбиелік мәні де жоғары. Қала тазалығын сақтау кез келген Аста­на тұрғыны үшін маңызды, – дейді қатысушылар.

Еркежан СӘТІМБЕК

Білім қызметкерлері біркісідей қатысты

Жалпықалалық сенбілік күні Білім басқармасының 80 қызметкері Бейбітшілік, Ә.Жангелдин, М.Әуезов көшелерінің өздеріне тиесілі бөліктерін күл-қоқыстан тазалап, қаланың көркін келтіруге өз үлестерін қосты.

Білім басқармасының қызметкерлері таңертеңгі сағат 8.00-ден Бейбітшілік көшесі, 30-үйдің маңайына жиналды. Мекеме басшысы Әсима Бимендина бастап, қолдарына күрек, кетпендерін ұстаған білім мамандары бірден жұмысқа кірісіп кетті.

Әсима Темкеқызының айтуынша, сенбілік өскелең ұрпақты туған қаласын, елі мен жерін сүюге үндейді. Бүгінде елорданың өрендері көшесі тазаның – көңілі таза екендігін, айналаның айнадай жарқырап тұруы әр тұрғынға оң әсер ететінін ұғынған. Дәстүрлі түрде өткізілетін сенбілік жұмыстарына олардың белсене қатысуы да сондықтан. Басқарма мәліметіне сүйенсек, 20 сәуір күнгі тазалық жұмысына 800 мыңға жуық білім саласының өкілі жұмылдырылған. Соның ішінде Сарыарқа ауданынан – 36 322, Алматы ауданынан – 35 379, Есіл ауданынан – 5937 педагог пен оқушы қатысты. Бұған, тағы басқарманың 80 қызметкерін қосыңыз.

Жалпы биылғы сенбілікке Білім басқармасы ерекше дайындалғанға ұқсайды. Тазалық айлығы аясында олар 4 акция өткізіп үлгерді. Атап айтқанда, оқушылар өздері айналасын тазалауға қауқары жоқ соғыс ардагерлеріне қолғабыс жасап, аула маңайын, тіпті, пәтерлерін де тазалап берген. Бұған қоса, «Қайырымды істер академиясы», «Таза қала – 2013» және «Біз отбасымызбен таза аулада тұрғанды қалаймыз» атты акциялар ұйымдастыруда.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Театр айналасы тазаланды

Астана қаласы Мәдениет бас­қар­масына қарасты 23 меке­менің мың жарымға жуық қыз­мет­кері жалпықалалық сен­бі­лік­ке қатысты.  Солардың бірі – Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы. 

Көктем келісімен, бұлақ көзін ашып, ағаш отырғызу театр ұжымының игі дәстү­рі­не айналып үлгерген. «Таңер­тең­нен кешке дейін кеңседе отыратын қызметкерлер үшін бұл өзіндік дене шынықтыру десек болады. Ал, елорда тұр­ғы­ны ретінде қала тазалы­ғы­на, жұмыс істейтін мекеменің тазалығына бей-жай қарай алмаймыз. Сондықтан, сенбілік қала тазалығын сақтауға үлес қосуға бірден-бір мүмкіндік береді. Сенбілік өткізу апта сайын дәстүрге айналатын болса, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын», – дейді Қ.Қуа­ныш­баев атындағы акаде­мия­лық қазақ музыкалық драма театрының баспасөз-хатшысы Әсем Чапай.

Гүлмира Шарханқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − 3 =