ЕЛОРДАНЫҢ МӘДЕНИ МЕНЕДЖМЕНТІ

0 147

aeac9ebb70ab6f44e2c263461d727879

Астана күні мерекесі жақындап қалды. Нақ сол күні ашылатын Ұлттық мұражай – тек көлемі жағынан емес, мазмұны жағынан дүниежүзіндегі ең ірі рухани орда болмақ.
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі алаңында осындай жаңалықты жеткізген Мәдениет министрі Арыстанбек­ Мұхамедиұлы елордамыздың мәдени тынысы жайлы баяндады.

2016 жылдың сәуір айында елорданың көрікті жерінде Қазақстанның ұлттық хореографиялық академиясы бой көтереді. Сол жылдың мамырында оқушыларды қабылдай бастайтын оқу орны қыркүйекте нақты жұмысқа кіріседі. Бұл – Орталық Азиядағы би өнеріне баулитын ең үлкен мәдени ошақ болмақ.

Осындай нысандардың ашылуы мәдениет және өнер саласында жүрген дарынды жастардың шығармашылық тұрғыдан өсуіне мол мүмкіндік береді. Мәселен, былтыр ғана ашылған «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры прима-балеринасы Әйгерім Бекетаева Ресейдің атақты хореографы Борис Эйфманның труппасына қабылданып, Венгрияда, Англияда «Роден» балетінде басты рольді ойнайтын болды. «Астана Операның» тағы бір бишісі Мәдина Беспаева жақында Бордо театрында өнерін көрсетіп қайтты.

Талантты дирижер Алан Бөрібаев Ресейдің Үлкен театрының қойылымына қатысты. «Былайша айтқанда, дирижер болып баруға болады. Ал, қойылым қойып, сол театрмен бірге Лондонға, Израиль мемлекетіне шығып қайту –Қазақстан өнері үшін үлкен жетістік» деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Тағы бір сұрағымыз – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі кезіндегі мәдени мекемелердің қызметі туралы болды. Ол жөнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан арнайы тапсырма алғандарын тіліне тиек еткен министр көрменің мәдени бағдарламасының тұжырымдамасын дайындап жатқандықтарын жеткізіп, мәдени бағдарлама «Қазақстан – Еуразия жүрегінде» атауын алғанын айтты.

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ғимараты тар екені белгілі. Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл театр тағдырынан да хабар берді. Биыл аталмыш ұжым бос тұрған К. Байсейітова атындағы Опера және балет театры ғимаратына көшірілетін болды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four − three =